Ұлт тарихында уақыт өткен сайын биіктей түсетін есімдер болады. Олардың еңбегі бір дәуірдің шеңберінде қалмай, кейінгі буынның рухани бағдаршамына айналады. Ахмет Байтұрсынұлы сондай биіктен көрінетін дара тұлға. Ол қазақ тілінің табиғатын ғылыми тұрғыдан зерделеп қана қоймай, ұлттық жазудың негізін қалыптастырды, ағартушылықтың арнасын кеңейтіп, елдің ертеңі білім мен ғылымда екенін ұрпақ санасына сіңірді.
Сондықтан Ұлт ұстазының есімін ұлықтау, бүгінгі болмысымыздың қайнарын танудың жолы. Ахмет мұрасы қазақтың тілі мен әдебиетінде, ғылымы мен білімінде, ұлттық ойлау жүйесінде жалғасып жатқан рухани сабақтастық. Осы мәні терең сабақтастық Алатау баурайында 5 қыркүйек күні айрықша көрініс тапты. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 154 жыл толды. Осы айтулы датаға орай зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, ұстаздар, тіл мамандары, өнер адамдары мен жастар Ұлт ұстазының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Ұлтқа қызмет еткен ұлы тұлға алдындағы ұрпақтың ілтипаты, тарихи жадының жаңғырығы, Ахаң аманатына деген бүгінгі буынның құрметі еді.

Тағылымды шара Байтұрсынұлы саябағындағы ескерткішке гүл қою рәсімінен басталып, одан әрі ұлт ұстазының музей-үйінде жалғасты. Мұнда дәстүрлі «Ұлт ұстазын ұлықтау» атты дөңгелек үстел өтті. 5 қыркүйектің Қазақстан халқының тілдері күнімен сабақтасуының өзі терең мағынаға ие. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлының бар ғұмыры қазақтың сөзіне, сауатына, біліміне және ұлттық санасына арналды. Ол қазақтың төл әліпбиін жасап, ана тілінде оқулық жазды. Қазақ тілінің заңдылықтарын жүйелеп, тіл білімінің ғылыми негізін қалыптастырды. Ғылымға жаңа терминдер енгізді. Оның «Тіл-құрал», «Оқу құралы» сынды еңбектері бірнеше буынның сауатын ашып, қазақ тіліндегі ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына жол салды. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлын тек «тіл ғалымы» деп шектеу аздық етеді. Ол қазақ тілінің ғылыми негізін қалыптастырған реформатор. Ол ұлттық мектептің іргесін қалаған ағартушы. Ұлттың рухани оянуына қызмет еткен қайраткер.


Дөңгелек үстелде Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық қызметі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттануына қосқан үлесі, ұлттық білім мен ғылымды дамытудағы тарихи орны, қазақ әліпбиін қалыптастырудағы еңбегі жан-жақты талқыланды. Шараның сөз тізгінін ұстаудың салмақты жүгі Әділет Ахметке жүктелді. Ғылыми жиынға Алматы қаласы әкімдігі Алматы қаласы әкімі аппаратының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филолог-ғалым Анар Фазылжанова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Анаркүл Салқынбай, актер, композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмінде басты рөлді сомдаған Байғали Есенәлиев, ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» ордені мен «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Осман және зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Ахмет Байтұрсынұлын жыл бойы, күн сайын айтсақ та, насихаттасақ та аздық етеді. Өйткені Алаш мұрасының мұраты ұлтты өркениетке жетелеуге қызмет ету болған. Ендеше, осы ұлы жолды бүгінгі ұрпақ жалғастырып, кейінгі буынға аманат етуге мүдделіміз. Шын мәнінде, Ахмет Байтұрсынұлы өзі жасаған еңбектің осылайша уақыт өткен сайын тарихи құндылыққа айналарын білген жоқ. Бірақ оның ұлт үшін атқарған қызметі мен қалдырған мұрасы бүгінгі күні де өз маңызын жоймай, ел руханиятына қызмет етіп келеді. Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметін таныту арқылы біз ең алдымен ұлтқа қызмет етудің биік үлгісін көрсетеміз, – деп пікір білдірді Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет.
Басқосуда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Анаркүл Салқынбайдың «А.Байтұрсынұлы ілімі» атты ғылыми монографиясының тұсаукесері өтті. Бұл еңбек – ұлт ұстазының ғылыми мұрасын тағы бір қырынан тануға мүмкіндік беретін маңызды зерттеу. Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық тұжырымдары, ғылыми-танымдық мұрасы мен қалыптастырған ілімінің қоғамдық мәні жан-жақты сараланған. Бұл жерде бір нәрсені айрықша атап өткен жөн. Ахаңды ұлықтау оның өмірбаянын қайта-қайта айтумен ғана шектелмеуі керек. Оның ғылыми ойын зерттеу, еңбектерін қазіргі ғылыммен сабақтастыру, жас зерттеушілерге таныту тұлғаны танудың әлдеқайда терең жолы. Себебі ұлы тұлғаның мұрасы ұрпақ санасында өмір сүргенде ғана өзінің шынайы мәніне ие болады.


