Жастар арасындағы шығармашылық байқау басталды

0
289

Тұңғыш рет Түлкібас ауданында «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атты жастар арасындағы аймақтық шығармашылық байқау өтеді.

Сайыс Түлкібас өңірінің табиғи, тарихи ерекшелігін, ана тақырыбын, туған жердің тұғырлы тұлғаларын Қазақстанның ақпарат кеңістігінде жан-жақты насихаттауға арналған.

Байқаудың бас демеушісі – Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық Қордың президенті, саясаттану ғылымдарының докторы Қайрат Айтбай.

Идея авторы – қоғам қайраткері Жандар Асан.

«Байқаудың мақсаты – Түлкібас өңірінің тарихы мен бүгінгі жеткен жетістігін, ауданның туристік әлеуетін дәріптеу, аймақтағы қасиетті орындардың бірі – «Шынар бастаудың» ерекшелігі мен ана тақырыбын және Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Мекемтас Мырзахметұлы, Мархабат Байғұт сынды тұлғалардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпақ арасында насихаттау», – дейді шара ұйымдастырушылары.

Ұсынылған шығармалар «Түркібасы – айбын, байлығым, Мекемтас-биігі – тағзым-тағылым, Тұраркентім – төл ұғым, «Шынар бастау» – айдыным»  жалпы тақырыбын қамтуы тиіс.

Байқау комиссиясының құрамында отандық БАҚ басшылары мен белгілі журналистер болады.

Байқауға Түлкібас ауданының тарихын, даму кезеңдері мен перспективасын, туристік орындарын, соның ішінде «Шынар бастау» мәдени-рухани кешенінің ерекшелігін, ананы аялаудың ұлағатын, отбасылық құндылықтарды, тарихи тұлғалар ұлағатын қамтыған шығармалар қабылданады.

Сайысқа қолынан жазу келетін, 13-35 жастағы Түркістан облысы аумағында тұратын кез келген азамат қатыса алады. Сонымен қатар әр қатысушыдан тек бір ғана аталым бойынша шығарма қабылданады.

Байқауға ұсынылған шығармалар 2026 жылғы 30-сәуір мен 7-мамыр (қоса алғанда) аралығында қатысушы парағымен қоса zhandarassanov@gmail.com электронды поштасында қабылданады.

Байқауға ұсынылған шығармаға қойылатын талаптар:

– Эссе/Проза: 2 беттен кем емес, пішіні: 14,Times New Roman қарпімен, 1 интервал;

– Поэзия: 5 шумақтан кем емес, пішіні: 14, Times New Roman қарпімен, 1 интервал;

– бұрын жарияланған шығармалар қабылданбайды.

Шығармаларды қабылдау үшін әр қатысушы өзінің толық аты-жөні, өзі туралы толық мағлұмат (жасы, байланыс нөмірі, тұрғылықты мекен-жайы, жұмыс немесе оқу орны) ұсынылған қатысушы парағын толтырып жіберуі тиіс.

Байқау қатысушылары келесідей орындармен және қаржылай марапатталады:

– Бас жүлде – бір адам. Сыйақы көлемі: 150 000 теңге;

– I-орын – бір адам. Сыйақы көлемі: 100 000 теңге;

– II-орын – екі адам. Сыйақы көлемі: 70 000 теңге (әрқайсысына);

– III-орын – үш адам. Сыйақы көлемі: 50 000 теңге (әрқайсысына).

Байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі 2026 жылғы 9-мамырда сағат 15:00-де «Шынар бастау» мәдени-рухани кешенінде (Түлкібас ауданы, Түлкібас ауылы) өтеді.

Байқауда үздік деп танылған шығармалар республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атауымен жарияланады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here