Денсаулықты қалпына келтірудің заманауи мүмкіндігі

0
869

Адам денсаулығы – өмір сапасының басты өлшемі. Алайда уақыт өте келе буындардың сырқырауы, арқадағы ауырсыну, жарақаттардың салдары немесе қозғалыс  белсенділігінің  төмендеуі  күнделікті өмірге кедергі келтіре бастады.  Мұндай жағдайда көпшілік дәрі-дәрмекке жүгінеді.  Бірақ ағзаның табиғи қалпына келу мүмкіндігін күшейтетін,  ауырсынуды азайтып, сауығу үдерісін  жеделдететін  тағы  бір тиімді жол бар.  Ол – физиотерапия. Бүгінде физиотерапия шипажайлық емдеудің маңызды бөлігіне айналып отыр. Оның түрлі әдістері ағзаның жасырын қорын іске қосып, денсаулықты қалпына келтіруге көмектеседі.  Физиотерапияның қандай мүмкіндіктері бар? Қай процедуралар ең тиімді саналады? Неліктен мамандар оны созылмалы аурулар кезінде жиі ұсынады?. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында біз осындай абзал мамандардың бірімен таныстырмақпыз. Саналы ғұмырын медицина саласына арнап, төрт онжылдықтан астам уақыт бойы адам денсаулығын жақсартуға үлес қосып келе жатқан «Almaty Resort» шипажайының физиотерапевт дәрігері Рахметова Төлеубала Төлегенқызы бүгінде де өз ісіне адалдықтың, кәсібилік пен мейірімнің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

– Төлеубала Төлегенқызы, саналы ғұмырыңыздың қырық жылдан астамын медицина саласына арнадыңыз. Адам денсаулығын сақтауға бағытталған осы жауапты жолға келуіңізге не себеп болды және дәрігерлік еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Медицинаға деген қызығушылығым бала кезден қалыптасты. Адамдарға көмектесіп, олардың сауығып кетуіне үлес қосуды армандадым. Сол арман мені медицина жолына жетеледі.  Мен 1958 жылы  Семей қаласында  дүниеге  келдім.  1981 жылы Семей мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін тәмамдап, дәрігерлік жолымды  Үржар  ауданында  бастадым.  Бұл кезең мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Алғашқы кәсіби тәжірибемді жинақтап, дәрігер мамандығының жауапкершілігі мен маңызын терең түсіндім. Кейін еңбек жолымды Семей қаласында жалғастырдым. 1996 жылға дейін  жедел жәрдем дәрігері және жасөспірімдер терапевті болып қызмет атқардым. Жедел  жәрдем саласы маған әр  секундтың қадірін бағалауды, күрделі жағдайда  жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауды үйретті. Ал жасөспірімдермен жұмыс істеу дәрігер үшін   кәсіби біліммен қатар, сабырлық пен жанашырлықтың да маңызды екенін көрсетті.  1996 жылдан бастап физиотерапия және  оңалту саласына бет бұрдым.  Осы бағытта еңбек ете жүріп, адамның сауығу жолындағы әрбір кішкентай жетістігінің өзі үлкен қуаныш сыйлайтынын түсіндім. Пациенттің жарақаттан, аурудан немесе операциядан кейін қалыпты өміріне қайта оралуына көмектесу – мен үшін ең үлкен марапат әрі мамандығыма деген сүйіспеншілігімді арттыра түскен маңызды миссия.

Шипажай жағдайында физиотерапия емнің маңызды бағыттарының бірі саналады. Сіздің тәжірибеңізде пациенттерге қандай физиотерапиялық емшаралар жиі тағайындалады?

– Шипажай жағдайында физиотерапиялық емнің мүмкіндігі өте кең. Әр пациенттің денсаулық жағдайы,  диагнозы және ағзасының ерекшеліктері ескеріле отырып, емдеу бағдарламасы жеке құрылады. Сондықтан тағайындалатын  емшаралар да әртүрлі болады. Тәжірибемізде жиі қолданылатын әдістердің қатарында электрофорез, магнитотерапия, лазеротерапия және ультрадыбыстық терапия бар. Сонымен қатар емдік ванналар мен табиғи балшықпен емдеу де жоғары сұранысқа ие.  Бұл емдеу тәсілдері ағзаның  табиғи қалпына келу үдерісін белсендіруге көмектесіп,  жүйке жүйесін тыныштандырады, қан айналымын жақсартады, бұлшықеттер мен буындардың қызметін қалпына келтіруге ықпал етеді. Физиотерапияның басты артықшылығы, дәрі-дәрмекпен  қатар немесе кей жағдайда  онсыз-ақ ағзаға жұмсақ әрі тиімді әсер етуінде. Бірнеше емшараның үйлесімді қолданылуы науқастың жалпы жағдайын жақсартып, оның белсенді өмірге тезірек оралуына мүмкіндік береді.

