ЖИ дәуіріндегі жаңа буын

0
728

Білім жолына жасалған алғашқы қадамның салмағы әрдайым бөлек. Кеше ғана мектеп қабырғасында жүрген жас үшін университет есігін ашу – өз болашағының бағытын айқындайтын маңызды кезең. Осы табалдырықтан аттаған сәттен бастап оның алдында тың мүмкіндікпен бірге үлкен жауапкершілік те тұрады. Өйткені бүгінгі студент елдің ертеңіне ықпал ететін жаңа буын. Ал бүгінгі білім кеңістігі кешегіден мүлде бөлек. Ғылым мен технология қарыштап, жасанды интеллект күнделікті өмірдің ғана емес, білім мен зерттеудің де ажырамас бөлігіне айналып келеді. Мұндай кезеңде университеттің міндеті – дайын білімді ұсынумен шектелмей, ізденетін, ойлайтын, жаңалық жасайтын тұлға қалыптастыру. Осы өзгерістің айқын көрінісі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен бірінші курс білім алушыларын студенттер қатарына қабылдау рәсімінен де аңғарылды. Қара шаңыраққа жаңа қосылған мыңдаған жасты қарсы алу дәстүрлі салтанатпен қатар, жасанды интеллект пен заманауи технологиялар мүмкіндігін ұштастырған мазмұнмен өрілді. Бұл жаңа оқу жылының басталуынан гөрі кеңірек мәні бар, білімнің жаңа дәуіріне жасалған алғашқы қадам еді.

Ауқымды жиынға ҚазҰУ Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек, Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан жоғары оқу орындарының басшылары мен профессорлары қатысты. Сондай-ақ Иран, Ауғанстан және Әзірбайжанның дипломатиялық өкілдері, университет түлектері мен танымал тұлғалар бас қосты. Мұның өзі ҚазҰУ-дың білім кеңістігіндегі халықаралық байланыстарының ауқымын аңғартты. Салтанатты кешті университет басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, жаңа оқу жылын бастаған бірінші курс студенттеріне ақжолтай тілегін білдірді.

Ректор өз сөзінде жастардың білім алуы мен кәсіби қалыптасуымен қатар, азаматтық жауапкершілігінің де маңызды екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті, қауіпсіз, озық және таза Қазақстанды құру – баршамыздың қастерлі парызымыз. Осы жолда бәріміз белсенді жұмыс істеуіміз керек. Бәріміз адал, шыншыл және жауапты да болуымыз қажет», – деп нақты бағыт берді. Сондықтан бүгінгі жас азаматтың бойында терең біліммен қатар, заңды құрметтеу мен жауапкершілік мәдениеті қалыптасуы тиіс, – деп пікі білдірді ректор.

Жансейіт Түймебаев университеттің халықаралық деңгейдегі көрсеткіштеріне тоқталып, ҚазҰУ қалашығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Бүгінде студенттер үшін ғылыми ізденіс пен технологиялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жаңа нысандар бой көтеріп, олардың қатары толығып келеді. Атап айтқанда, Farabi Hub, Суперкомпьютер орталығы, Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығы, Farabi Robotics, Цифрлық технологиялар және робототехника институты – жас зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер кеңістігі.

– Бүгіннен бастап сіздердің өмірлеріңізде жаңа, жарқын белес басталды. ҚазҰУ сіздерге әлемдік деңгейдегі білім мен зерттеу мүмкіндіктерін ұсынып отыр. Шет тілдерін үйреніп, заманауи стартаптар құрып, цифрлық әлемнің тек тұтынушысы емес, жаратушысы болу маңызды, – деді университет басшысы.

Бұл сөздің астарында бүгінгі студентке қойылар талап та, университеттің жастарға ұсынар мүмкіндігі де қатар көрінеді. Жасанды интеллект дамыған кезеңде дайын дүниені пайдаланушы болу жеткіліксіз. Ең бастысы – жаңа білім мен технологияны игеріп, одан ел қажетіне жарайтын дүние жасай білу.

