28 тамызда Астанада өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа бір палаталы заң шығарушы органның алдына қойылатын міндеттерді айқындап, елдің алдағы даму бағытына қатысты маңызды мәселелерді қозғады. Президенттің сөзі тек жаңа органның жұмысын бастауымен шектелмей, саяси жаңғыру, заң сапасы, экономика, әлеуметтік саясат, ұлттық сана және жасанды интеллект сияқты бірнеше бағытты қамтыды.
Президент Құрылтайдың жұмысын бастауын ел тарихындағы ерекше кезең деп бағалады. Оның айтуынша, жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтайдың ресми түрде жұмысқа кірісуі мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісінің басталғанын көрсетеді.
Сайлау саяси талапты күшейтті
Құрылтай сайлауына азаматтардың 74 пайыздан астамы қатысқан. Президент бұл көрсеткішті халықтың ел тағдырына қатысты таңдауына жауапкершілікпен қарауының көрінісі ретінде бағалады. Сайлауға халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 800-ге жуық байқаушы келгенін де атап өтті. Оның айтуынша, бұл – ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау науқаны барысында партиялар өз бағдарламаларын таныстырып, саяси алуандықтың жаңа сапалы деңгейі байқалғанын айтты. Сонымен қатар, депутаттарға қойылатын талаптың жоғары болатынын ескертті.
«Қазіргі заман құр уәденің, жалған сөз бен жалаң ұранның уақыты емес», – деді Президент.
Еске сала кетсек, 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауына жеті саяси партия қатысып, олардың бесеуі 5 пайыздық межеден өтті. Сайлау қорытындысы бойынша «Әділет», «Ауыл», «Respublica», «Ақ жол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Құрылтайда өкілдік ету құқығына ие болды. Жаңа бір палаталы заң шығарушы органның жалпы құрамы 145 депутаттан тұрады.
Құрылтайдың құзыреті қандай?
Құрылтайдың алғашқы сессиясында жаңа органның нақты өкілеттіктері де айқындалды. Құрылтайдың келісімімен Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалады. Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлап, оларды қызметінен босата алады.
Бұдан бөлек, Құрылтай Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыруға құқылы. Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Депутаттарға Үкіметке сенімсіздік білдіру және Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс енгізу құқығы да берілген. Бұл өкілеттіктердің ауқымын Президенттің өзі де атап көрсетті.
«Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді», – деді ол.
Демек, жаңа органның жұмысы тек заң қабылдаумен шектелмейді. Құрылтай сот жүйесі, сайлау органдары, бюджет және Үкімет қызметіне қатысты бірқатар маңызды шешімдерге қатысады.
Негізгі міндет – заңның сапасы
Президент Құрылтай алдында тұрған міндеттерді нақтылап, ең алдымен жаңа Конституция нормаларына сәйкес заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. Бұрынғы Парламент қабылдаған заңдарды жаңа конституциялық қағидаттарға сәйкестігі тұрғысынан қайта қарау да Құрылтайдың міндетіне кіреді.
Келесі мәселе – заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз ету. Қасым-Жомарт Тоқаев заңдардың әділетті, халыққа түсінікті әрі озық болуы керектігін атап өтті. Оның сөзінше, заңның әр нормасы мен әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет.
Осы жұмыста жасанды интеллектіні де пайдалану ұсынылды. Президент оның заң шығару қызметінің сапасын арттыруға және жемқорлыққа себеп болатын жағдайлардың алдын алуға көмектесетінін айтты. Сонымен бірге «E-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын хабарлады. Бұл жүйе цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстырып, Құрылтай жұмысына бейімделмек.
Президент үшін тағы бір маңызды талап – заң жобаларын сарапшылармен бірге талқылау. Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы қажет екенін айтты.
Балаларға қатысты заңдар
Сессия барысында әлеуметтік мәселелердің ішінде балаларды қорғауға қатысты міндеттер де көтерілді. Соның бірі – ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау жөніндегі заң. Президент атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құру, олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау және медициналық-әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен бірге ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтарды әр облыста және ірі аудандардың қалаларында салу қажеттігіне тоқталды.
Балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне қатысты Үкіметтің 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу туралы ұсынысты Президент қолдайтынын айтты. Бірақ, мұнымен бірге қабылданатын заңның іс жүзінде орындалуына мән берді: «қауқарсыз заң ешкімге қажет емес» екенін атап өтті.
Бұл жерде мәселе тек жаңа норманы қабылдауда емес, оның орындалуында екені анық көрінеді. Сондықтан, балалар қауіпсіздігіне қатысты заңның нәтижесі оны жүзеге асыру тетіктеріне тікелей байланысты болады.
Экономика және Ұлттық қор
Президент Құрылтайдағы сөзінде экономиканың қазіргі жағдайына да тоқталды. Индустрияландырудың қарқын алып, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарының ашылып жатқанын айтты. Сонымен қатар, коммуналдық, көлік, энергетика және су инфрақұрылымдарын жаңғырту жұмыстары басталғанын атап өтті.
