Ауылдың ажары инфрақұрылымның сапасында. Өйткені, өңірдің өркендеуі құрғақ статистикамен емес, тұрғындардың күнделікті тұрмысымен өлшенеді. Әр шаңыраққа үздіксіз жеткен ауыз су, сәулесі сөнбеген көше шамдары, қатынауға қолайлы жолдар, көркейген ауылдар мен қауіпсіз тұрғын үйлер – ел игілігіне бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Осындай қарапайым көрінгенімен, халықтың өмір сапасын айқындайтын әрбір істің артында жүйелі жоспар, тынымсыз еңбек және үлкен жауапкершілік бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің теңгерімді дамуын, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының сапасын арттыруды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап келеді. Бұл міндеттер бүгінде Алматы облысының Кеген ауданында да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ауданның инженерлік желілері жаңартылып, ауыз су жүйелері жетілдірілуде, көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделіп, елді мекендерді абаттандыру мен тұрғын үй қорын сақтау бағытындағы жұмыстар қарқын алған. Мұның бәрі тұрғындардың тұрмысын жақсартып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде. Осы бағыттағы атқарылған жұмыстар, қолға алынған ірі жобалар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен әңгімелеу үшін Кеген ауданының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абдыманапов Бек Берікұлымен арнайы сұхбаттасқан едік.

Жайлы өмір – сапалы инфрақұрылымнан басталады
– Бек Берікұлы, Президент халықтың өмір сүру сапасын арттыруда инженерлік инфрақұрылым мен коммуналдық қызметтердің сапасына ерекше мән беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Кеген ауданындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының бүгінгі ахуалына қандай баға берер едіңіз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, халықтың әл-ауқаты ең алдымен өмір сүру ортасының жайлылығымен өлшенеді. Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, Кеген ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде ауданымызда елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік желілерді жаңарту, электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру, көше жарығын көбейту, автомобиль жолдарын жөндеу және абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Туристік әлеуеті жоғары өңір ретінде заман талабына сай дамытуға да ерекше басымдық берілуде.
Әрине, таулы аймаққа тән ерекшеліктер мен тозығы жеткен инженерлік желілерге байланысты шешімін күтетін мәселелер бар. Дегенмен, олар мемлекеттік бағдарламалар аясында жоспарлы түрде кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Жалпы, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бүгінде тұрақты даму мен жаңғырту кезеңінде. Басты мақсатымыз – әрбір тұрғынның сапалы коммуналдық қызметке қол жеткізіп, жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасау.
– Биыл тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін коммуналдық салада қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Расында да, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – халықтың тұрмыс сапасын айқындайтын маңызды салалардың бірі. Сондықтан, біздің басты міндетіміз – аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен, тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етіп, елді мекендердің инфрақұрылымын жүйелі түрде дамыту.
Біздің мақсат – тек құрылыс жүргізу емес, ауданның әрбір тұрғыны өз ауылындағы оң өзгерісті күнделікті өмірінде сезінуі. Сондықтан, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы барлық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ауданның тұрақты дамуына қызмет ете береді. Ал, елді мекендерді көркейту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді. Сегіз ауылға балалар ойын алаңдары орнатылып, бұл мақсатқа 164,2 миллион теңге бөлінді.
Сондай-ақ, 11 елді мекенде жаңа көше жарықтары орнатылып, Саты ауылының жарықтандыру жобасы әзірленуде. Бұл бағыттағы жұмыстардың жалпы құны 106,3 миллион теңгені құрайды. Биыл ауданның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған тағы бір маңызды бастаманың бірі – Орта Меркі, Шет Меркі, Этно ауылы және Тұйық сарқырамасы бағыттарына электр желілерін тарту. Осы жұмыстарға 300 миллион теңге бөлінді.
Тұрғын үй қорын жаңғырту да назардан тыс қалған жоқ. Кеген ауылындағы екі және Тұйық ауылындағы бір көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, ауданның сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған бірнеше жоба қолға алынды. Кеген ауылының кіреберіс аркасынан ауылға дейінгі аумаққа абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Кеген ауылында ту тұғыры, жаяу жүргіншілер көпірі, кіреберіс стелласы бойынша жобалар әзірленуде. Шырғанақ ауылының аркасы қайта жаңартылып, Саты ауылының стелласы жөнделеді. Қарқара ауылында жастар саябағы салынып, LED экран орнатылды. Сонымен бірге Кеген, Түменбай ауылдарында жаңа шағын футбол алаңдары салынып, бірқатар ауылдардағы спорт алаңдары жаңартылуда. Жалпы, біз үшін инженерлік инфрақұрылымға салынған әрбір инвестиция бұл тек бүгінгі мәселені шешу емес, ертеңгі дамудың кепілі. Өйткені, тұрғындардың жайлы тұрмысы, өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен туристік әлеуеті ең алдымен сапалы инфрақұрылымнан басталады. Әрбір жоба нақты жоспарға сәйкес жүзеге асырылып, оның орындалу барысы тұрақты бақылауда ұсталады.
