Жаңа Салық кодексі: жеңілдік те, жүктеме де бар

0
3991

Қаржы жүйесі – мемлекеттің тамыры, ал салық саясаты – сол тамыр арқылы жүретін өмірлік ағыс. Уақыт өзгерген сайын бұл жүйе де жаңарып, қоғам сұранысына сай бейімделуі заңдылық. Бүгінде еліміз жаңа Салық кодексі арқылы экономиканың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Бұл – тек мөлшерлемелердің өзгеруі емес, бұл – мемлекет, бизнес және қарапайым азамат арасындағы қарым-қатынастың жаңа үлгісі. Осы өзекті тақырып төңірегінде біз Qazaq Expert Club ұйымының салық жөніндегі сарапшысы Раушан Тасшойыновамен сұхбат құрдық. Сарапшы жаңа реформаның астарына үңіліп, оның бизнеске, халыққа және жалпы экономикаға әсерін жан-жақты талдап берді. Жаңа салық жүйесі – әрбір азаматқа тікелей қатысты тақырып. Сондықтан, оны түсіну – таңдау емес, қажеттілік. Ендеше, назарларыңызға қоғамның экономикалық сауатын арттыруға бағытталған сұхбатты ұсынамыз.

САЛЫҚТЫҚ ӘКІМШІЛЕНДІРУ ЖЕҢІЛДЕЙДІ

– Раушан ханым, жаңа Салық кодексінің басты жаңашылдығы неде?

– 2026 жылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексінің мәні жекелеген өзгерістерде ғана емес, тұтас жүйеге деген көзқарастың жаңаруында жатыр. Бұл – салық саясатын қайта қарастырып, оны заман талабына бейімдеу арқылы экономиканың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ең әуелі, қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 16 пайызға дейін өсіп, тіркеу шегі 10 000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін төмендетілді. 2026 жылы бір АЕК мөлшері 4 325 теңгені құрайтынын ескерсек, бұл өзгерістер салық төлеушілер аясын кеңейтіп, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуды көздейді.

Сонымен қатар, жаңа кодекс аясында салық жүйесін оңтайландыруға ерекше мән берілді. Бұрын жеті түрлі арнайы салық режимі болса, енді олардың саны үшеуге дейін қысқарды. Атап айтқанда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимі, оңайлатылған режим және шаруа мен фермер қожалықтарына арналған режим ғана қалды. Бұл – кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі қолжетімді жүйе қалыптастырудың нақты көрінісі.

Әсіресе, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған жаңа режим – маңызды жаңалықтардың бірі. Бұл режим арқылы табысы шағын азаматтарды заңды экономикалық айналымға тарту көзделген. Оның талаптары да қарапайым: жеке тұлға кәсіпкер ретінде тіркелмеуі тиіс, жалдамалы жұмысшылары болмауы қажет, қызмет түрлері шектеулі, ал айлық табысы 300 АЕК-тен аспауы керек. 2026 жылғы есеппен бұл шамамен 1 297 500 теңгені құрайды. Есесіне, мұндай азаматтар қосылған құн салығынан, жеке табыс салығынан және есептіліктен босатылады. Тек 4 пайыз көлемінде әлеуметтік төлемдер ғана қарастырылған. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сүйенсек, жылдың алғашқы үш айында бұл режимді 350 мыңға жуық адам таңдаған. Бұл оның сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Шағын және орта бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Жеңілдетілген декларация негізіндегі бірыңғай режимнің шарттары кеңейтіліп, жылдық табыс шегі 600 000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Бұған қоса, қызметкерлер санына қойылатын шектеу алынып тасталды. Ал, жеке және корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі 4 пайыз деңгейінде белгіленіп, мәслихаттарға оны 50 пайыз шегінде реттеу құқығы берілді. Егер кәсіпкердің жылдық табысы 100 миллион теңгеден асса, салық салынатын табысты жалақы қоры есебінен азайту мүмкіндігі қарастырылған.

Тағы бір маңызды жеңілдік – бұл режимдегі кәсіпкерлер қосылған құн салығынан босатылады. Дегенмен, бұл өзгерістердің бәрі бірдей барлық бизнеске тиімді бола бермейді. Мәселен, жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін компаниялар үшін оңайлатылған режимдегі кәсіпкерлермен өзара есеп айырысқанда шығындарды шегерімге алу мүмкіндігі шектелген. Бұл – бизнес арасындағы қарым-қатынасқа жаңа талаптар қояды.

