Қытайдағы іссапар: білім мен ғылымдағы жаңа мүмкіндіктер

0
495

Наурыз айында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің делегациясы білім мен ғылым, сондай-ақ аграрлық сектордағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қытай Халық Республикасына ресми іссапармен барды. Онда делегация бірнеше жоғары оқу орнында болып маңызды кездесулер өткізді.

Алғашқы күні Шэньси провинциясы Сиань қаласында орналасқан Шанси ғылым және технология университетінің басшылығымен кездесіп, ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Кездесу барысында екі оқу орны арасындағы академиялық алмасу, бірлескен ғылыми жобалар мен инновациялық бастамаларды жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Қытайлық әріптестер білім беру мен ғылым саласындағы озық технология жетістігімен бөлісуге және бәсекеге қабілетті кадрларды бірлесіп даярлауға ықыласты екенін білдірді.

Аталған университет 1958 жылы құрылған мемлекеттік көпсалалы жоғары оқу орны. Бастапқыда жеңіл өнеркәсіп саласына бейімделген институт ретінде негізі қаланған оқу орны бүгінде инженерия, материалтану, химия және технология бағыттары бойынша мамандар даярлайтын заманауи университетке айналған.

Жетісулық ғалымдар Northwest Agriculture and Forestry University базасында болып, ауыл шаруашылығы саласындағы озық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысты. Университет ғалымдары зертханалар мен тәжірибелік алаңдарында арпа, бидай, соя сияқты маңызы бар дақылдарды өсірудің заманауи әдістерін кеңінен қолданады. Бұл тәжірибе болашақта аграрлық бағыттағы мамандарды бірлесіп даярлауға және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді.

Іссапардың тағы бір маңызды бөлігі Yuchun Agricultural Mobile Orchard орталығының жұмысымен танысу болды. Орталық ақылды жылыжайлар мен цифрлық басқару жүйелері арқылы маусымнан тыс кезеңде өнім алады. Сондай-ақ өндірісті автоматтандыру және ғылыми зерттеулерді тәжірибемен ұштастыру негізінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Мұндай тәжірибе Жетісу өңірінің аграрлық секторын дамытуда тиімді болмақ.

Қытай Халық Республикасындағы жетекші университеттер, ғылыми орталықтармен ынтымақтастық Жетісу университетінің әлеуетін арттырып қана қоймай, еліміздің білім беру және аграрлық секторларын дамытуға да оң ықпал етеді. Бұл – Жетісу университеті үшін үлкен мүмкіндік әрі халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті кадрлар даярлаудың маңызды тетігі.

Бүгінгі таңда білім мен ғылым жаһандық сипатқа ие болып отыр. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті осы бағыттағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып, сыртқы академиялық ұтқырлықты дамытып, халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға күш салады.

Жетісу университетінің баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here