«Ғылым ордасында» халықаралық ғылыми симпозиум өтті

0
64

2026 жылғы 15–16 қыркүйекте «Ғылым ордасы» РМК-да «Палеонтология, зоология, археология, археография: қор жинақтарын пәнаралық зерттеу және оларды жаңа материалдармен толықтыру («Ғылым ордасы» музейлері негізінде)» тақырыбында халықаралық ғылыми симпозиум өтті.

Ғылыми жиын музей қорларын зерттеу, сақтау және ғылыми айналымға енгізу, палеонтологиялық, зоологиялық, археологиялық және археографиялық материалдарды пәнаралық тұрғыда зерделеу, заманауи зерттеу әдістерін қолдану және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға арналды.

Симпозиумға онлайн және офлайн форматта Қазақстан, Қытай, Франция, Ресей және Өзбекстаннан ғалымдар мен зерттеушілер, музей мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары және жас ғалымдар қатысты.

Іс-шараның ашылуында «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Нұрлан Сейдін музей қорларының ғылыми зерттеулердегі маңызын атап, тарихи-мәдени және табиғи мұраны сақтау мен ғылыми айналымға енгізудің өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ музей қорлары негізінде ғылыми жобаларды жандандырып, пәнаралық зерттеулерді кеңейту арқылы отандық ғылымның әлеуетін арттыру қажеттігін атап өтті.

Симпозиумның пленарлық отырысында Қазақстан ғылымының тарихы мен табиғи мұраны зерттеудің заманауи бағыттары таныстырылды. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың Қазақстан ғылымын қалыптастырудағы тарихи рөлі мен ғылыми мұрасы, Тұран жолбарысының тарихына қатысты нарративтік құжаттар мен музейлік материалдар қарастырылды. Сондай-ақ зооархеологиялық зерттеулерде масс-спектрометрияға негізделген ZooMS әдісінің принциптері және оның Орталық Азияда қолданылуы таныстырылып, биология мен зоология терминдерінің қазақ тіліндегі баламалары сөз болды.

Симпозиумның ғылыми бағдарламасы бес секцияны қамтыды.

«Палеонтологиялық коллекцияларды сақтау, реставрациялау және зерттеу» секциясында палеонтологиялық қорларды сақтау мен зерттеудің заманауи әдістері, оның ішінде micro-CT, 3D-сканерлеу және цифрлық морфометрия технологиялары таныстырылды. Қытай Ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері Ли Вэйчан (Li Weichang) Солтүстік Қытайдың төменгі бор кезеңіндегі тероподтардың эволюциясына қатысты зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

«Зоологиялық қорлар және биоалуантүрлілік» секциясында Жоғарғы Ертіс бассейніндегі балықтардың түрлік алуантүрлілігі, керқұланды (Equus ferus przewalskii) реинтродукциялау мониторингі және зоологиялық музей қорларындағы сүтқоректілердің сипаттамалары сөз болды. Бұдан бөлек, Табиғат музейінің орнитологиялық және энтомологиялық коллекцияларының қалыптасуы мен ғылыми маңызы таныстырылды.

«Археологиялық материалдарды пәнаралық зерттеу және интерпретация» секциясында Қапал–Қызылағаш 1 қалашығының археозоологиялық материалдары мен керамикалық кешеніне жүргізілген зерттеу нәтижелері, сондай-ақ 2026 жылғы археологиялық жұмыстар ұсынылды. Қарақалпақстанның археологиялық және этнографиялық мұрасын зерттеу, жинақтау және сақтау тәжірибесі де таныстырылды.

«Археография, жазба деректер және музей қорлары» секциясында Д.А. Қонаев музейі қорындағы қолжазба құжаттарды ғылыми талдау, арабжазулы археографиялық мұраны зерттеу, XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басындағы Әмудария бөлімінің қазылық кітаптары және Маңғыстау халқының полиэтникалық құрамын музей экспозициясында көрсету мәселелері қарастырылды.

«Цифрлық технологиялар және музей коллекциялары» секциясында Табиғат музейінің палеонтологиялық коллекцияларының ғылыми және цифрлық әлеуеті, музей артефактілерін есепке алудың цифрлық жүйелері және тарих сабақтарында заманауи технологияларды пайдалану бағыттары ұсынылды.

Екі күндік симпозиумда отандық және шетелдік зерттеушілер тәжірибе алмасып, музей қорларын зерттеу мен пәнаралық тәсілдерді жетілдіру жолдарын талқылады. Іс-шара ғылыми байланыстарды нығайтуға және «Ғылым ордасы» музейлерінің зерттеу әлеуетін арттыруға ықпал етті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here