2026 жылғы 20 қарашада ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты бірлесіп ұйымдастырған «Орталық Азияның тарихи географиясы: ғылыми монографиялар, тарихи атлас және интерактивті карта платформасының таныстырылымы» атты ғылыми іс-шара өтті.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруымен 2023–2025 жылдары жүзеге асырылған BR21882416 «Орталық Азияның тарихи географиясы» ғылыми бағдарламасының негізгі нәтижелері ғылыми қауымдастық назарына ұсынылды.
Аталған бағдарлама Қазақстан мен Орталық Азияның тарихи-географиялық кеңістігін кешенді зерттеуге, көне картографиялық деректерді ғылыми айналымға енгізуге және тарихи мұраны заманауи цифрлық технологиялар арқылы зерделеуге бағытталған.
Үш жылдық ғылыми зерттеулер нәтижесінде әлемнің түрлі архивтері мен кітапхана қорларынан XI–XX ғасырларға жататын 200-ден астам тарихи карта анықталып, жүйеленді. Сонымен қатар төрт ғылыми монография жарық көріп, 115 картаны қамтитын тарихи атлас әзірленді және 170-тен астам картографиялық дерек енгізілген интерактивті ғылыми платформа жасалды.


Зерттеу барысында АҚШ, Еуропа және Азия елдерінің архивтері мен ғылыми қорларында сақталған араб-мұсылман, түркі, қытай, моңғол, еуропалық және орыс картографиясына қатысты құнды деректер зерделенді. Оларды тарихи жазба ескерткіштермен, археологиялық материалдармен және географиялық мәліметтермен салыстыра талдау арқылы қазақ даласы мен Орталық Азияның әртүрлі тарихи кезеңдердегі аумақтық ерекшеліктерін, елді мекендер мен сауда жолдарының орналасуын, жер-су атауларының қалыптасуы мен өзгеруін зерттеуге мүмкіндік туды.
Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен түрлі ғылыми бағыттардың мамандары қатысты.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың құттықтауын Академия вице-президенті Абай Серикканов жеткізді. Құттықтауында тарихи географияның ұлт тарихын зерделеудегі ғылыми маңызын атап өтті. «Тарихи география бізге белгілі оқиғаның қай жерде өткенін анықтаумен бірге, сол жердің оқиғаға қалай ықпал еткенін түсінуге көмектеседі».
Академия президенті Дала өркениеті мен Алтын Орда мұрасын жүйелі зерттеу, шетел қорларындағы қолжазбалар мен тарихи карталарды ғылыми айналымға енгізу жұмыстарына ерекше мән берілетінін жеткізді. Ол 2026 жылғы 16 қазанда Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының IX Бас Ассамблеясында Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы ұсынған Дала өркениетін бірлесіп зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми консорциум құру туралы келісімге алты мемлекет қол қойғанын атап өтті. Бүгінгі таныстырылымның Қазақстан мен Түркияның ғылыми ынтымақтастығын осы бағытта жалғастыруға негіз болатынын ерекше атады.
Бағдарламаның маңызды ғылыми нәтижелерінің бірі – тарихи географияның өзекті бағыттарын қамтитын төрт монографияның жарық көруі. Ғылыми еңбектерде Шығыс Дешті Қыпшақтың тарихи географиясы, XVIII–XIX ғасырлардағы картографиялық деректердегі «Қазақия» атауы, Орталық Азияның тарихи топонимдері, сондай-ақ ортағасырлық қалалар мен қоныстардың қалыптасу және даму ерекшеліктері қарастырылған.
Сонымен қатар қазақ және ағылшын тілдерінде әзірленген «Орталық Азияның тарихи географиясының атласы» ғылыми айналымға ұсынылды. XI ғасырдан XX ғасырдың басына дейінгі кезеңді қамтитын 115 тарихи карта жинақталған атлас өңірдің тарихи-географиялық дамуын, саяси шекаралардың өзгеруін және картографиялық танымның қалыптасуын салыстырмалы тұрғыдан зерттеуге мүмкіндік береді.
Жобаның ерекше нәтижесі – географиялық ақпараттық жүйелер (GIS) негізінде жасалған «Орталық Азияның тарихи географиясының интерактивті ғылыми картасы». Цифрлық платформада 170-тен астам тарихи карта жинақталып, XI–XX ғасырларда Орталық Азия аумағында өмір сүрген 40-қа жуық мемлекет пен саяси құрылымның аумақтық өзгерістерін көрсететін интерактивті уақыт шкаласы әзірленген.
Ғылыми бағдарламаның басты ерекшелігі – тарих, археология, география, картография, топонимика, деректану және ақпараттық технологиялар саласындағы зерттеушілердің пәнаралық ынтымақтастығы. Жоба аясында қазақстандық және халықаралық ғылыми басылымдарда 30-ға жуық мақала жарияланды. Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен екі халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылып, олардың материалдары жеке жинақ болып жарық көрді.
«Орталық Азияның тарихи географиясы» ғылыми бағдарламасының нәтижелері Қазақстанның тарихи-картографиялық мұрасын жүйелеуге, ұлттық тарихтың деректік негізін кеңейтуге және отандық ғылымдағы цифрлық гуманитаристика бағытын дамытуға елеулі мүмкіндік береді.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының халықаралық және пәнаралық ғылыми ынтымақтастықты қолдауы тарихи мұраны зерттеудің жаңа әдіснамалық тәсілдерін қалыптастыруға, ғылыми нәтижелерді білім беру үдерісіне енгізуге және Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Аталған зерттеулердің нәтижелері Орталық Азияның тарихи кеңістігін тереңірек тануға, ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтауға және болашақ іргелі ғылыми ізденістерге берік негіз қалайды.