Белгілі бір пациентке қандай емшара қажет екенін қалай анықтайсыздар?

– Біз емдеуді ешқашан барлығына бірдей қолданылатын дайын үлгі бойынша тағайындамаймыз. Әр пациенттің ағзасы, денсаулық жағдайы және ауру ағымы әртүрлі болғандықтан, алдымен толық тексеру жүргіземіз.  Науқастың шағымдарын тыңдап,  ауру тарихын,  зертханалық және диагностикалық тексеру нәтижелерін мұқият саралаймыз. Сонымен қатар негізгі диагнозбен ғана шектелмей, пациенттің жасын, қосымша созылмалы ауруларын, физикалық белсенділік  деңгейін,  өмір салтын және психоэмоциялық жағдайын да ескереміз.  Өйткені бұл факторлардың барлығы емнің тиімділігіне тікелей әсер етеді.  Физиотерапия – ағзаға жұмсақ әсер ететін, бірақ терең деңгейде оң өзгерістер қалыптастыратын ем бағыты. Сондықтан әрбір емшара нақты көрсетілімдерге сәйкес таңдалуы тиіс. Дұрыс іріктелген физиотерапиялық әдістер аурудың белгілерін жеңілдетіп қана қоймай, ағзаның қалпына келу процесін жеделдетеді және өмір сапасын жақсартады. Біздің басты мақсатымыз – әр пациент үшін қауіпсіз, ғылыми негізделген және барынша нәтижелі ем бағдарламасын құрып, оның сауығуына тиімді жағдай жасау.

Физиотерапия: ағзаның табиғи күшін оятатын ем

Ауырсынуды басатын дәріге емес,  ағзаның өз мүмкіндігіне сенуге бола ма? Заманауи медицинада физиотерапия дәл осы қағидаға сүйенеді. Ол аурудың салдарымен ғана емес, оның пайда болу тетіктерімен жұмыс істейді. Физиотерапия бөлімінің маманымен  әңгімемізде  емнің бұл бағыты неліктен шипажайлық сауықтырудың ажырамас бөлігіне айналғанын сұрадық.

Физиотерапия көбіне қандай мәселелерді шешуге көмектеседі?

– Физиотерапия бүгінде ең көп қолданылатын оңалту әдістерінің бірі. Ол арқа мен буын ауруларында, жарақаттардың салдарын емдеуде, неврологиялық бұзылыстар кезінде, сондай-ақ инсульт пен операциядан кейінгі қалпына келу кезеңінде кеңінен пайдаланылады. Оның басты артықшылығы – ауырсынуды азайтып қана қоймай, адамның қимыл-қозғалысын жақсартып, өмір сапасын арттыруында. Көп жағдайда дәрілік препараттарға деген тәуелділікті де төмендетуге мүмкіндік береді.

Электрофорездің пайдасы қандай және ол кімдерге ұсынылады?

– Электрофорез – ондаған жылдар бойы тиімділігі дәлелденген әдіс. Әлсіз электр тогының көмегімен дәрілік заттар тері арқылы тікелей қажетті аймаққа жеткізіледі.  Бұл асқазан мен ішекке  қосымша жүктеме түсірмей, қабыну мен ауырсыну ошағына дәл әсер етуге мүмкіндік береді. Сондықтан ол омыртқа мен буын ауруларында, неврологияларда және созылмалы ауырсыну синдромдарында жиі тағайындалады.

Магнитотерапия қалай әсер етеді? Пациент оның әсерін сезіне ме?

– Магнитотерапия – көпшілікке түсініксіздеу  көрінетін процедуралардың бірі. Себебі ем барысында адам айқын әсерді сезбеуі мүмкін. Алайда көзге көрінбейтін өзгерістер дәл осы кезде жүреді. Магнит өрісі микроциркуляцияны жақсартып, ісінуді азайтады, қабыну процесін бәсеңдетеді. Нәтижесінде ауырсыну біртіндеп төмендеп, ағзаның қалпына келу мүмкіндігі артады. Мұнда ең маңыздысы – процедура кезіндегі сезім емес, кейін байқалатын нәтиже.

