One Health: болашаққа бастар ғылыми көпір

0
651

Ғылымның құндылығы адамзат алдында тұрған күрделі мәселелерге жауап таба білуінде. Соңғы жылдары індеттер, азық-түлік қауіпсіздігі мен биологиялық қатерлердің күшеюі әлем елдерін жаңа ғылыми шешімдер іздеуге мәжбүрледі. Осындай кезеңде Қазақстан ғылымы халықаралық әріптестікті нығайтып, жаһандық бастамалардың бел ортасынан көріне бастады. Бүгінгі таңда адам денсаулығы, жануарлар әлемі мен қоршаған ортаның қауіпсіздігі бір-бірінен ажырамас тұтас жүйеге айналды. Пандемиялар, жаңа жұқпалы аурулар, микробқа қарсы төзімділіктің артуы мен биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылымның шекарадан тыс бірлескен іс-қимылын талап етеді. Осындай жаһандық сын-қатерлер кезеңінде халықаралық ғылыми әріптестікті күшейтіп, озық зерттеулерді ортақ мақсатқа жұмылдыру – уақыттың басты талабы.

Соның жарқын дәлелі – Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі Ұлттық ғылым академиясы мен Қытай ғылым академиясының бірлесуімен ашылған One Health зерттеулер орталығы. Бұл орталық – ғылым мен тәжірибені ұштастыратын, екі елдің жетекші ғалымдарын ортақ мақсатқа жұмылдыратын және болашақтағы биологиялық қауіпсіздік пен қоғамдық денсаулықтың берік негізін қалыптастыратын маңызды ғылыми платформа.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, KazNARU Басқарма төрағасы – ректоры, академик Ақылбек Күрішбаев, Қытай ғылым академиясының академигі Гао Фу, Чжэцзян университетінің вице-президенті, профессор Ли Сяомин және Қазақстан мен Қытайдың жетекші ғылыми ұйымдарының басшылары, танымал ғалымдар мен сарапшылардың қатысуы шараның халықаралық маңызын айқындай түсті. Бұл басқосу ғылымды тоғыстырған тағылымды кездесу ғана емес, екі елдің стратегиялық ғылыми серіктестігін нығайтатын жаңа бастамалардың жарқын көрінісіне айналды.

Жаңа халықаралық ғылыми орталықтың негізгі мақсаты – «Біртұтас денсаулық» (One Health) тұжырымдамасы аясындағы бірлескен зерттеулерді дамыту, биологиялық қауіпсіздікті нығайту, микробиология, ветеринариялық медицина және қоғамдық денсаулық сақтау салаларындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейту. Бұл бағыттар қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі саналады.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Қытай ғылым академиясының Микробиология институты, Чжэцзян университеті және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті арасында төртжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл серіктестік туралы келісім, ғылымның шекарасын кеңейтіп, ортақ жауапкершілік пен ортақ мүддеге негізделген жаңа ғылыми кеңістіктің бастауы. Құжат бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты тереңдетуге, жас ғалымдардың академиялық ұтқырлығын арттыруға және биологиялық қауіпсіздік саласындағы озық тәжірибелерді өзара бөлісуге мүмкіндік береді.

Қытай ғылым академиясының академигі Гао Фу бүгінде адам мен жануарларға ортақ қауіп төндіретін жұқпалы және аллергиялық аурулардың алдын алу халықаралық ғылыми ынтымақтастықты талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, мал арасында кездесетін бірқатар тері аурулары адам денсаулығына да қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай қатерлерге қарсы күресте екі ел ғалымдарының тәжірибе алмасуы, бірлескен зерттеулер жүргізуі және жаңа ғылыми шешімдер әзірлеуі аса маңызды.

Қазіргі таңда аллергиялық аурулар жиі кездеседі. Сондай-ақ сиырлар мен басқа да жануарларда болатын тері аурулары бар. Олар адамға да, малға да зиянын тигізеді. Сондықтан екі елдің ғалымдары тәжірибе алмасып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіретін осындай ауруларды зерттеу мен емдеу бағытында күш біріктіруі қажет. Бұл бағытта бірнеше бірлескен жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – деді Қытай ғылым академиясының академигі Гао Фу.

Ендігі жерде Center for One Health Research халықаралық ғылыми орталығы ғылымның жаңа мүмкіндіктерін тоғыстыратын зияткерлік хабқа айналмақ. Мұнда микробиология, жұқпалы аурулар, микробқа қарсы препараттарға төзімділік, азық-түлік қауіпсіздігі және биологиялық қауіпсіздік бағыттарында әлемдік ғылыми қауымдастық үшін өзекті зерттеулер жүргізіледі.

KAZNARU Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимовтың айтуынша, One Health зерттеулер орталығы ғылымның бірнеше бағытын тоғыстырып, бүгінгі өзекті биологиялық қауіптерге кешенді түрде жауап іздейтін маңызды ғылыми алаңға айналады. Оның пікірінше, орталықтың басты басымдығы халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыру, білікті мамандар даярлау және адам мен жануарларға ортақ қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы тиімді ғылыми шешімдер әзірлеу.

Болашақта бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырамыз, кадр даярлау ісін күшейтеміз, сондай-ақ вакцина әзірлеу бағытында да жұмыс жүргіземіз. Өздеріңізге мәлім, көптеген жұқпалы аурулар жануарлардан адамға тарайды. Бұған қоса, қоршаған орта – су мен топырақ та түрлі инфекциялардың таралуына әсер етеді. Сондықтан осының бәрін кешенді түрде, көпсалалы ғылыми тәсілмен зерттейтін болсақ, бұл орталықтың болашағы өте зор болады деп сенеміз, – деді Пірімқұл Ибрагимов.

Қазақстан мен Қытай ғалымдарының ортақ ізденісі жаңа технологиялар мен тың ғылыми жаңалықтардың өмірге келуіне жол ашып, өңірлік қана емес, жаһандық деңгейдегі биологиялық сын-қатерлерге тиімді ғылыми жауап қалыптастыруға қызмет етеді. Сондықтан жаңа орталықтың жұмысы тек ғылыми қауымдастық үшін ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен қоғамдық денсаулықты нығайту ісі үшін де стратегиялық маңызға ие.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ғылымның басты миссиясы – адамзаттың ортақ мәселесіне жауап табу. Алматыда ашылған One Health зерттеулер орталығы осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған халықаралық ғылыми бастамалардың бірі. Адам денсаулығы, жануарлар әлемі және қоршаған ортаны біртұтас жүйе ретінде қарастыратын бұл орталық ғылыми ізденістердің жаңа кезеңін бастап қана қоймай, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті де жаңа деңгейге көтереді. Мұнда дүниеге келетін әрбір ғылыми жоба, жаңа технология мен жаңалық биологиялық қауіпсіздікті нығайтуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жұқпалы аурулардың алдын алуға қызмет етпек. Демек, бұл бүгінгі ғылымның жетістігі ғана емес, келешек ұрпақтың қауіпсіз әрі салауатты өміріне салынған берік ғылыми іргетас.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here