Ақпарат көбейген сайын оны дұрыс таңдаудың маңызы арта түседі. Бүгінгі таңда адам баласы ақпаратқа бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен қол жеткізеді. Бір ғана смартфонның көмегімен әлемнің кез келген түкпіріндегі жаңалықты оқып, электронды кітапты жүктеп, ғылыми мақалаға көз жүгіртіп, бірнеше секунд ішінде қажетті мәліметті табуға болады. Тіпті, жасанды интеллект сұраққа жауап беріп, мәтін құрастырып, ақпаратты саралауға көмектесетін деңгейге жетті. Осындай заманда «Кітапханаға әлі де қажеттілік бар ма? Ал, кітапханашының бүгінгі қоғамдағы орны қандай?» деген сұрақтар туындауы мүмкін. Бірақ, дәл қазір кітапханашының рөлі бұрынғыдан да маңызды. Себебі, бүгінгі мәселе – ақпараттың жоқтығы емес, ақпараттың тым көптігі. Сол көп ақпараттың ішінен қажеттісін таңдау, оның шынайылығына көз жеткізу, сенімді дереккөзді табу, алынған мәліметті дұрыс пайдалану – үлкен мәдениет пен сауаттылықты талап етеді. Ал, осы жолда кітапханашы оқырманға бағыт көрсететін білім навигаторына айналып келеді.
Кітапханашы мамандығы туралы түсінік уақыт өте өзгерді. Бұрын кітапханашының негізгі міндеті оқырманның сұранысына сәйкес кітапты тауып, оны тіркеп, оқырманға ұсынумен шектелетіндей көрінетін. Бүгінгі кітапханашының қызмет аясы әлдеқайда кең. Қазіргі кітапхана – кітап сақталатын орын ғана емес. Ол – білім алатын, ғылыми ізденіс жүргізетін, пікір алмасатын, шығармашылықпен айналысатын, кәсіби дамуға мүмкіндік беретін интеллектуалдық орта. Кітапханашы да осы ортаның бағыт-бағдарын айқындайтын маман. Ол оқырманға қажетті кітапты көрсетумен қатар, ақпаратты қалай іздеу керектігін, қандай дереккөзге сенуге болатынын, ғылыми мәліметті қалай пайдалануға болатынын түсіндіреді. Кейде оқырманға бір ғана кітапты тауып беру оның сұрағына толық жауап болмауы мүмкін. Оның артында тағы бірнеше сұрақ тұрады: Бұл ақпарат қайдан алынған? Авторы кім? Дерек қаншалықты сенімді? Ғылыми жұмысқа пайдалануға бола ма? Дәйексөзді қалай рәсімдеу қажет? Осы сұрақтардың барлығы қазіргі кітапханашының кәсіби міндетімен тығыз байланысты.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасында жұмыс істей жүріп, мен оқырман мен кітапхана арасындағы байланыстың қаншалықты маңызды екенін күн сайын байқап келемін. Кітапханаға келетін әр оқырманның мақсаты әртүрлі. Бір студент дипломдық жұмысына қажетті әдебиетті іздейді. Екіншісі ғылыми мақалаға дерек жинайды. Үшіншісі сабаққа дайындалады. Тағы бірі көркем әдебиет арқылы рухани әлемін байытқысы келеді. Ал, кейбірі тыныш ортада отырып, өз ойымен жұмыс істеу үшін кітапхананы таңдайды. Әр оқырманның сұранысы әртүрлі болғанымен, барлығына ортақ бір қажеттілік бар. Ол – дұрыс бағыт. Кітапханашының жұмысы дәл осы тұста басталады. Кейде оқырманның не іздеп отырғанын оның сұрағынан ғана емес, әңгімесінен аңғаруға тура келеді. Кейде студент нақты кітаптың атауын білмейді, тек өзіне қажетті тақырыпты айтады. Мұндай жағдайда кітапханашы оның сұранысын түсініп, қажетті ақпаратқа бастайтын жолды көрсетуі керек.
Бұл – жай ғана қызмет көрсету емес.
Бұл – адамға білім іздеу мәдениетін үйрету.
Бүгінгі кітапхана оқырманды тек кітаппен қамтамасыз етумен шектелмеуі тиіс. Ол адамның білім алуына, ізденуіне және өзара қарым-қатынас жасауына жағдай жасайтын орта болуы керек. Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхананың кеңістігі де осы талаптарға жауап беруге бағытталған. Мұнда ашық қор ретінде жаңа технологиялармен жабдықталған үлкен оқу залдары, конференц-зал, академиялық жазылым орталығы, компьютерлік зертхана, жеке және топтық жұмыс орындары (тыныш аймақ), демалыс бөлмелері, ана мен бала бөлмесі, кафетерий және музей орналасқан. Бір қарағанда, бұлардың барлығы кітапхана ұғымына тікелей қатысы жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, тереңірек қарасақ, олардың барлығы бір мақсатқа – білім алушыға қолайлы интеллектуалдық орта қалыптастыруға қызмет етеді. Студент жеке жұмыс істей алады. Топпен жоба дайындайды. Конференцияға қатысады. Ғылыми жұмысын жазады. Қажетті ақпаратты іздейді. Оқытушымен пікір алмасады. Семинар мен тренингтерге қатысады. Яғни, кітапхана – үнсіздік пен сөрелер ғана емес, ой мен идея тоғысатын кеңістік.
