Кітапсүйер қауымға тарту: автономды кітапханалар дәуірі

0
46

Кітапхана дегенде көз алдымызға үнсіздікке тұнған кең зал, қатар-қатар тізілген кітап сөрелері, ескі кітаптың өзіне ғана тән жұпар иісі, білімге құштар оқырман мен жылы жүзді кітапханашы елестейді. Бұл – өткеннің даналығы мен бүгіннің танымы тоғысқан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани қазына сақталған қасиетті мекен.

Әрбір кітап – жаңа әлемге бастайтын есік болса, кітапхана – сол әлемдердің кілтін ұсынатын білім ордасы. Мұнда келуші тек кітап оқып қана қоймай, дүниетанымын кеңейтіп, ой-өрісі мен сана-сезімін байытады, қиялына қанат бітіріп, жүрегіне асыл құндылықтарды ұялатып, рухани кемел тұлғаға айналады. Алайда, цифрлық дәуірдің қарқынды дамуы бұл ұғымды түбегейлі өзгертіп келеді. Бүгінде әлемнің көшбасшы елдерінде кітапхана енді белгілі бір қабырғамен не ғимаратпен  шектелмейді. Ол метро станцияларында, сауда орталықтарында, әуежайларда, теміржол вокзалдарында, университеттер мен қоғамдық кеңістіктерде бой көтеріп, оқырманға тәуліктің кез келген уақытында қызмет көрсете алатын заманауи мәдени-ағартушылық орталыққа айналды.

Осындай түбегейлі өзгерістің айқын көрінісі –  озық үлгідегі автономды өзіне-өзі қызмет көрсету кітапханасы.

Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, бұл үрдіс әлдеқашан орныққан. Әр ел бұл жүйені өз қажеттілігіне қарай дамытып, қызықты тәжірибелер қалыптастырды. Мысалы, Сингапур автономды кітапханаларды цифрлық технологиямен ұштастыруда ерекше жетістікке жетті. Мұнда кітаптарды беру мен қабылдау толық автоматтандырылған. RFID технологиясы кітаптарды санаулы секундта рәсімдеуге мүмкіндік береді, ал автоматты сұрыптау жүйелері қайтарылған кітаптарды өз бөлімдеріне бөліп орналастырады.

Кейбір кітапханаларда алдын ала тапсырыс берілген кітапты смарт-локерден тәуліктің кез келген уақытында алуға болады. Пайдаланушы мобильді қосымша арқылы кітапқа тапсырыс береді, жүйе дайын болған кезде хабарлама жібереді, ал оқырман арнайы код арқылы кітабын алып кетеді.

Бұл тәжірибе уақытты үнемдеп қана қоймай, кітапхана қызметкерлерінің жұмысын да жеңілдетеді. Олар техникалық рәсімдерге емес, оқырмандармен жұмысқа, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға және ақпараттық қызметке көбірек көңіл бөле алады.

Ал, Оңтүстік Кореяда автономды кітапханалар метро станцияларында, теміржол вокзалдарында, университеттерде және сауда орталықтарында орналасқан. Мұндай шешім адамдардың күнделікті қозғалыс бағытын ескере отырып қабылданған. Мысалы, жұмысқа бара жатқан адам таңертең кітап алып, кешке қайтаруы немесе керісінше бірнеше күнге алып кетуі мүмкін.

Германияда автономды кітапхана жүйесі кітаптарды өздігінен алу және қайтару терминалдарымен ғана шектелмейді. Кейбір қалаларда кітапхана жабық кезде де жұмыс істейтін кітап қабылдау құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар, алдын ала брондалған кітаптарды смарт-локерлерден алуға болады.

Егер осыдан жиырма-отыз жыл бұрын кітапхананың болашағын болжаған болсақ, көпшілік оның негізгі міндеті өзгермейді деп ойлар еді. Алайда, технологияның қарқынды дамуы кітапхана ұғымын түбегейлі жаңартты. Бүгінде әлемнің көптеген елінде кітапхана дәстүрлі түсініктен арылып, тәулік бойы қолжетімді, цифрлық технологиялармен жабдықталған әрі оқырманға барынша ыңғайлы қоғамдық кеңістікке айналып келеді. Бұл өзгерістің негізінде «кітапхана пайдаланушыға бейімделуі тиіс» деген қағида жатыр. Бұрын оқырман кітапхананың жұмыс уақытына бейімделсе, бүгін кітапхана оқырманның өмір салтына икемделіп келеді.

Автономды кітапханалардың қоғамдағы рөлі тек кітап берумен ғана шектелмейді. Кейде олар адамдар арасындағы күтпеген байланыстардың басталуына да себеп болады. Мәселен, 2026 жылы АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Little Free Library шағын қоғамдық кітапханасында ерекше оқиға тіркелді. Кітаптардың бірінің арасынан 2003 жылы жазылған қолжазба хат табылды. Онда әжесі немересіне туған күніне арналған жүрекжарды тілегін жазған екен. Кітапты алған оқырман хаттың иесін әлеуметтік желілер арқылы іздеп тауып, 23 жылдан кейін оны өз иесіне қайтарды. Осы оқиға екі бейтаныс адамның танысып, кейін достық қарым-қатынас орнатуына себеп болды. Бұл мысал автономды кітапханалардың тек кітап алмасу орны ғана емес, адамдарды жақындастыратын, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты сақтайтын мәдени кеңістік екенін айқын көрсетеді.