Таулы өңірдегі түйткілдер қалай шешілуде?
– Аудан тұрғындарын толғандыратын ең өзекті мәселелердің бірі – ауыз су және жылумен қамту. Осы бағытта бүгінгі ахуал қандай?
– Иә, аудан тұрғындарын толғандыратын ең маңызды мәселелердің бірі – ауыз сумен қамтамасыз ету. Әсіресе, Кеген ауылындағы ауыз су жүйесі 1983 жылы салынғандықтан, бүгінгі күні инженерлік желілердің тозуы салдарынан су тапшылығы байқалады. Сондықтан, бұл мәселені шешуді басты міндеттердің бірі ретінде қарастырып отырмыз.
Бүгінде Кеген ауданындағы 34 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл 91 пайыздық қамту деңгейі. Қалған елді мекендерді де сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Кеген ауылының ауыз су жүйесін салу және қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттама толық әзірленді. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 636 миллион теңгені құрайды. Жоба жүзеге асқан жағдайда ауылдың көп жылдан бері қордаланған ауыз су мәселесі түбегейлі шешімін табады деп күтілуде.
Сонымен қатар, Түменбай, Жалаулы, Жылысай және Тоғызбұлақ ауылдарының ауыз су жүйелерін жаңғырту бойынша жобалар дайындалды. Ал, Жалағаш, Саркөл, Мыңжылқы және Мойнақ ауылдарында жобалау жұмыстары жалғасуда. Шыбышы ауылында мемлекеттік актіні рәсімдеу аяқталған соң жоба мемлекеттік сараптамаға жолданады. Бұл жұмыстардың барлығы ауданның инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, тұрғындарды ұзақ мерзімге сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан бөлек, Ақсай ауылының ауыз су жүйесіне 52,8 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Күрметі ауылында 11 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілді. Ал, биылғы ең ірі жобалардың бірі – Ұзынбұлақ және Тасашы ауылдарының ауыз су жүйелерін салу және қайта жаңғырту. Бұл мақсатқа 959 миллион 539 мың теңге қарастырылды. Жоба толық іске қосылғаннан кейін аталған ауылдардың тұрғындары сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту тек ауыз сумен шектелмейді. Туристік әлеуеті жоғары Саты ауылы мен Көлсай көлдері аумағында кәріз суларын жинайтын сүзгі алаңының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаға 290 миллион 898 мың теңге бөлінді. Аталған нысан экологиялық қауіпсіздікті күшейтуге, санитарлық талаптарды сақтауға және туристік аймақтың инженерлік инфрақұрылымын заманауи деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Жылумен қамту мәселесіне тоқталсақ, Кеген ауданындағы елді мекендерде орталықтандырылған жылу жүйесі қарастырылмаған. Сондықтан, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар автономды жылыту жүйелерін пайдаланады. Осыған байланысты біздің негізгі міндетіміз – қазандықтардың техникалық жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап, оларды кезең-кезеңімен жаңарту, отын қорын уақытылы жасақтау және жылыту маусымын ешқандай іркіліссіз өткізу. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын арнайы жоспар негізінде жүзеге асырылады.
Жалпы, біз әрбір жобаны тұрғындардың нақты сұранысы мен ауданның ұзақ мерзімді даму қажеттіліктеріне сүйене отырып жоспарлаймыз. Мемлекеттік қолдау мен бөлінген қаражаттың тиімді игерілуінің нәтижесінде кезең-кезеңімен жаңарып, коммуналдық қызметтердің сапасы артып келеді.
– Халық көбіне мәселенің нәтижесін ғана көреді. Ал, коммуналдық саланың көзге көрінбейтін ең күрделі тұстары қандай? Күнделікті жұмыста қандай жауапкершілік жүктеледі?
– Расында да, коммуналдық шаруашылық нәтижесі көзге бірден байқалғанымен, негізгі еңбегі тасада қалатын салалардың бірі. Тұрғындар үйіне жарық үзілмей жетсе, ауыз су тұрақты берілсе, көшелер таза болып, жолдар қалыпты жағдайда тұрса, оның артында қаншама адамның күнделікті тынымсыз еңбегі жатқанын көпшілік біле бермейді. Коммуналдық шаруашылықтың ең күрделі тұсы – көзге көрінбейтін инженерлік инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Су құбырлары, электр желілері, кәріз жүйелері мен өзге де коммуналдық нысандар тәулік бойы қалыпты жұмыс істеуі тиіс. Кез келген техникалық ақау немесе табиғи қолайсыздық тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер етеді. Сондықтан, біздің жұмыс тек туындаған мәселені шешумен шектелмейді. Ең маңызды міндет – ықтимал тәуекелдердің алдын алып, инженерлік желілердің техникалық жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарлы жөндеу мен жаңғырту жұмыстарын уақытылы ұйымдастыру.