Айта кету керек, Салық кодексі әлі де жетілдіру кезеңінде. 2026 жылдың алғашқы айларында бірқатар нормалар талқыланып жатыр. Атап айтқанда, салық құпиясына жатпайтын ақпараттар тізімін кеңейту, резидент емес тұлғаларға қатысты ҚҚС бойынша шот-фактураларды рәсімдеу мерзімін қайта қарау секілді бастамалар қаралуда. Бұл – жаңа кодекстің икемді екенін және уақыт талабына сай жетілдіріліп отырғанын аңғартады. Жалпы алғанда, жаңа Салық кодексі – экономиканы ашық әрі әділ етуге бағытталған маңызды реформа. Оның басты басымдығы – салық жүйесін жеңілдету, кәсіпкерлікті қолдау және әрбір азаматты заңды экономикалық айналымға тарту.

– Бұл өзгерістер кәсіпкерлерге қалай әсер етеді?

– Жаңа өзгерістер кәсіпкерлерге тек цифрлар мен мөлшерлемелер деңгейінде емес, тұтас ойлау жүйесін өзгертуді талап етіп отыр. Бұрын «әдетпен» таңдалатын салық режимдері енді бизнес тағдырына тікелей ықпал ететін маңызды стратегиялық шешімге айналды. Енді кәсіпкер бұрынғыдай үйреншікті жолмен жұмыс істей алмайды – әр қадамын саралап, әр шешімін есептеп қабылдауы тиіс. Өйткені, бүгінгі талап – икемділік пен бейімделу. Бұл, әсіресе, оңайлатылған режимде анық байқалады. Егер бизнес негізінен жеке тұлғалармен жұмыс істесе, бұл режим әлі де тиімді әрі қолайлы. Алайда, компаниялармен серіктестік орнаған сәттен бастап жағдай күрделене түседі. Себебі, жалпы режимдегі кәсіпорындар оңайлатылған режимдегі серіктестерінің қызметін шығын ретінде шегере алмайды. Мұндай жағдайда олар «бұл серіктестік бізге қаншалықты тиімді?» деген сауалды еріксіз қояды. Сондықтан бүгінгі таңда мәселе тек салықта емес, серіктес таңдауда да жатыр. Кіммен жұмыс істейтініңіз – сіздің табысыңызға тікелей әсер етеді. Дегенмен, өзгерістердің жағымды тұстары да аз емес. Бірқатар шектеулер алынды, режимдер жеңілдеді, жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Бірақ сонымен бірге талаптар да күшейді. Қателіктер бұрынғыдай елеусіз қалмайды – олар тез анықталып, дер кезінде түзетуді қажет етеді. Бүгінде салық органдары бақылауды күшейте отырып, адал әрі ашық жұмыс істейтін кәсіпкерлерге заңды түрде салықты оңтайландыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл – тәртіп пен сенімге негізделген жаңа кезеңнің белгісі.

ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ ҚОҒАМҒА ӘСЕРІ

– Раушан ханым, салық жүктемесі жеңілдей ме, әлде арта ма?

– Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын, өйткені жаңа салық жүйесі әртүрлі санаттағы салық төлеушілерге әрқалай әсер етеді. Яғни, біреулер үшін жүктеме жеңілдесе, енді біреулер үшін, керісінше, күшейе түседі. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жағдай анағұрлым қолайлы бола бастады. Есептілік тапсыру міндетінің болмауы, тек әлеуметтік төлемдермен шектелуі – олардың жұмысын жеңілдетіп, көлеңкелі экономикадан ашық алаңға шығуына мүмкіндік береді. Бұл – шағын табыс табатын азаматтар үшін айтарлықтай оң өзгеріс.

Жалпыға бірдей белгіленген салық жүйесіне келер болсақ, мұнда керісінше үрдіс байқалады. Қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің өсуі және тіркеу шегінің төмендеуі – бұрын бұл жүйеге кірмеген көптеген кәсіпорындардың енді ҚҚС төлеушілер қатарына қосылады. Бұл өз кезегінде олардың қаржылық жүктемесін арттырып қана қоймай, есеп жүргізу мен бақылау талаптарын да күшейтеді.

