Үржарда «Алмат балуан» кітабының тұсаукесері өтті

0
100

Спорттағы үлкен жеңіс бір күнде келмейді. Оның ар жағында баланың алғашқы талпынысы, ұстаздың маңдай тері, ата-ананың үміті, жылдар бойғы тынымсыз еңбек пен туған жердің тәрбиесі тұрады. Ал әлемдік додаларда ел намысын қорғаған спортшының ғұмыр жолы кітапқа айналса, бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір өңірдің спорт тарихын түгендеген тағылымды еңбек. Үржар ауданында Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионаттарының бес дүркін жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Лондон және Рио Олимпиада ойындарының қатысушысы, Үржар ауданының Құрметті азаматы Алмат Қабдырашұлы Кебіспаевтың өмірі мен спорттағы жолына арналған «Алмат балуан» кітабының тұсаукесері өтті.

Тағылымды шараға аудан басшылығы, спорт ардагерлері мен сала өкілдері, жаттықтырушылар, спортшылар, жас балуандар, зиялы қауым өкілдері, кітаптың жарық көруіне қолдау білдірген азаматтар мен аудан тұрғындары қатысты. Кітапты жазған – педагог, дене шынықтыру және спорт саласының ардагері, бірнеше кітаптың авторы Серік Қабидоллаұлы Жексенбаев. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, спорт саласының тынысын терең білетін қаламгер бұл еңбегінде Алмат Кебіспаевтың спорттағы жолын, қалыптасу кезеңдерін, бағындырған белестерін арқау еткен.

Алмат Кебіспаевтың спорттағы сапары туған жері Үржардан басталды. Қарапайым спорт залында күрестің алғашқы әдістерін меңгерген жас балуан уақыт өте келе әлемдік ареналарға жол тартты. Азия чемпионаттарында топ жарып, әлем чемпионаттарында жүлде алып, Лондон мен Рио Олимпиадаларында ел намысын қорғады.Бұл жетістіктердің әрқайсысының артында үлкен еңбек бар. Ал еңбекпен келген нәтиже ғана уақыт сынынан өтеді. Сондықтан Алмат Кебіспаевтың спорттағы жолы жас спортшылар үшін жетістікке бастар жолдың нақты мысалы.

Туған жердің спорт тарихында бапкердің орны бөлек. Шәкірттің бойындағы қабілетті танып, оны шыңдау – үлкен жауапкершілік. Алмат Кебіспаевқа күрестің алғашқы әліппесін үйреткен Жұмаш Иманбаевтың еңбегі де осы тұрғыдан айрықша аталды. Үржар ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы талай шәкірттің спорттағы алғашқы қадамына бағыт берген тәжірибелі маман.

Сондай-ақ жиында қазақ спортының абыройын халықаралық додаларда қорғаған, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Бейжің және Лондон Олимпиада ойындарының қатысушысы, Үржар ауданының Құрметті азаматы Дархан Баяхметов, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының алтын және екі дүркін қола жүлдегері, әлем чемпионы Ербол Қоңыратов сынды спорт майталмандарының да орны айрықша болды.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде лентаны Алмат Кебіспаевтың алғашқы бапкері Жұмаш Иманбаев, Дархан Баяхметов және Ербол Қоңыратов қиды. Бұл рәсімнің символдық мәні де бар. Өйткені спортшының жеңіс жолында бапкер тәлімі мен аға буынның өнегесі қашанда қатар жүреді.

Жиында Алмат Қабдырашұлы Кебіспаевтың өзіне сөз беріліп, спорттағы жолына қатысты естеліктерімен бөлісті. Даңқты балуанның ата-анасы Қабдраш Түсіпбекұлы мен Марияш Хасенғазықызы да жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ата-ана үшін перзенттің жеңісі медаль мен атақтан бұрын маңдай тердің өтеуі, ел алдында абыроймен жүргенінің белгісі.

«Алмат балуан» кітабының құндылығы спортшының жетістіктерін тізіп көрсетумен ғана шектелмей, сол жетістіктердің бастауында тұрған ортаны, ұстазды, ата-ананы, туған жерді назардан тыс қалдырмауында. Өйткені үлкен спорттағы әр жеңістің артында көзге көріне бермейтін үлкен еңбек пен адамдық қолдау бар. Үржардан басталған балуан жолының Олимпиада төріне дейін жетуі туған жердің түлегіне деген ел сенімінің де көрінісі. Ал сол жолдың кітап болып хатталуы бүгінгі буынға өнеге, ертеңгі ұрпаққа аманат.

Спортшының жеңісі тұғырда қалмайды. Ол ел жадында, туған жер тарихында және кейінгі ұрпақтың санасында жалғасқанда ғана мәні арта түседі.

«Алмат балуан» кітабы – осындай сабақтастықтың бір көрінісі.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here