28 жастағы Ербол Хамитов қысқы Паралимпиада ойындарының алтын мен қола жүлделерін жеңіп алып, ел қоржынына тарихи жүлде салды. Тілшіміз төрткүл дүниеге көк Туымызды танытып, Әнұранымызды шырқатқан спортшының өмірімен танысып көрді.
ҚЫЗЫЛЖАР ТУМАСЫ
Ербол Хамитов 1997 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Бала кезінен ата-әжесінің тәрбиесінде өскен. Спортшы балалық шағында аздап бұзық болғанын жасырмады.
«Бала кезімнен ата-әжемнің қолында өсіп, сол кісілердің тәрбиесін алдым. Балалық шағымда бұзықтау болдым. Мені көріп отырған жас спортшыларға айтарым: өздеріңізге сеніңдер, ешқашан берілмеңдер. Әрқашан тек алға ұмтылыңдар», – дейді Ербол Ғалымкерейұлы.
2017 жылы Петропавл қаласында болған атыс кезінде Ерболдың аяғына аңшы мылтығының оғы тиіп, аяғын кесуге мәжбүр болған.
«Жастықпен қатар жігерім артып, бір сәтте абайсыз әрекетімнен аяғымнан айырылып қалдым. Нақтырақ айтсам, оқ тиіп, бір аяғым тізеден төмен кесілді. Бұл жарақат мені қатты күйзеліске салды. Дегенмен, өмірден бас тартпадым. Өзіме қиындыққа мойымайтын адам болуға уәде бердім. Өткенге өкінбей, өз жолыммен алға жылжуды жөн көрдім. Ең бастысы – ата-анамның разылығы мен үшін бәрінен маңызды», – дейді спортшы.
Ол сынаққа сынбай, бір аптадан соң спортпен шұғылдана бастаған.
«Отадан кейін бір жарым апта өткен соң үйге шығарды. Содан кейін ақырындап жаттығуларға кірістім. Бастапқыда балдақпен жүріп жаттыға бастадым. Қалай болғанда да бұл сынақ маған біраз жігер берді. Мүгедек адамдар да биік шыңдарды бағындырып жатқанын көрдім. Сондықтан, пара шаңғы және пара биатлонмен айналысуға шешім қабылдадым. Сол төккен тердің жемісін көріп отырмын. Менің ойымша, адамның басына қандай сынақ келмесін, мойымау керек. Спортта физикалық күштен бөлек, ішкі ерік-жігерің мықты болса, алынбайтын қамал болмайды», – дейді Ербол Ғалымкерейұлы.
Тарихи жеңіс: Ербол Хамитов – Паралимпиада ойындарының чемпионы
АУЫЛ СПОРТЫНАН ПАРАЛИМПИАДАҒА ДЕЙІН
Осыдан кейін Ербол Хамитов 2018 жылдан бастап пара шаңғы және пара биатлонмен кәсіби түрде айналыса бастаған. Спортты тек физикалық күш емес, ішкі ерік-жігердің де маңызды екеніне тоқталды.
«Шаңғы спортымен басынан айналысқан жоқпын. Бұған дейін ережесіз жекпе-жек, грэпплинг және джиу-джитсумен шұғылдандым. 2019 жылы грэпплингтен ересектер арасындағы ел чемпионатында вице-чемпион атандым, сондай-ақ Азия чемпионы болдым. Негізі бұл спорт түрлерін әрі қарай да жалғастыруға болар еді. Бірақ, төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындарына қатысу – менің үлкен арманым еді. Ал, грэпплинг пен джиу-джитсу Олимпиада бағдарламасына кірмегендіктен, шаңғы спортына ауысуға шешім қабылдадым», – дейді Паралимпиада чемпионы.
ОРЫНДАЛҒАН АРМАН
Ербол Хамитов 2023 жылы Әлем чемпионатында ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізіп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Сол жылы спортшы Швецияда ерекше жетістікке жетіп, пара биатлон мен пара шаңғыдан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Әлем чемпионы атанды. Сол кезде әкімдік спортшыға үш бөлмелі пәтер берді.
2025 жылы биатлоннан 12,5 км жеке жарыста Әлем чемпионы болып, паралимпиадашылар арасындағы биатлон бойынша Әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жетті. Ол басты мақсаты сыйлық емес, Қазақстан мен Әлем тарихында өз есімін алтын әріппен қалдыру екенін атап өтті.
«Есімімді Әлем және Қазақстан тарихында қалдырғым келді. Бүгін арманыма жеттім. Өзім осыдан біраз уақыт бұрын күнделігіме «Паралимпиада чемпионы болсам екен» деп жазып едім. Армандар орындалады екен», – дейді Ербол Хамитов.
Естеріңізге сала кетейік, Ербол Хамитов үшін бұл – осы Паралимпиададағы екінші медаль. Бұған дейін ол пара шаңғы жарысында қола жүлде иеленген еді. Спортшының алтын медалі Қазақстан үшін қысқы Паралимпиада тарихындағы бесінші жүлде әрі екінші алтын. Сонымен қатар, бұл – ел тарихындағы пара биатлоннан алғашқы алтын медаль.
ПРЕЗИДЕНТ ЧЕМПИОНДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биатлоншы Ербол Хамитовты Италияда өткен қысқы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атануымен құттықтады.
Президент спортшының табанды еңбек пен ерік-жігердің арқасында қиын жолды еңсеріп, керемет жетістікке қол жеткізгенін атап өтті. Бұл – шынайы құрметке лайық.
Қазақстан құрама командасының ту ұстаушысы бұған дейін шаңғы жарысынан Паралимпиаданың қола жүлдегері атанған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ербол Хамитовке жарқын жеңіс, қажымас қайрат және зор денсаулық тіледі.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Биыл 13 саны Қазақстан үшін сәтті болады. 13 ақпанда Михаил Шайдоров ел тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан алғашқы Олимпиада чемпионы болса, 13 наурызда Ербол Хамитов Паралимпиада чемпионы атанды.
Есбол ҚУАТҰЛЫ












