Алматы қаласындағы мемлекеттік мектептерде білім алатын 314 020 оқушының 303 653-і, яғни шамамен 85 пайызы түрлі қосымша білім беру бағдарламаларымен қамтылған. Бұл көрсеткіш балалардың тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, шығармашылық, ғылыми және спорттық бағыттарда өз қабілеттерін дамытуына кең мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Қалада қосымша білім беретін 130 ұйым жұмыс істейді. Оның 19-ы – мемлекеттік, 112-сі мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында қызмет көрсететін жекеменшік ұйымдар. Биыл жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен мемлекеттік тапсырыс аясында 10 157 бала түрлі үйірмелер мен курстарға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Қосымша білім беру бағыттары да алуан түрлі. Атап айтқанда, ғылыми-техникалық, туристік-өлкетану, экологиялық-биологиялық, көркемдік-эстетикалық, әлеуметтік-педагогикалық бағыттармен қатар, тілдік курстарды қамтитын гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық курстар бар. Мұндай бағыттар балалардың қызығушылығына қарай қабілетін ашып, болашақ мамандық таңдауға ерте бағдар береді.
Сонымен қатар, 19 мемлекеттік шығармашылық ұйым жұмыс істеп, қала бойынша 40 мыңға жуық баланы қамтып отыр. Олардың қатарында 7 оқушылар үйі, 8 балалар музыка мектебі, 1 өнер мектебі, 2 шығармашылық орталық және 1 оқушылар сарайы бар. Бұл ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуіне жергілікті бюджеттен 7,6 миллиард теңге бөлінген. Бүгінде аталған мекемелерде 1 108 педагог қызмет атқарып, жас дарындардың қабілетін шыңдауға үлес қосып келеді.
Балалардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуда жан басына қаржыландыру жүйесі де маңызды рөл атқарады. Осы бағытта «DamuBala» платформасы арқылы 55 мыңға жуық бала түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысып жүр. Бұл жүйе ата-аналарға балаларын қаладағы шығармашылық және спорттық ұйымдарға ыңғайлы түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Қосымша біліммен қамту барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, девиантты мінез-құлқы бар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың үйірмелерге қатысуына басымдық беріледі. Бұл – әр баланың қабілетін дамытуға тең мүмкіндік беру жолындағы маңызды қадам.
Ал, ата-аналар үшін үйірмелерге тіркелу үдерісі де жеңілдетілген. Олар Bilimalmaty.kz сайтына кіріп, аумақтық тиістілігі бойынша баласын қосымша білім беретін ұйымдарға жаздыра алады. Осылайша, қосымша білім беру жүйесі балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ғылым мен өнерге қызығушылығын арттыруға, болашақта қоғамға пайдалы тұлға болып қалыптасуына зор мүмкіндік беріп отыр.
Индира БІРЖАНСАЛ









