Қырғыздың дәстүрлі ән өнерін дәріптеп, қазақ-қырғыз мәдени байланысын нығайтуға үлес қосқан белгілі әнші биыл 70 жасқа толып отыр.
Қырғыздың ән өнерінде өзіндік орны бар Саламат Садықова – ұлттық музыканы насихаттауға бар ғұмырын арнаған өнер иесі. Қырғыз Республикасының Халық әртісі, қазақ тыңдармандарына да жақсы таныс әнші жарты ғасырдан астам уақыт сахнада жүріп, халық әндерін, композиторлар шығармаларын орындап келеді. Оның әндері Қырғызстанмен қатар, Қазақстанда және әлемнің көптеген елдерінде шырқалды.
Саламат Садықованың өнер жолының бір ерекшелігі – ол қырғыздың дәстүрлі әндерін орындаумен шектелмей, қазақ халқының ән мұрасына да ден қойды. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, көптеген танымал әндерді түпнұсқасында орындайтын өнерпаз екі елдің мәдени байланысын нығайтуға өзіндік үлес қосып келеді. Биыл жетпіс жасқа толып отырған әншінің шығармашылық жолы — соның айқын көрінісі.

Кәсіби өнерге қадам
Саламат Садықова 1956 жылғы 28 қыркүйекте Баткен облысының Қызыл-Жол ауылында дүниеге келген. Әкесі екі жасында, анасы тоғыз жасында өмірден өткен. Балалық шағы қиындықпен өткенімен, әнге деген ықыласы мен өнерге құштарлығы оны алға жетеледі.
1973 жылы Баткен аудандық мәдениет үйіне жұмысқа орналасып, әншілік жолын бастады. Алғашқы орындаған әндерінің бірі – Қалыбек Тағаевтың «Жаныбарым Гүлсарым» шығармасы. Осы кезден бастап оның өмірі өнермен тығыз байланысты болды.
Кейін Талас өңіріндегі «Жылдыз» ән-би ансамблінде әнші, актриса әрі жүргізуші болып қызмет атқарды. Ансамбль құрамында Мәскеу мен Варшава қалаларында гастрольдік сапарда болды. 1983 жылы Польшада өткен фестивальде ұжым екінші орын алып, «Күміс балта» жүлдесін иеленді. Бұл сапарлар жас әншінің тәжірибесін арттырып, үлкен сахнаға жол ашты.
Саламат Садықованың орындаушылық өнеріндегі ерекшеліктердің бірі – қомызды шебер меңгеруі. Ол бұл аспапта ойнауды 26 жасында өз бетінше үйренген. Кейін «Қызыл гүл», «Күнүм болчу», «Бағы болот турбайбы» секілді әндерді қомыздың сүйемелдеуімен орындап, тыңдарманға өзіндік мәнерімен танылды.
1988 жылы республикалық «Тоғыз қайрық» фестивалінде «Қыздың әні» шығармасын орындап, жоғары бағаға ие болды. Осыдан кейін оны Тоқтоғұл Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясының жаңадан құрылған «Қамбарқан» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне солист ретінде шақырды. Содан бері әншінің шығармашылық өмірі осы ұжыммен тығыз байланысты.


Айтматов назар аударған әнші
Саламат Садықованың репертуарында үш жүзден астам ән бар. Оның орындауында халық әндерімен қатар, қырғыз композиторларының шығармалары да кеңінен танылды.
Б.Егинчиевтің «Алымкан», «Күлгүн жаш», «Қызыл гүл», Р.Абдыкадыровтың «Есіңде ме?», «Туған жерді сағыну», «Сені іздеймін», Қ.Тағаевтың «Өмір қайрықтары», А.Жайнаковтың «Қырғыз жері», Т.Қазақовтың «Жаңбыр» секілді әндері тыңдарманға жақсы таныс.
Әнші шығарманы орындағанда оның әуеніне ғана емес, мазмұнына да мән береді. Халық әндерінің бастапқы болмысын сақтап, әр туындыны өз нақышымен жеткізуге тырысады. Оның орындауындағы әндерден қырғыз музыкасына тән ұлттық әуез бен дәстүрлі орындаушылық мектептің ерекшелігі анық сезіледі.
Саламат Садықованың өнеріне кезінде ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов та назар аударған. Фрунзеде өткен мәдени іс-шаралардың бірінде әнші киіз үй ішінде өнер көрсетеді. Оның дауысы мен орындау мәнеріне қызыққан жазушы әнді тағы бір мәрте орындап беруін өтінеді. Әнші сол шығарманы бірнеше рет қайталап орындаған екен.
Бұл оқиға Саламат Садықованың шығармашылық жолындағы есте қалған сәттердің бірі ретінде айтылады. Өнер адамы үшін көрнекті тұлғаның ықыласына бөленудің өзі үлкен қуаныш әрі жауапкершілік екені белгілі.