Сонымен қатар, қазіргі таңда салық жүктемесі тек мөлшерлемемен өлшенбейді. Оның негізгі салмағы әкімшілендіру процестерінде көрініс табады. Электрондық шот-фактураларды (ЭСФ) рәсімдеу, ҚҚС-ты дәл есептеу, деректерді өзара салыстыру, әрбір операцияны құжат жүзінде растау секілді талаптар – бизнестің күнделікті жұмысын күрделендіреді. Яғни, кәсіпкер тек салық төлеуші ғана емес, сонымен қатар есеп жүргізуші, бақылаушы рөлін қатар атқаруға мәжбүр. Осының бәрін қорытындылай келе, салық жүктемесі формалды түрде ғана емес, практикалық тұрғыдан да сезілетінін аңғарамыз. Егер бұрын кәсіпкер салықты тек белгілі бір кезеңде ғана ойласа, енді ол күнделікті операциясының ажырамас бөлігіне айналып отыр. Демек, жаңа жүйе салықты азайту немесе көбейтуден гөрі, оны төлеу мәдениетін, тәртібін және ашықтығын күшейтуге бағытталған.

– Қарапайым халық үшін қандай өзгерістер бар?

– Жаңа салық реформасының ең басты ерекшелігі – оның қарапайым азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер етуінде. Бұл өзгерістер тек цифрлар мен пайыздардан тұрмайды, олар әр адамның табысына, шығынына және жалпы қаржылық жағдайына ықпал етеді. Алдымен жеке табыс салығына тоқталсақ, бұл салада маңызды жаңашылдық – прогрессивті шкаланың енгізілуі. Енді табыс көлеміне қарай салық мөлшері де өзгеріп отырады. Егер азаматтың жылдық табысы 8500 АЕК-тен асса, онда жеке табыс салығы 15%-ға дейін көтеріледі. Яғни, табысы жоғары азаматтар үшін жауапкершілік артады. Ал, табысы төмен немесе орташа деңгейдегі адамдар үшін, керісінше, жүйе жеңілдей түсті. Осы тұста айлық базалық салықтық жеңілдіктің 30 АЕК болып белгіленуі – әлеуметтік әділеттіліктің нақты көрінісі. Бұл дегеніміз, белгілі бір табыс бөлігіне салық салынбайды, нәтижесінде қарапайым халықтың қолында көбірек қаражат қалады. Күнделікті тұрмысқа бұл – нақты қолдау.

Көлік салығы саласында да жағымды өзгерістер бар. Бұрын көлік құралының тек қозғалтқыш көлеміне қарай есептелген салық енді оның жасын да ескеретін болды. Бұл – әсіресе ескі көлік мінетін азаматтар үшін үлкен жеңілдік. Мәселен, бұрын 20 жылдан асқан автокөлікке шамамен 100 мың теңге көлемінде салық салынса, енді бұл көрсеткіш екі есеге дейін төмендеп, 50 мың теңге шамасында болады.

Тағы бір маңызды өзгеріс – қозғалтқыш көлемі үлкен, 2013 жылдан кейін әкелінген немесе өндірілген жеңіл автокөліктерге қатысты. Бұрын мұндай көліктерге жоғары мөлшерлеме қолданылып келсе, енді ол алынып, бірыңғай шкала енгізілді. Соның нәтижесінде, мысалы, қозғалтқышы 3200 куб. см болатын автокөлікке салынатын салық көлемі бұрынғы 180 мың теңгеден 64 мың теңгеге дейін төмендеді. Бұл – кей жағдайларда салық жүктемесінің үш есеге дейін азайғанын білдіреді. Жалпы алғанда, жаңа өзгерістердің түпкі мәні – әділдік пен теңгерімге негізделген. Яғни, табысы төмен азаматтарды қолдау, ал табысы жоғары топтарға қосымша жауапкершілік жүктеу. Сонымен қатар, халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер ететін салаларда – әсіресе көлік салығында – нақты жеңілдіктер қарастырылған. Бұл реформалар қарапайым халық үшін тек міндет емес, сонымен бірге мүмкіндік. Өз қаржысын тиімді жоспарлап, салық жүйесін дұрыс түсінген адам үшін жаңа ережелер – өмір сапасын жақсартудың бір құралына айналмақ.