Салтанатты рәсімде бірінші курс студенттері де сөз алды. Омбы филиалының студенті Ольга Назарова, Бішкек филиалының білім алушысы Дастан Тәжиев және шетелдік студенттер өз ойларын ортаға салды. Бұл көрініс ҚазҰУ студенттерінің құрамындағы халықаралық сипаттың да кеңейіп келе жатқанын көрсетті. Университеттің Қырғызстан мен Ресейдегі филиалдарындағы жастармен қатар, Қытай Халық Республикасындағы Солтүстік-Батыс политехникалық университеті филиалының және Солтүстік Кавказ федералдық университеті студенттерінің шараға қатысуы ортақ білім кеңістігінің ауқымын аңғартты. Жастардың бір шаңырақ астында бас қосуы түрлі елден келген білім алушылардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына, жаңа мәдени орта қалыптастыруына жол ашады. Мұндай ортада университет тек маман даярлайтын орын емес, түрлі көзқарас пен мәдениетті тоғыстыратын білім ордасына айналады.

Өнермен өрілген студенттік өмір

Салтанатты кештің мазмұны ғылыми және ресми сипатпен ғана шектелген жоқ. Студенттер дайындаған концерттік бағдарламада жастардың шығармашылық әлеуеті де көрініс тапты. «Ретро», «ЖИ, ғылым, инновация», «Таза Қазақстан», «Кітап оқитын ұлт» тақырыптарындағы хореографиялық-музыкалық композициялар ұсынылды. Бұл қойылымдардың өзінен бүгінгі студенттік өмірдің мазмұны аңғарылады. Бір жағында  уақыт сынынан өткен өнер мен дәстүр, екінші жағында жасанды интеллект, ғылым, инновация. Ал олардың арасын жалғап тұрған ортақ арқау білімді, мәдениетті, жаңашыл ұрпақ қалыптастыру идеясы. Кеш соңында қазақ эстрадасы жұлдыздарының ән шашуы ұйымдастырылып, мерекелік жиын жастардың би кешіне ұласты.

Қара шаңыраққа қосылған жаңа буын

Жаңа оқу жылында ҚазҰУ-дың студенттер қатары 8117 білім алушымен толықты. Олардың 6236-сы бакалавриатқа қабылданса, 1167 жас магистратурада, 462 зерттеуші докторантурада білім алуға мүмкіндік алды. Биылғы қабылдаудың тағы бір ерекшелігі талапкерлер арасындағы жоғары жетістіктер иелерінің үлесі. Университет табалдырығын аттағандардың қатарында 674 «Алтын белгі» иегері бар. Сонымен бірге республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен 58 жас ҚазҰУ студенті атанды.

Студент атану  жаңа жолдың бастауы. Ал сол жолда білімді тереңдету, ғылымға ден қою, технологияны меңгеру, адамдық ұстанымды жоғалтпау әр жастың өз қолындағы мүмкіндік. ҚазҰУ-да өткен қабылдау рәсімінің жасанды интеллектпен ұштастырылуы да осы жаңа кезеңнің сипатын аңғартты. Білім беру кеңістігі өзгеріп жатыр. Университеттің ғылыми-технологиялық мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Ендеше бүгінгі студенттен де соған сай ойлау, іздену және жаңалық жасау талап етіледі.

ҚазҰУ-да өткен қабылдау рәсімінің жасанды интеллектпен ұштастырылуы да осы жаңа кезеңнің сипатын аңғартты. Білім беру кеңістігі өзгеріп жатыр. Университеттің ғылыми-технологиялық мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Ендеше бүгінгі студенттен де соған сай ойлау, іздену және жаңалық жасау талап етіледі. Қара шаңыраққа енді ғана қадам басқан мыңдаған жастың алдында үлкен мүмкіндік тұр. Оның бірі  әлемдік деңгейдегі білімге қол жеткізу болса, екіншісі  сол білімді ел игілігіне жарату. Өйткені университеттің қадірі оның қабырғасында қанша жастың білім алғанымен ғана өлшенбейді. Оның шынайы биігі  сол ортадан шыққан ұрпақтың ғылымға, қоғамға, ел болашағына қосқан үлесімен айқындалады.

Бүгін ҚазҰУ табалдырығын аттаған жаңа буын үшін студенттік шақтың алғашқы парағы ашылды. Ендігі міндет – сол парақты біліммен, ізденіспен, еңбегімен және елге қызмет ететін нақты іспен толтыру.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here