Қырғыз әндері әлемдік сахнада
Саламат Садықова «Қамбарқан» ансамблімен бірге және жеке орындаушы ретінде көптеген елдерде өнер көрсетті. Америка Құрама Штаттары, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания, Ресей, Қытай, Оман, Катар, Корея, Тайвань, Нидерланд, Бельгия, Люксембург, Түркия және Қазақстанда өткен концерттер мен халықаралық музыкалық іс-шараларға қатысты.
Оның орындаушылық өнеріне шетелдік музыка зерттеушілері де қызығушылық танытты. Солардың бірі – америкалық музыка зерттеушісі Марк Хамфри. Ол қырғыздың халық музыкасын зерттеп, әншінің орындауындағы шығармаларды халықаралық деңгейде танытуға қолдау көрсеткен.
Әншінің өнері шетелдік басылымдар мен музыкалық жинақтарға да енді. 1995 жылы Жапонияда «Songs of Kyrghyzstan», 2001 жылы АҚШ-та «The Voice of Kyrghyzstan» атты альбомдары жарық көрді. Бұл жинақтар қырғыз әндерінің шетелдік тыңдарманға жетуіне мүмкіндік берді.


Қос елдің өнерін тоғыстырған туындылар
Саламат Садықованы қазақ тыңдарманына жақын еткен басты ерекшеліктің бірі – оның қазақ әндеріне деген ықыласы. Ол қазақтың халық әндері мен композиторлар шығармаларын сүйіп орындайды. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін әнші үшін бұл – жай ғана репертуар таңдау емес, көрші әрі бауырлас халықтың мәдениетіне деген құрметтің белгісі.
Оның қазақ өнерпаздарымен арадағы шығармашылық байланысы да ұзақ жылдардан бері жалғасып келеді. Алтынбек Қоразбаев, Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева, Майра Ілиясова, Бағдат Самединова, Аманғали Берғалиев, Секен Тұрысбек, Мақпал Жүнісова, Бекжігіт Сердәлі, Гүлжаз Қарыбек секілді өнер адамдарымен аралас-құралас болып, шығармашылық байланыс орнатқан.
Әншінің репертуарында «Атамекен», «Әдемі-ау», «Сағындым Алматымды», «Аққу сазы», «Қоштасқым келмейді», «Гүлдерайым» секілді қазақ тыңдарманының жүрегінен орын алған әндер бар. Ол бұл шығармаларды қазақ тілінде орындап, Қазақстандағы көрермендердің де ықыласына бөленді.
1995 жылы Алматыда қазақ әншісі Майра Ілиясованың ұйымдастыруымен қырғыздың «Қамбарқан» ансамблі мен қазақтың мемлекеттік «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің қатысуымен үлкен концерт өтті. Екі елдің өнерпаздары бір сахнада бас қосып, ұлттық музыканың озық үлгілерін көрерменге ұсынды. Мұндай кездесулер қазақ пен қырғыздың мәдени байланысын одан әрі жақындата түсті.
Саламат Садықова қазақ әндерін орындап қана қоймай, қазақ ақындарының шығармаларын қырғыз тіліне аударып, әнге айналдыруға да көңіл бөліп келеді. Мәселен, Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Жақсы адамдар» әнін қырғыз тіліне аударып, өзі орындады. Оған бейнебаян да түсірілді.
2020 жылы пандемия кезінде қазақ ақыны Ақберен Елгезектің «Мұнажат» өлеңін қырғыз тіліне аударып, оған әуен жазды. «Сыйынуу» деген атаумен жарық көрген бұл ән көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ, Қалқаман Сариннің «Бұл өмір» атты өлеңіне де ән жазып, бейнебаян түсірді.
Осы жұмыстарынан-ақ әншінің қазақ әдебиеті мен музыкасына деген ықыласын аңғаруға болады. Ол қазақ шығармаларын қырғыз тілінде сөйлету арқылы екі халықтың рухани мұрасын өзара жақындастырып келеді.
Еңбегі еленген өнер иесі
Саламат Садықованың өнердегі еңбегі мемлекеттік және халықаралық деңгейде жоғары бағаланған.
1992 жылы Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі, 1995 жылы Қырғыз Республикасының Халық әртісі атағына ие болды. Сол жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағы да берілді.
1995 жылы «Манас-1000» мерейтойлық медалімен марапатталды. 2004 жылы концерттік-орындаушылық бағдарламасы үшін әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Тоқтоғұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. 2016 жылы III дәрежелі «Манас» орденін иеленді.
2017 жылы TÜRKSOY халықаралық сыйлығына, 2023 жылы осы ұйымның Алтын жоғары медаліне ие болды. Ал, 2026 жылғы 18 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Көркем академиясы тарапынан мәдениет пен өнерге, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасы мен төсбелгісімен марапатталды.
Бүгінде Саламат Садықова – екі қыздың анасы, бес немеренің әжесі. Жетпіс жасқа толып отырған әншінің артында жарты ғасырдан астам шығармашылық еңбек, жүздеген ән, талай елде өткен концерттер мен өнер жолында қалыптасқан берік достық байланыстар бар.
Саламат Садыкованың есімі қырғыздың дәстүрлі ән өнерімен қатар аталады. Ол халық әндерін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге күш салды, қомыздың үнін әлемдік сахналарда танытты. Сонымен бірге, қазақтың әндері мен ақындарының шығармаларын қырғыз тыңдармандарына жеткізіп, екі халықтың өнерін бір арнада тоғыстырды.
Қазақ пен қырғыз – тілі мен дәстүрі, тарихы мен тағдыры жақын халықтар. Ал, ән мен өнер осы жақындықты одан әрі бекемдей түседі. Саламат Садықованың жетпіс жылдық ғұмыры мен шығармашылық жолы – соның бір дәлелі. Оның өнері екі елдің арасындағы рухани байланысты жалғаған алтын көпір болып қала бермек.
Күндуз АВАШОВА,
Қали ҚАМБАРОВ