– Цифрландыру қаншалықты тиімді болады?

– Бүгінде цифрландыру – салық жүйесінің жай ғана құралы емес, оның өзегіне айналып келе жатқан жаңа шындық. Мемлекеттік кірістер органдары электронды шот-фактуралар, банк операциялары және өзге де дереккөздер арқылы бақылауды күшейтіп, экономиканың «көлеңкелі тұстарын» барынша ашық етуге ұмтылуда. Бұл, сөзсіз, мемлекет үшін тиімді қадам: жасырын айналымдарды анықтау жеңілдейді, салық түсімі артады, тәртіп күшейеді. Алайда цифрландырудың ұтымдылығы тек мемлекетке ғана емес, адал жұмыс істейтін бизнеске де тікелей байланысты. Ережелер бәріне бірдей болған жерде әділ бәсеке қалыптасады. Жалған мәмілелер мен «қағаз жүзіндегі компаниялардың» ықпалы азайып, шынайы кәсіпкерлердің еңбегі бағалана бастайды. Бұл – нарықтың тазарып, сапалы дамуына жол ашады деген сөз. Дегенмен, бұл үдерістің екінші қыры да бар. Барлығы жүйенің қаншалықты дұрыс бапталғанына тіреледі. Ең маңызды сұрақ – цифрлық жүйе бизнестің табиғатын, оның күнделікті жұмыс логикасын шынайы түсіне ала ма, әлде тек «құрғақ дерекке» сүйеніп шешім қабылдай ма? Егер тек алгоритмге ғана сенім артылса, онда қателіктер мен негізсіз даулардың туындау қаупі де жоқ емес. Сондықтан бүгінгі цифрландыру – дайын болған жетістік емес, қалыптасу үстіндегі тірі механизм. Оның шынайы тиімділігі уақытпен, тәжірибемен және ең бастысы – адам мен технологияның үйлесімді жұмысымен айқындалады. Қорытындылай айтқанда, цифрландыру – бақылауды күшейтетін құрал ғана емес, сенімділік пен әділдікті қалыптастыратын мүмкіндік. Бірақ, ол өз жемісін толық беруі үшін жүйе тек деректерді емес, сол деректің артындағы өмірді де «түсіне» білуі керек.

– Жаңа салық жүйесі қоғамға қандай нәтиже береді деп күтілуде?

– Жаңа салық реформасының түпкі мақсаты – тек бюджет кірісін арттыру емес, экономиканың сапасын өзгерту. Яғни, бұл өзгерістердің нәтижесі сандардан бұрын қоғамның қаржылық мәдениетінен, бизнестің ашықтығынан және азаматтардың жауапкершілігінен көрінуі тиіс. Егер жүйе дұрыс жұмыс істесе, ең алдымен әділдік күшейеді. Әркім табысына сай салық төлейтін орта қалыптасады. Көлеңкелі экономика қысқарып, адал еңбек еткен азамат пен кәсіпкер ұтатын жағдайға жетеміз. Бұл – сенімге негізделген жаңа экономикалық қатынастың бастауы. Бизнес үшін бұл – тәртіп пен талаптың күшеюі ғана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Ашық жұмыс істеген компаниялар үшін нарық тазарып, бәсекелестік әділ арнаға түседі. Ал, қарапайым халық үшін бұл – әлеуметтік теңгерімнің сақталуы, табысқа қарай әділ салық салу арқылы өмір сүру сапасының біртіндеп жақсаруы. Әрине, кез келген реформа сияқты, бұл өзгерістер де бірден мінсіз нәтиже бермейді. Уақыт, бейімделу және тәжірибе қажет. Бірақ ең маңыздысы – бағыттың дұрыс таңдалуы. Жаңа салық жүйесі – бұл жай ғана заңнамалық өзгеріс емес, ол экономиканы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ұзақ мерзімді қадам. Егер мемлекет, бизнес және қоғам осы өзгерістерді бірге қабылдап, бірге іске асырса, онда оның нәтижесі де баршаға ортақ игілікке айналмақ.

– Ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз.

Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here