Қазақстанда бұл бағыттағы алғашқы жүйелі тәжірибені Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жүзеге асырды. 2024 жылғы 21 наурыз айында Астана қаласында өткен халықаралық «Наурыз фестивалі» аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа автономды өзіне-өзі қызмет көрсету кітапханалары таныстырылып, 2024 жылдың аяғы мен 2025 жылдың басында Алматы қаласында біртіндеп іске қосыла бастады. Бұл бастама кітапхана қызметін цифрландыруға, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуге және кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды жобалардың бірі болды.

Бүгінде отызға жуық автономды өзіне-өзі қызмет көрсету кітапханалары іске қосылды. Олар метро бекеттерінде, сауда және ойын-сауық орталықтарында, жоғарғы оқу орындарында және басқа да қоғамдық орындарда орналасқан. Мұндай орындардың таңдалуы кездейсоқ емес. Бұл – күн сайын мыңдаған адамның жүріп өтетін бағыттары. Осы арқылы кітапхана қызметі тұрғындарға бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Автономды кітапхананың айлық көрсеткіштері 500 кітап, 300 жаңа оқырманды құрайды.

Автономды кітапхана автоматтарының негізгі ережелері мынадай: Пайдаланушы электрондық оқырман билеті арқылы қажетті кітапты өздігінен рәсімдеп алып, оқып аяқтағаннан кейін оны қаладағы кез келген автономды кітапханаға қайтара алады. Жүйенің негізінде кітап қорын автоматты түрде есепке алуға мүмкіндік беретін RFID технологиясы қолданылады. Бұл қызмет көрсету уақытын қысқартып, кітап қозғалысын тиімді басқаруға жағдай жасайды.

Алматы қаласы бойынша автономды кітапханалардың мекенжайы:

  • Sputnik («Мамыр-1» шағын ауданы, 8 а);
  • Atakent Mall (Тимирязев көшесі, 42 к3);
  • Asia Park (Райымбек даңғылы, 514 а);
  • Globus (Абай даңғылы, 109 в);
  • Almaty Mall (О.Жандосов көшесі, 83);
  • Forum (С.Сейфуллин даңғылы, 617);
  • Dostyk Plaza («Самал-2» ықшам ауданы);
  • Жастар комьюнити-орталығы (Медеу ауданы, Халиуллин көшесі, 140/5);
  • Жастар комьюнити-орталығы (Түріксіб ауданы, «Жас Қанат» шағын ауданы, 49 а);
  • Жастар комьюнити-орталығы (Алатау ауданы, «Саялы» шағын ауданы, 73);
  • Жастар комьюнити-орталығы (Алмалы ауданы, А.Байтұрсынов көшесі, 22 к1);
  • Жастар комьюнити-орталығы (Жетісу ауданы, Серіков көшесі, 6 а);
  • Коворкинг «SAIL» (Гагарин даңғылы, 124);
  • Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты (Асқаров көшесі, 47);
  • №27 гимназия (№5 шағын ауданы, 8 б);
  • №97 мектеп-гимназия (№1 шағын ауданы, 76 а);
  • Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (Манас көшесі, 34/1);
  • Қ.Сатпаев университеті (Қ.Сатпаев көшесі, 22);
  • Алматы технологиялық университеті (Фұрқат көшесі, 348/4);
  • Қазақстан Темір Жолы (Н.Назарбаев даңғылы, 127);
  • Қоғамдық даму орталығы (Қожамқұлов көшесі, 77, 2-қабат);
  • Alatau creative hub («Нұркент» шағын ауданы, 5/11, 2-қабат);
  • «Райымбек батыр» бекеті;
  • «Жібек Жолы» бекеті;
  • «Алмалы» бекеті;
  • «Абай» бекеті;
  • «Байқоңыр» бекеті;
  • «Мұхтар Әуезов» бекеті;
  • «Алатау» бекеті;
  • «Сайран» бекеті;
  • «Мәскеу» бекеті.

Автономды кітапханалар қоры әр жастағы оқырмандардың сұранысына, талғамы мен ізденісіне сай қалыптастырылған. Сөрелерде қазақ және әлем әдебиетінің классикалық шығармаларымен қатар қазіргі авторлардың еңбектері, балалар әдебиеті, ғылыми-көпшілік және танымдық басылымдар ұсынылады. Қор тұрақты түрде жаңартылып, оқырмандардың қызығушылығына сай толықтырылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 мамырдағы №1279 «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында кітап оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Аталмыш құжатта халықтың, әсіресе балалар мен жас буынның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, заман талабына сай жаңа үлгідегі кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктер орнату, озық цифрлық құралдарды кеңінен енгізу, бірыңғай Ұлттық цифрлық кітапхана алаңын қалыптастыру және кітапхана инфрақұрылымын түбегейлі жаңғырту міндеттері жүктелген. Бұл бастамалардың барлығы қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға, саналы да зерделі ұлт қалыптастыруға бағытталған.

Алматы қаласында жүзеге асырылған автономды өзіне-өзі қызмет көрсету кітапханалар жобасы – еліміздегі  кітапхана ісін түбегейлі жаңғыртудың маңызды қадамы. Бұл тәжірибе технология мен мәдениетті ұштастыра отырып, кітапхананың жаңа бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Анар Көшербаева,
Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі
Ұйымдастыру және стратегиялық жоспарлау қызметі басшысының орынбасары

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here