Бұл жобаларды қаржыландыру мәселесінде Ұлттық қордың қаражатына да тоқталды. Мемлекет басшысы ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық пайдасы бар стратегиялық жобаларды қаржыландыру үшін қордан қаражат бөлу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды.
Президент Ұлттық қордың тиімділігін келер ұрпақтың игілігі жолындағы нақты нәтижемен байланыстырды.
Ұлттық сана мен тарихи жады
Жиында елдің болашағына қатысты мәселелермен бірге ұлттық сана мен тарихи жады тақырыбы да қозғалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тарихты біржақты түсіндіруден сақтану керектігін айтты. Оның сөзінше, халықтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерді ұмытуға болмайды, бірақ ұлт тарихын тек жеңілістер мен қайғылы оқиғалардан тұратын шежіре ретінде көрсету де дұрыс емес.
«Ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ», – деді Президент.
Мемлекет басшысы тарихи жадының бұрмаланбауына ерекше мән берді. Ол «ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайтынын» атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев тарихтың өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиістігін айтты. Сондай-ақ қоғамның аңызға емес, шынайылыққа сүйеніп, ғылымды дамытуға және нақты іспен айналысуға ден қоюы керектігін атап өтті.
«Тарих – ұлттың темірқазығы, халқымыздың баға жетпес қазынасы. Оны жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді», – деді Мемлекет басшысы.
Жастар мен әйелдер: саясаттағы жаңа буын
Құрылтайдың жаңа құрамындағы өзгерістердің бірі – әйелдер мен жастардың үлесінің артуы. Мемлекет басшысы мұны саяси реформалардың нақты нәтижелерінің бірі ретінде атады. Бұл ретте мәселе тек Құрылтай құрамының өзгеруінде емес, мемлекеттік басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуінде болып отыр.
«Бұрынғы Парламентпен салыстырғанда, Құрылтайдың құрамында әйелдер мен жастардың үлесі едәуір өсті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, соңғы жылдардағы ауқымды өзгерістердің нәтижесінде жігерлі, отаншыл, еңбекқор жастар әкімдік жүйесінде, мемлекеттік мекемелерде және бизнесте алдыңғы қатарға шыға бастаған. Яғни, жаңа буынның мемлекеттік және қоғамдық өмірдегі белсенділігі артып келеді. Мұны Президент реформалардың кездейсоқ нәтижесі ретінде емес, жүргізіліп отырған өзгерістердің негізгі мақсаттарының бірі ретінде көрсетті.
«Институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты да – биліктің барлық тармағындағы кадрларды жаңарту, яғни саясатқа жаңашыл, жасампаз адамдарды әкелу», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл сөз Құрылтайдың жаңа құрамына қойылатын талапты да аңғартады. Жаңа буынның келуімен бірге саясаттағы көзқарас пен жұмыс тәсілі де жаңаруы керек. Мемлекет басшысы қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм қажет емес екенін атап өтті.
Әлемдегі өзгеріс пен Қазақстан
Мемлекет басшысы елдің ішкі мәселелерімен қатар, әлемдегі қазіргі ахуалға да тоқталды. Президент бүгінгі халықаралық жағдайдың тұрақсыз сипатына назар аударып, әлемдегі оқиғалардың «тасыған селдей жүйесіз, бейберекет сипат» алып отырғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, мемлекеттер, әсіресе ірі елдер арасындағы өзара сенімге селкеу түскен. Бұл жағдай Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның институттарының жұмысына да әсер етіп отырғанын айтты. Сонымен қатар, қазіргі жағдайда өңірлік халықаралық ұйымдардың рөлі артып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы әлемдік аренада «Орта державалар» деп аталатын мемлекеттер тобы қалыптасып келе жатқанын айтып, Қазақстанның да осы санатқа кіретінін жеткізді.
Президент осындай жағдайда экономикасы, ғылымы, әскери-дипломатиялық мүмкіндігі дамыған және адам әлеуетін күшейте алатын мемлекеттер ғана жаңа дәуірге бейімделе алатынын атап өтті.
Тобықтай түйін
Құрылтайдың алғашқы сессиясы жаңа саяси кезеңнің басталғанын көрсетті. Енді халықтың назары жаңа органның сөзіне емес, жұмысына аумақ. Президент депутаттарға ел мүддесіне адал қызмет етуді тапсырды.
Құрылтайдың тарихи атауы да, кеңейген құзыреті де өздігінен нәтиже бермейді. Оның шынайы бағасы халықтың тұрмысынан, қабылданған заңдардың сапасынан және ел өміріндегі нақты өзгерістерден көрінеді. Сондықтан, алғашқы сессиядан кейінгі ең үлкен сұрақ біреу: Құрылтай халық күткен нәтижені көрсете ала ма? Бұл сұрақтың жауабын уақыт еншісіне қалдырдық.
Жансая Шыңғысханқызы,
ҚР Президенттік орталығы Креативтік жобалар қызметінің аға сарапшысы