Ақпараттың қолжетімділігі артқан сайын академиялық адалдықтың маңызы да күшейіп келеді. Қазір кез келген мәтінді интернеттен табуға, дайын ақпаратты көшіруге, тіпті жасанды интеллект көмегімен мәтін құрастыруға мүмкіндік бар. Бірақ, дайын ақпаратты пайдалану мен оны өз еңбегіндей көрсету – екі бөлек мәселе. Ғылымда әр автордың еңбегіне құрмет болуы керек. Біреудің ойын пайдалансаң, дереккөзін көрсету – мәдениет. Автордың сөзін бұрмаламау – жауапкершілік. Өзгенің еңбегін иемденбеу – адалдық. Сондықтан, академиялық адалдық – тек университет ережесі емес. Ол болашақ маманның кәсіби мәдениетін қалыптастыратын маңызды құндылық. Кітапханада осы бағытта кеңес беру, семинарлар мен тренингтер өткізілуде.
Студентке кітап тауып беру – бір міндет болса, сол кітаптағы ақпаратты ғылыми жұмыста дұрыс қолдануды үйрету – одан да маңызды міндет.
Бүгінгі қоғамды жасанды интеллект тақырыбынсыз елестету қиын. Жасанды интеллект көптеген процесті жеңілдетіп, ақпарат іздеуге, мәтін құрастыруға, идея ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Оны білім алу мен ғылыми ізденісте тиімді қолдануға болады. Бірақ, бір нәрсені ұмытпауымыз керек: технология адамның сыни ойлау қабілетін алмастырмауы тиіс. Жасанды интеллект берген жауаптың бәрі шындық болмауы мүмкін. Ол қателесуі, ескірген ақпарат ұсынуы немесе деректі дұрыс түсіндірмеуі ықтимал. Сондықтан, бүгінгі студентке «ақпаратты тап» деу жеткіліксіз. Оған «ақпаратты тексер», «салыстыр», «дереккөзін анықта», «ой елегінен өткіз» деп үйрету қажет. Міне, осы жерде кітапханашының жаңа рөлі айқындала түседі. Бүгін кітапханашы технологиямен бәсекелес емес. Керісінше, технологияны дұрыс пайдалануға бағыт беретін маман. Жасанды интеллект ақпаратты ұсынуы мүмкін. Бірақ, оның қаншалықты сенімді екенін анықтау, қажетті деректі таңдау және оны ғылыми тұрғыда дұрыс пайдалану – адамның жауапкершілігі.
Ақпарат дәуірінде кітапханашының өзі де үнемі білім жетілдіріп отыруы керек. Жаңа технология, электрондық ресурстар, ғылыми дерекқорлар, цифрлық каталогтар, академиялық жазылым, ақпараттық сауаттылық, жасанды интеллект – мұның барлығы қазіргі кітапханашының кәсіби әлемінің бір бөлігіне айналды.
Бүгінгі кітапханашы кітап қорын білуі, ақпаратты іздеуді, цифрлық технологияны меңгеруі, оқырманмен дұрыс қарым-қатынас жасай білуі, ғылыми ізденістің ерекшелігін түсінуі, академиялық адалдық қағидаларын білуі керек. Яғни, кітапханашы – өзі де өмір бойы білім алатын маман. Мысалға – мен, осы кітапханада 26 жыл қызмет атқарып келемін және әр жаңашылдыққа ашық болып, өз кәсіби қабілеттерімді шыңдап отырамын.
Оқырманға жол көрсету үшін алдымен өзіңнің жолыңды анық білуің қажет. Кітапхананың ең үлкен құндылығы – адам. Кітапханадағы ең үлкен құндылық кітаптың өзі ғана емес. Ол – оқырман. Өйткені, кітаптың құндылығы оны оқитын адам болғанда ғана ашылады. Сондықтан, кітапханашының еңбегінің мәні де кітап пен адамды кездестіруде жатыр. Бір студент кітапханаға алғаш келгенде қажетті ақпаратты қалай іздеу керектігін білмеуі мүмкін. Уақыт өте келе ол дерекқормен жұмыс істеуді, ғылыми әдебиетті таңдауды, ақпаратты саралауды үйренеді.
Бәлкім, бүгін кітапханадан іздеген бір ғана мақаласы ертең оның ғылыми жобасына негіз болар.
Бәлкім, бүгін оқыған бір кітабы болашақ мамандығын таңдауға әсер етер.
Бәлкім, кітапханашының бір ауыз кеңесі оның зерттеушілік жолына бағыт берер.
Кітапханашы еңбегінің ең үлкен нәтижесі – осындай сәттерде.
Қоғам өзгерген сайын кітапхана да өзгереді. Бірақ, оның басты мақсаты өзгермейді – адамға білімге апаратын жол көрсету.
Кеше бұл жол кітап сөрелерінің арасынан басталса, бүгін ол электрондық каталогтан, ғылыми дерекқордан, академиялық жазылым орталығынан, цифрлық платформадан басталуы мүмкін.
Ал, сол жолдың қайсысын таңдау керектігін түсіндіретін маман қажет.
Ол – кітапханашы.
Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханада күн сайын жүзеге асып жатқан әрбір кеңес, әрбір семинар, әрбір тренинг, әрбір ғылыми ізденіс – білімге жасалған бір қадам.
Кітапханашының міндеті – кітапты оқырманға жеткізу ғана емес. Оның міндеті – оқырманды білімге жеткізу. Ақпарат көбейген заманда бұл – аса үлкен жауапкершілік. Сондықтан, кітапханашы – өткеннің маманы емес. Ол – бүгіннің де, болашақтың да маманы.
Кітапханашы – ақпарат дәуіріндегі білім навигаторы.
Гүлдана Қалиева,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің
Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхана жетекші кітапханашы