Шара аясында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің қоры жаңа жәдігерлермен толықты. Актер, композитор Байғали Есенәлиев музей қорына Ахмет Байтұрсынұлы таққан пенсненің 1901 жылы жасалған ұқсас нұсқасын табыстады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Алматы қалалық филиалы ұжымы атынан Роллан мырза музейге естелік сый ұсынды. Бір қарағанда, бұл музей қорын толықтырған заттар ғана. Ал тереңірек үңілсек, әр жәдігердің ар жағында тұтас дәуір тұр. Өткеннің бір белгісі бүгінгі ұрпақтың қолына жеткенде, тарих құрғақ дерек болудан қалады. Ол көзге көрінетін, көңілге сезілетін шежіреге айналады.
Музейдегі фотокөрме де осы мақсатты көздеді. Қонақтар Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық жолын бейнелейтін фотосуреттермен, тарихи құжаттармен, жеке заттарымен танысты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Османның сөзі де шараның негізгі идеясын дөп басты.
– Егер біз ұлыларымызды ұлықтамасақ, келешегімізге көлеңке түседі. Қазақтың тұла бойындағы адами асыл қасиеттерді осындай тұлғалар арқылы ұрпаққа жеткізе білуіміз керек. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының ұлт үшін атқарған еңбегін бағалап, оның мұрасын кейінгі буынға насихаттау баршамыздың ортақ міндетіміз. Тіл мерекесінің дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сабақтасып, ұлттық мәнге ие болуының өзі үлкен тағылым. Осы айтулы мерекемен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын, – деп пікір білдірді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.
Шараның басты мақсаты – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-ағартушылық мұрасын кеңінен насихаттап, оның ұлттық білім мен ғылымның қалыптасуындағы айрықша орнын бүгінгі ұрпаққа таныту, тұлға тағылымын кейінгі буынға аманаттау еді. Бұл міндет өз деңгейінде орындалып, ғалым мұрасын зерттеушілер, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер саласының өкілдері бір шаңырақ астында бас қосып, ой бөлісті, тәжірибе алмасты. Тағылымды басқосуды Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет қорытындылап, келген қонақтарға ақжарма алғысын білдірді. «Ұлт ұстазын ұлықтау» атты дәстүрлі дөңгелек үстел осылайша Алаш арысының ұлт руханиятындағы биік орнын айшықтап, тарихи жадыны жаңғыртқан мазмұнды кездесуге айналды. Алаш көшбасшысының рухына құран бағышталып, құрметті қонақтарға ас берілді. Ұлт ұстазын ұлықтау бір күнмен шектелмейтін парыз. Дәстүрлі тағылымды шара ертең де жалғасын тауып, ғалымның туған күніне орай дөңгелек үстел өтпек. Айдан аман, жылдан есен өтіп, ел үшін еңбек еткен егейлерімізді еске алып, олардың аманатын кейінгі ұрпаққа жеткізе берейік. Ахмет Байтұрсынұлының ғибратты ғұмыры мен өлшеусіз мұрасы ұлтқа қызмет етудің өшпес өнегесі. Ұлы есім ұмытылмай, ұрпақ жадында жаңғыра бергей.
Индира БІРЖАНСАЛ









