1 қазан – Абай университетінің туған күні

0
362

Қазақтың жоғары білім тарихын Абай университетінің шежіресінен бөліп қарай алмаймыз. Өйткені оның ғасырға жуық ғұмыры – бір университеттің ғана жүріп өткен жолы емес, Қазақстан жоғары білім беру жүйесінің, ұлттың білімге ұмтылысы мен ғылымға бет бұрысының, педагогика мектебінің қалыптасуының айнасы. Елімізде бірінші қазанда аталып өтетін ҚР Жоғары білім қызметкерлері күні мерекесінің Абай университетімен байланысты екенін біреу білсе, біреу білмейді.

1928 жылғы 1 қазанда Алматыда Абай атындағы ҚазҰПУ ең бірінші «Қазақ мемлекеттік университеті» деген атаумен шаңырақ көтерді. Алғашқы 124 студент білім жолына қадам басып, қазақ даласындағы жоғары мектептің жаңа дәуірі осылай басталды. Сол тарихи бастау кейін талай буынның тағдырымен сабақтасып, елдің білім кеңістігіне тамыр жайды.

Оқу орнының алғашқы ректоры Санжар Асфендияров бастаған сол кезеңдегі зиялы қауым өкілдері білім ордасының іргесін бекемдеп қана қоймай, оның рухани болмысын қалыптастырды. Ахмет Байтұрсынұлы, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов сынды тұлғалар дәріс оқып, жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтті. Мұхтар Әуезов, Құдайберген Жұбанов, Сәрсен Аманжолов, Әлімхан Ермеков секілді ғалымдардың ғылыми-шығармашылық іздері де осы қара шаңырақтың тарихымен астасып жатыр.

1930 жылы оқу орны мұғалім даярлаудың іргелі мектебіне ретінде педагогикалық институт арнасына бет бұрды. 1935 жылы оған қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Университет ұлы ғұлама ақынның есімін алған тұңғыш нысан екенін де айта кетуіміз керек. Содан бері хәкім Абайдың аты мен ағартушылық ұғымы білім ордасының тағдырымен бірге өріліп келеді.

Қара шаңырақтың қадірі тереңде жатыр. Университеттен осы күнге дейін 250 мың жуық түлек қанаттанып, елдің әр қиырында қызмет етті. Бірі ауыл мектебінде шәкірт тәрбиеледі, бірі ғылымның соны соқпағына түсті, енді бірі руханияттың дамуына еңбек сіңірді. Сөйтіп, ұлағат ұстаханасынан басталған білім жолы Қазақстанның талай өңіріне тараған ұстаздық шежіреге айналды.

2024 жылы 1 қазан – ҚР Жоғары білім қызметкерлері күні ретінде кәсіби мерекелер тізіміне енгені белгілі. Бұл арнаулы датаның еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны – Абай университетінің туған күніне байланысты екенін көп адам біле бермейді. Бұл Қазақстанның түкпір-түкпірінде ЖОО-ларда қызмет етіп жүрген оқытушы-професорлар мен қызметкерлерге көрсетілген құрмет екен анық.

Өткен ғасырда 124 студентпен басталған білім жолы қазіргі таңда үлкен ғылыми-педагогикалық кеңістікке ұласты. Бүгінде қасиетті қара шаңырақ әлемдік университеттер белсене қатысатын «QS World University Rankings», «Times Higher Education» және «UI GreenMetric World University Rankings» сынды жаһандық халықаралық рейтингтерінде білім сапасы мен ғылыми әлеуетін тұрақты дәлелдеп келеді. Педагогикалық білім беру және оқыту бағыты бойынша Орта Азия мен Қазақстанда көшбасшы. Алда Қазақ ұлттық педагогикалық Зерттеу университетіне айналу стратегиялық межесі тұр.

98 жыл – өткенді қорытындылайтын әрі келешекке бағыт белгілейтін тарихи белес. Қара шаңырақ заманауи педагог даярлау, педагогикалық білім беру саласына ғылыми негізделген жаңалықтар енгізу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін игеру, ұлттық педагогика мен әлемдік тәжірибені сабақтастыру секілді жаңа міндеттерді жүзеге асырмақ. Демек, Абай университеті Тұлға ғана емес, тұлға тәрбиелейтін Ұстаз қалыптастыратын миссиясынан айнымақ емес.

«Abai University» медиа орталығы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here