Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы интернетте шындыққа жанаспайтын, арандатушылық сипаттағы ақпарат күрт көбейгенін хабарлады. Соның ішінде жасанды интеллект арқылы жасалған материалдар да бар көрінеді. Бұл туралы Айбар Олжаев өзінің Facebook парақшасында жазды.
– Өзім де интернетті ақтарып, аз-кем зерттеу жасап едім. Әлгі материалдардың шындыққа жанаспауы былай тұрсын, қасақана ұйымдастырылғаны анық байқалады. Меніңше, осындай жалған жаңалықтар арқылы мемлекеттік институттарымызды жамандап, билік басындағыларды қаралап, қоғамда алауыздық тудыруды көздейді.
Әйтпесе, айналдырған бірнеше күннің ішінде үтір-нүктесіне дейін өзгермеген материалдың жүздеген сайтқа шығуын қалай түсінуге болады? Тіпті, қазақша жариялағандар да бар. Мәтінді ChatGPT арқылы аударғаны анық аңғарылады. Жасанды интеллектінің иісі әудем жерден сезіледі.
Мұндай ақпараттық шабуылдың күрт көбейгенін былай топшылап отырмын. Алда Құрылтай сайлауы келе жатыр. Еліміз үшін маңызды саяси кезең. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, Қазақстан әлемдік аренада да, ел ішінде де толағай табыстарға қол жеткізді. Мысалы, былтыр Қазақстанда Per capita income, яғни жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі бойынша бұрынғы кеңес одағы елдерінде ең жоғары көрсеткіш тіркелді.
Инвестиция тарту бойынша да еліміз өңірде көш бастап тұр. 2025 жылы ел экономикасына 22,7 триллион теңге қаражат құйылыпты. Мыңдаған шақырым жол салынып жатыр. Қазақстан «Орта дәліздегі» маңызды байланыстырушы хабқа айналып келеді. Мұның бәрі, әлбетте, ел тізгінін қолына ұстағандардың еңбегі екені сөзсіз.
Сөйтсек, Қазақстанның даму қарқынын көре алмайтындар бар екен. Ақпараттық шабуылдың көбейгені де соның себебі болса керек. Өйткені еліміздің өркендегені біреулерге ұнамайды. Өкінішке қарай, мұндай ақпараттық манипуляцияға ілесіп кетіп жатқан отандастарымыз да бар екені қынжылтады.
Ендеше, фейкті фактіден, манипуляцияны шындықтан қалай айырамыз? Ең әуелі, сындарлы ойлану қажет. Желідегі көрінген ақпаратқа сене бермей, ондағы мәліметтерді тексеру артық етпейді. Өйткені қоғамға іріткі салып, бірлігімізді бұзуды көксейтіндер жетерлік. Құрылтай қарсаңында ақпараттық шабуылдың күшейгенінің себебі де осы, – деп жазады ол.









