Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскерилердің отбасыларына 815 млн теңге бөледі

0
125

Қазақстан Халық Кеңесінің 17 мүшесі Каспий теңізінің жағалауында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсетуге 815 млн теңге бөледі.

Қайырымдылық бастамасына еліміздің әр өңіріндегі бизнес өкілдері қосылды. Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының хабарлауынша, қаражат қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына тікелей беріледі.

Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен Integra Construction KZ бас директоры Шахмурат Муталип қаза тапқан әскери қызметшілердің әрбір отбасына 25 млн теңгеден жолдайды.

– SA Construction Group бас директоры Гаджи Гаджиев отбасыларға көмекке 100 млн теңге, Karazhal Operating негізін қалаушы Жұмабек Жанықұлов 50 млн теңге бөледі. Бақыт Атайбеков, Дмитрий Лактюшин және Имамзада Шағыртаев 10 млн теңгеден бөледі. Геннадий Зенченко, Акбаржон Исмаилов, Александр Куприенко, Сырым Ертаев және Лугмар Буларов 5 млн теңгеден жібереді, – деп хабарлады Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы.

Сонымен қатар, бастамаға Николай Арсютин, Рафаил Гаджибалаев, Манас Ташыбеков, Латипша Асанов және Абдулла Исматуллаев қосылды. Олардың әрқайсысы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларын қолдауға 1 млн теңгеден бөледі.

Бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, барлық қажетті көмек ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Біздің әскери қызметшілеріміздің қаза болуы – ең алдымен үлкен адамзат қасіреті. Мемлекет басшысының өкімімен 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын, ал зардап шеккендерге тезірек сауығып, үйлеріне оралуын тілеймін, – деді Ерлан Қошанов.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here