Нұрлан Түймелиев: «Тұрақтылық бар жерде – даму мен өркендеу бар»

0
374

Халқымыз сан ғасырлардан бері елдік істерде «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып», ынтымақты ту етіп ұстаған. Мемлекет басшысы биылғы жылы Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайдың отырысында бірлік пен патриоттық турасында келелі ой, пайымды пікір айтты. Мемлекет басшысы «Отаншылдық дегеніміз – әрине, Отанға деген сүйіспеншілік деген сөз. Алайда, Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншылмын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ» деп тағылымды ой айтты. Ел ішінде өзінің табанды еңбегімен, елжанды ісімен ілкімді жұмыстар атқарып, өскен өлкесінің өркендеуіне үлес қосып жүрген жандар баршылық. Әділетті Қазақстанды құру жолында адалдығымен ерекшеленіп жүргендің бірі – Алматы облысы мәслихатының депутаты Нұрлан Түймелиев.  Ол хәкім Абайдың «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген ұлағатты ұстанымын үнемі жадында ұстайды. Осындай азаматпен әңгімеміз қоғамдық келісім мен ел бірлігі, қоғам мен билік арасындағы өзара сенім, патриотизм жайында өрбіді.

«ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ МӘСЕЛЕНІ ДЕР КЕЗІНДЕ ШЕШУГЕ СЕПТІГІН ТИГІЗЕДІ»

– Нұрлан Лесұлы, Парламентке «Құрылтай» атауының берілуі қандай символдық мәнге ие және саяси институт ретіндегі рөлін қалай күшейтеді? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ.

– Рақмет. Жалпы алғанда, «Құрылтай» – қазақ халқының тарихи жадында терең орны бар қастерлі ұғым десек артық айтпағанымыз. Тарихымыздың тереңіне үңілер болсақ, ежелден бұл алаңда ел тағдырына қатысты ең маңызды мәселелер талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Сондықтан Парламентке осындай атаудың берілуі – тек ат ауыстыру емес, мазмұндық жаңғырудың белгісі деп ойлаймын. Бұл қадам Парламенттің халықпен етене байланыста жұмыс істейтін, ашық әрі әділ институт ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Яғни, «Құрылтай» атауы халықтың сенімін арттырып, заң шығарушы органның жауапкершілігін күшейтеді.

– Халық кеңесінің құрылуы қоғам мен билік арасындағы диалогқа қандай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Халық кеңесінің құрылуы – қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтудың маңызды қадамы деп ойлаймын. Бүгінде азаматтардың пікірін тыңдау, оларды шешім қабылдау процесіне тарту – заманауи басқарудың басты талабы. Осы тұрғыдан алғанда, Халық кеңесі түрлі әлеуметтік топтардың үнін жеткізетін тиімді алаңға айнала алатына шүбәм жоқ. Бұл өз кезегінде билікке деген сенімді арттырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.

– Нұреке, ұлтжандылық пен мемлекетшілдік арасындағы айырмашылықты қалай түсінесіз?

– Ұлтжандылық – бұл әр адамның өз ұлтына, тіліне, мәдениетіне деген сүйіспеншілігі. Ал мемлекетшілдік – одан да кең ұғым, ол елдің тұтастығын сақтау, заңды құрметтеу, мемлекеттің мүддесін жоғары қоюмен байланысты. Ұлтжандылық көбіне сезім деңгейінде көрінсе, мемлекетшілдік нақты іс-әрекет арқылы байқалады. Осы екі ұғым бірін-бірі толықтырып, қоғамның рухани және саяси тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

«ӘР АЗАМАТ ЗАҢ АЛДЫНДА ТЕҢ ЕКЕНІН СЕЗІНУІ КЕРЕК»

– Президент Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында Конституцияның Преамбуласында ұлттық құндылықтарды неғұрлым нақты көрсету, қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің терең тамырларын айқындау, Ұлы дала тарихымен сабақтастықты айқын түрде бекіту қажеттігін атап өткен болатын. Бұл ұсыныстар қоғам тарапынан үлкен қолдау тапты. Сонымен қатар Ата Заңда отандастарымыздың бірлігі де маңызға алынған. Осы ретте Сізден қоғамдық келісім мен ел бірлігін сақтауда негізгі факторлар қандай деп сұрағым келіп отыр.

– Қоғамдық келісімнің негізі – әділдік пен теңдік. Әр азамат заң алдында тең екенін сезінуі керек. Сонымен қатар, өзара құрмет, мәдениетаралық түсіністік және ашық диалог та аса маңызды. Экономикалық тұрақтылық, әлеуметтік қолдау шаралары және тиімді мемлекеттік саясат – ел бірлігін нығайтатын басты факторлар. Бірлік бар жерде – тұрақтылық, ал тұрақтылық бар жерде – даму бар.

– Қазақстандық патриотизм ұғымын қазіргі қоғамда қалай түсінуге болады?

– Бүгінгі таңда патриотизм ұғымы тек ұранмен шектелмеуі тиіс. Ол – күнделікті еңбекте, қоғамға пайдалы істерде көрініс табуы керек. Қазақстандық патриотизм – елдің дамуына үлес қосу, заңды сақтау, білім алуға ұмтылу және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну. Әр азамат өз ісін адал атқарса, бұл – нағыз патриотизмнің көрінісі.

– Конституциялық реформаның басты мақсаты не деп ойлайсыз?

– Конституциялық реформаның негізгі мақсаты – мемлекет басқару жүйесін жетілдіру, оны ашық әрі әділ ету. Бұл реформалар арқылы билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік нығайып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейі артады. Сонымен қатар, халықтың мемлекеттік шешімдерге қатысу мүмкіндігі кеңейеді. Жалпы, бұл өзгерістердің барлығы әділетті қоғам құруға бағытталған. Менің ойымша, бүгінгі реформалар мен бастамалар қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл – жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар. Ең бастысы – әрбір азамат осы өзгерістерге бейжай қарамай, ел болашағына өз үлесін қосуы қажет.

Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан: Ж. Тұрарұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here