Лазеротерапия, ультрадыбыстық терапия  және  емдік  ванналардың ерекшелігі неде?

– Лазеротерапияны біз көбіне «нысаналы ем» деп атаймыз. Өйткені ол нақты зақымданған аймаққа әсер етіп, тіндердің қалпына келуін жеделдетеді, қан айналымын жақсартады және қабынуды азайтады. Сондықтан  жарақаттардан  және  операциялардан  кейінгі  оңалтуда жиі қолданылады. Ал, ультрадыбыстық терапия тірек-қимыл аппараты ауруларында өте тиімді.  Ол терең орналасқан  тіндерге әсер етіп,  зат алмасуды белсендіреді, ауырсынуды азайтады және буындардың қозғалысын жақсартады. Емдік ванналар болса,  денеге ғана емес,  жан дүниеге де әсер етеді. Жылы су мен минералдардың ықпалы бұлшықеттерді  босаңсытып,  қан айналымын жақсартады,  күйзеліс пен шаршауды азайтады.  Көптеген пациенттер үшін бұл ем қабылдау ғана емес, ішкі тыныштықты қайта табудың жолы.

Пациенттер көбіне қай процедураның маңызын бағаламай жатады?

– Әдетте магнитотерапияның мүмкіндігін толық бағалай бермейді. Себебі адамдар тез нәтиже күтеді.  Ал физиотерапияның ерекшелігі – оның әсері біртіндеп жиналады.  Дәл осы баяу,  бірақ тұрақты өзгеріс ұзақ мерзімді нәтиженің негізін қалайды.  Физиотерапия ауырсынуды уақытша  жасырып қоймай, ағзадағы қалпына келу механизмдерін іске қосады.

– Бір емдеу курсында бірнеше процедураны қатар қолдануға бола ма?

Әрине. Тіпті кешенді тәсіл ең тиімді әдіс болып саналады. Шипажай жағдайында біз медициналық-экономикалық стандарттарға сәйкес бірнеше процедураны үйлестіріп қолданамыз. Бір әдіс қан айналымын жақсартса, екіншісі қабынуды азайтады, үшіншісі жүйке жүйесін тыныштандырады.  Осындай үйлесімді жұмыс нәтижесінде емнің әсері әлдеқайда жоғары болады.

– Неліктен физиотерапия шипажайлық емдеуде ерекше орын алады?

– Себебі шипажайдағы емнің басты артықшылығы – уақыт пен жүйелілік. Мұнда пациент бір реттік процедура емес, толыққанды емдеу курсынан өтеді. Ал физиотерапия дәл осындай жүйелі тәсілді қажет етеді. Кейбір адамдар алғашқы жеңілдікті бірнеше процедурадан кейін-ақ сезінеді. Дегенмен ең тұрақты әрі айқын нәтиже көбіне емдеу курсының соңында қалыптасады.

– Физиотерапия арқылы аурулардың алдын алуға бола ма?

– Иә, профилактикада оның рөлі өте маңызды. Физиотерапия қан айналымын жақсартып, бұлшықеттердің созылмалы кернеуін азайтады, ағзаның  жалпы  төзімділігін арттырады. Нәтижесінде аурулардың асқыну қаупі төмендейді. Әрине, ол негізгі емнің орнын баспайды, бірақ оны тиімді толықтырады.

Физиотерапия ағзаның қалпына келуін жеделдетеді деп айтуға бола ма?

Толық сеніммен айтуға болады.  Өйткені физиотерапия қан айналымын, зат алмасуды және тіндердің жаңару үдерістерін белсендіреді.  Ағза өз жұмысын тиімдірек атқарып, қалыпты жағдайына тезірек оралады. Әсіресе егде жастағы адамдар үшін оның маңызы зор.  Ауырсыну азаяды,  қозғалыс еркіндігі артады, ұйқы жақсарады, көңіл-күй көтеріледі.  Ең бастысы – адам ұзақ уақыт бойы белсенді өмір сүріп, күнделікті тіршілігін өз бетінше жалғастыра алады.  Физиотерапияның басты құндылығы да осында.  Ол ағзаға сырттан күш салмайды, керісінше оның табиғи мүмкіндіктерін оятады.  Кейде сауығудың ең тиімді жолы – ағзаның өзіне көмектесу екенін физиотерапия тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

– Төлеубала Төлегенқызы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіремін.

Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here