Сонымен қатар, бұл сала үлкен ұйымдастырушылық жауапкершілікті де талап етеді. Әрбір жобаның сапалы жүзеге асуы үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуден бастап мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу, мердігер ұйымдардың жұмысын үйлестіру, техникалық қадағалауды қамтамасыз ету, бөлінген бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді игерілуін бақылау – күнделікті қызметіміздің ажырамас бөлігі. Біз үшін ең үлкен нәтиже – тұрғындардың алаңсыз өмір сүріп, көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын күнделікті тұрмысынан сезінуі. Міне, осы сенім мен жауапкершілік біздің жұмысымыздың басты өлшемі болып қала береді.
Әрбір бастама – ел игілігі үшін
– Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан коммуналдық салаға қатысты қандай мәселелер жиі көтеріледі? Сол өтініштердің қаншасы нақты шешімін тауып жатыр?
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы халықтың күнделікті өмірімен тікелей сабақтас сала. Сондықтан, бұл бағытта тұрғындардан келіп түсетін әрбір өтініш пен ұсыныстың артында нақты өмірлік қажеттілік пен шешімін күткен мәселе тұрады. Біз үшін азаматтардың пікірі атқарылатын жұмыстың негізгі бағдары, ал олардың көтерген мәселелері алдағы жоспарларды қалыптастырудағы маңызды өлшем. Әрбір өтініш қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тіркеліп, мұқият зерделенеді. Мәселенің сипатына қарай тиісті мекемелермен бірлесіп нақты шешімдер қабылданады. Техникалық тұрғыдан жедел орындалатын немесе қосымша қаржыландыруды қажет етпейтін жұмыстар қысқа мерзімде жүзеге асырылады. Ал, инженерлік желілерді жаңғырту, су жүйелерін салу, жол және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту сияқты ауқымды жобалар жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді, мемлекеттік сараптамадан өтуді және бюджет қаражатын бөлуді талап етеді. Сондықтан, мұндай бастамалар белгіленген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен іске асырылады.
Ең бастысы, тұрғындардың бірде-бір өтініші назардан тыс қалмайды. Әр мәселе мүмкіндігіне қарай сараланып, оны шешудің тиімді тетіктері қарастырылады. Әрине, барлық түйткілді қысқа мерзімде шешу мүмкін емес. Кейбір жобалар қомақты қаржыны, ұзақ дайындықты және жан-жақты техникалық пысықтауды қажет етеді. Дегенмен, біздің ұстанымымыз өзгермейді: халықпен ашық диалог орнатып, әрбір өтінішке жауапкершілікпен қарап, нақты нәтижеге қол жеткізу. Өйткені, тұрғындардың мемлекетке деген сенімі алдымен олардың үні естіліп, көтерген мәселесі шешімін тапқан кезде нығаяды. Ал, елдің өркендеуі мен халықтың әл-ауқаты әрбір ауылдағы игі өзгерістен, әрбір көшедегі нақты істен басталады.
– Қызметіңізде сіз үшін ең маңызды ұстаным қандай? Мемлекеттік қызметкер ретінде аудан тұрғындарының сенімін ақтау үшін қандай қағидаларды басшылыққа аласыз?
– Мемлекеттік қызмет мен үшін елдің аманатын арқалау. Халықтың сенімімен келген қызметтің салмағы да, жауапкершілігі де ерекше. Сондықтан, қабылданған әрбір шешімнің артында адамның тағдыры, отбасының әл-ауқаты, тұтас өңірдің болашағы тұрғанын бір сәт те естен шығармаймын. Қызмет жолындағы басты ұстанымым – адалдық, әділдік, жауапкершілік және халыққа ашық болу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты біздің жұмысымыздың негізгі темірқазығы. Өйткені, мемлекет пен халықтың арасындағы сенім ең алдымен ашық диалогтан, уақтылы қабылданған шешімнен және нақты нәтижеден қалыптасады.
Мен үшін ең үлкен нәтиже тұрғындардың күнделікті тұрмысындағы оң өзгеріс. Әр шаңыраққа жеткен таза ауыз су, сапалы жол, жаңарған инженерлік желі, жарықтандырылған көше, уақытылы көрсетілген коммуналдық қызмет атқарылған еңбектің шынайы бағасы. Біз үшін әрбір ауылдың өсіп-өркендеуі, әрбір көшенің көркеюі, әрбір отбасының жайлы өмір сүруі ортақ мақсат. Сол себепті тұрғындардың әрбір өтінішіне жауапкершілікпен қарап, қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешуге күш саламыз. Кейде белгілі бір жобаларды жүзеге асыру уақыт пен қомақты қаржыны талап етеді. Алайда, ең маңыздысы халықтың көтерген мәселесі назардан тыс қалмай, оның нақты шешу жолы қарастырылуы тиіс. Халықтың сенімі мемлекеттік қызметкер үшін ең үлкен марапат әрі ауыр жауапкершілік. Сол сенімді ақтау менің ғана емес, бүкіл ұжымымыздың азаматтық парызы. Біз алдағы уақытта да Кеген ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды табандылықпен жалғастыра береміз. Өйткені, елдің қуаты өңірдің дамуынан, ал өңірдің дамуы халықтың әл-ауқатынан басталады.
– Бек Берікұлы, әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ











