«Күш атасын танымас» дейді қазақ. Кәдімгі темірдің тас-талқанын шығаратын, шынжырды жіпше үзіп, шегелерді оңай майыстыратын Шортандының тумасы, Нұр-Сұлтанның тұрғыны Сергей Цырульниковтің «Бүгінгінің Қажымұқаны» аталуы да еш әбестік болмаса керек. Өйткені, Гиннес рекордтар кітабына енген алапат күш иесі қара күшті бейбіт заманда қайда жұмсау керектігін жақсы біледі. Сөйтіп, ешқандай сиқырсыз, көзбояушылықсыз, тек қана адам ағзасының мүмкіншіліктерін көрсетеді. Сонда бұл таңғажайып күштер қайдан пайда болады? Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың мұрасын жалғастырушы, күш қолданатын нөмірлер арасындағы әлемнің төрт дүркін рекорд иесі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің еліміздегі күш мәдениетін дамыту жөніндегі өкілі Сергей Цырульников осы сұрақтардың жауабын ғасырдан астам бай тарихы бар «Qazaq» газетінің тілшісіне айтып, әлемдік рекорд орнатуға көмектесетін өзінің дайындық құпиясымен бөлісті.
«ИЗОМЕТРИЯДА НӘТИЖЕНІҢ КЕРІ КЕТУІ БОЛМАЙДЫ»
– Сіздің өміріңіз бірден осылай бола салмағаны белгілі. Сондықтан сәл артқа бір шегініс жасайықшы…
– Менің жолым әуесқойлықтан басталды. Бойымдағы бұла күшім мен мүмкіндіктерімді білгім келді. Маған «Балуан» атағын кейіннен халық берді. Кішкентай кезімде шынашақтай бала болдым, басқалардан еш айырмашылығым болған жоқ. Ақмола облысының Шортанды ауданындағы Новокубанка ауылында кіндік қаным тамды, сонда өстім. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға түстім. Оқуымды аяқтағаннан соң мені әскерге шақырды. Содан кейін Ұлттық ұлан қатарына кірдім. Бір жыл сарбаз ретінде азаматтық борышымды өтедім, одан кейін келісім-шартпен жұмысқа қалдырды. Кейін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша Қарағандыда екінші жоғары білім алдым. Бәрінен бұрын спортты жақсы көрдім, волейболмен, гимнастикамен айналыстым.
Мен қазақ палуандарының күш өнерін жалғаған спорт түрін тегіннен таңдамадым. Өйткені, бұл Қазақстан мәдениетінің ажырамас бөлігі дер едім. Өкінішке қарай, қазіргі таңда күш спортының мұрасы біржола жоғалып барады. Бүгінгі менің негізгі міндетім – Қазақстанның күш өнерін жаңғырту, ары қарай нығайту. Жастар өз елінің батырларын, батырлықтың жолын, ұлттық рух пен тарихтың қалыптасуын жетік білуі керек.
– Сіздің күшіңіздің қайнар көзі күшті сіңірде ме, әлде ақыл-ойды басқаруда ма?
– Егер менің күшімнің қайнар көзі туралы айтатын болсақ, онда әңгіме ұзаққа созылады (күлді). Мынаны айтайын: адамның күші данышпандық пен талантта жатқан жоқ. Мұның сыры – табандылық пен көздеген мақсатқа деген адалдықта.
Мен табиғатымнан қызығушылығы жоғары адаммын. Бірде локомотив пен ұшақтарды жылжытып жүрген алып күш иелері туралы мақала оқып қалып, осы тақырыпқа «баспен кіріп» кеттім. Тереңіне үңілген сайын қызыға түстім. «Алып күші бар Самсон» атанған қара күш иесі Александр Засс туралы білдім. Мен үшін де, басқалар үшін де өмірдің бір бөлігіне айналған бағдар – изометрия.
– Изометрия дегенге түсінік бере кетіңізші. Шынында да, ол күшке жетудің ең қысқа жолы ма?
– Изометрия дегеніміз – күштік гимнастика. Аталған жүйенің негізін қалаған Александр Засс. Алайда, күштік гимнастика б.з.д. мың жыл бұрын пайда болған. Бұл жаттығуларды Шаолин монахтары жауынгерлер стилінде қолданған. 1958 жылы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне (МҚК) арналған изометриялық гимнастика бағдарламасы ұйымдастырылды, сөйтіп агенттер оны қолдана бастады. Бұлшықеттері қалыптаспаған, айтарлықтай физикалық дайындығы жоқ адам қатардағы адамға қарағанда екі, тіпті үш есе күштірек болды.
Изометрия – елеулі нәтижелерге төте жолмен қол жеткізуге мүмкіндік беретін күш көрсеткіштерін дамытудың негізгі жолы. Бір ғана мысал келтірейін. Қазір көптеген адамдар фитнес-клубтарға барады. Олар жаттығуға арнайы уақыт бөле отырып күш жұмсайды және белгілі бір нәтижелерге қол жеткізеді. Алайда, жаттығуды өткізіп алса, нәтижелері төмендеп, адам бастапқы қалпына келе бастайды. Егер үзіліс бір жылға созылса, онда сіз кейбір жаттығулардың қалай орындалу керектігін еске түсіріп, кеткен олқылықтың орнын толтыруыңыз керек. Әңгіме мынада, фитнес-индустрия дегеніміз – кәсіп көзі. Изометрияда егер сіз белгілі бір деңгейге жетсеңіз, мысалы, 500 келі көтеру делік, онда сіз қанша уақыт өтсе де, сол салмақты көтере аласыз. Яғни, нәтиженің кері кетуі болмайды.
«ФИЗИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН КҮШТІ БОЛУ ҮШІН ҮЛКЕН БҰЛШЫҚЕТТЕР БОЛУЫ МІНДЕТТІ ЕМЕС»
– Ал, «Кез келген адам балуан бола алады» деген рас па?
– Евгений Сандов, Иван Поддубный, Қажымұқан Мұңайтпасов, Балуан Шолақ сынды балуандар изометрияның қыр-сырын білген және оны жаттығу барысында қолданған. Изометрияның мәні күшті бір нүктеге шоғырландыру қабілетінде. Адамның күш-қуатының ең көп өсуі адам қорыққан кезде пайда болады (адреналин күші). Мысалы, жер сілкінісі кезінде баланы 300 келі плитамен басып қалды делік, ал анасы плитаны оңай алып тастайды. Кейінірек бұл плитаны төрт ересек адам әрең жылжытады. Сонымен, изометрия жүйесі адреналин шығармай-ақ дұрыс жаттығу жүктемелерінің жүйелі тәсіліне негізделеді. Яғни, сіз дәл осындай күшке ие боласыз, қысқа уақыт ішінде өзіңізге керемет мүмкіндіктерге жол ашасыз. Изометрияның қыр-сырын спортпен айналыспаған адамның өзі меңгере алады. Физикалық тұрғыдан күшті болу үшін үлкен бұлшықеттер болуы міндетті емес. Сол сияқты адамның басының үлкен болуы ақылы көптікті, асқазанының үлкен болуы ас қорыту жүйесі жақсы жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Нағыз күш сол күшті игеру қабілетінде жатыр.
– Әскерде қызмет ету Сіздің өміріңізге қалай әсер етті? Әскерге шақыру, келісім-шарт бойынша қызметке байланысты естеліктер, қызықты оқиғалармен бөліссеңіз. Жалпы әскери қызметті тастауыңызға не әсер етті?
– Шын мәнінде, әскердегі өмір маған көп нәрсе берді. Менің алдымда күштік спорт түрлерімен айналысу немесе даңқты батырларымыздың жолын жалғап, дәстүрін дәріптеп, әрі қарай қызмет ету таңдауы тұрды. Мен өз таңдауымды жасадым. Изометрияның арқасында мен Ресей Президенті Владимир Путинге, Беларусь Президенті Александр Лукашенкоға Қажымұқанның кім екенін, ал Татарстан Президенті Рустам Миннихановқа Қазақстанның күштік спортының дамуы туралы айтып бердім. Мұндай мысалдар көп. Әрине, мен изометриямен айналыса бастаған кезде, көптеген адамдар оны мазақ етіп, теріс қабылдады: «Неге болмайтын іспен айналысасың? Күшті болғың келсе, спорт залына барып, денеңді шынықтыр» десті. Мен ҚР Қарулы Күштерінде дене дайындығы бағдарламасына изометрияны енгізгенін қалаймын. Өзіңіз ойлап көріңізші, мерзімді қызметтегі әскери қызмет курсының жас жауынгері изометриялық гимнастиканың базалық курсына күніне 20 минут уақыт бөлсе, курс аяқталғаннан кейін ол күштік көрсеткіші жоғары мықты жауынгер болады.
«КЕЗ КЕЛГЕН РЕКОРД ДЕНЕГЕ АУЫРТПАЛЫҚ ТҮСІРЕДІ»
– Қай кезде рекорд жаңарту туралы шешім қабылдадыңыз?
– Мен үшін рекорд орнату – дүкеннен нан әкелгеннен де оңай. Алғашқы рекордтарымды аса мән бермей, ойнап жүріп орнаттым десем болады. Мен үшін Қазақстандағы күштік спорттың дамуы мен дәстүрін насихаттау өте маңызды. Қажымұқан өмір сүрген кезеңде әр ауылдың балуаны болған. Бұл қазақтың рухани мұрасы. Бірақ, қазір өкінішке қарай, балуандар жоқ десек те болады. Неге екені белгісіз, біз мәдениетті, музыканы дамытамыз. Ал, балуандар дәстүрі жойылу алдында тұр.
– Қай рекордыңызды орындау өте қиын болды?
– Кез келген рекорд денеге ауыртпалық түсіреді. 2018 жылы ЧМЭ-3 сериясының локомотиві мен вагонын арқанмен тарту бойынша рекорд орнаттым. Алғашында біз локомотивті ең көбі 10 метрге сүйреуді жоспарладық. Бірақ, бұқаралық ақпарат құралдары жиналған кезде локомотивті сүйреу өте оңай екенін көрдім де, мен жүк көтергіштігін 156 тоннаға, кейін 180 тоннаға дейін арттыруды ұсындым. Дегенмен, жарыстан соң өзімді нашар сезініп, есімнен танып қала жаздадым. Бірақ, бұл соған тұрарлықтай рекорд еді.
– Сайыста өнер көрсетер алдында жасайтын рәсіміңіз бар ма?
– Қазақта әруақ – ата-баба рухы деген ұғым бар. Мен де жарыс алдында жеке қалып, ата-бабамнан жәрдем сұраймын. Бұл әлемдік рекорд алдында жасайтын медитациялық тәжірибеме ұқсайды.
– Жалпы, Сізді қызықтыратын не нәрсе? Күшті болуға деген ұмтылыс па?
– Менің жаттығуымның көрнекі жүйесі бар, оны жасау кез келген адамның қолынан келеді. Сіз күніне 15 минуттан 21 жаттығу жасайсыз. Осыдан кейін сіз екі шегені түйіндеп, картаның екі колодасын жыртып тастайтыныңызға 99%-ға кепілдік беремін. Мұндай нәтижені әлемдегі ешбір фитнес-клуб бере алмайды. Изометриялық гимнастика бағдарламасының ерекшелігі де осында.
– Таңғаларлық нәтиже екен. Осы құнды біліміңіз бен тәжірибеңізді бөлісу арқылы табыс табу туралы ойладыңыз ба?
– Бұл мен шешуге тиісті негізгі мәселелердің бірі – бізде барлық ақпаратты сауатты ұсынуды, адамдарға жеткізуді және көпшілікті қызықтырудың жолдарын білетін мықты маркетологтар жоқ. Менің ойымша, біздің елімізде осы пайдалы бағытты қолдауға, Қазақстанның мұрасы ретінде осы білімді қалдыруға көмектесетін, мүмкіндігі жететін қалталы азаматтар бар. Менің өз білгенімді АҚШ-қа барып сатуға немесе сол жаққа көшіп, осы іспен айналысуға мүмкіндігім бар. Қаржылық жағынан қызықты ұсыныстар болғанына қарамастан, мен осыны қазақстандық бренд ретінде қалыптастырғым келеді, өйткені менің Отаным – Қазақстан. Мен бұл бағдарламаның ел игілігі үшін пайдаланылғанын қалаймын. Мұндай құнды ақпараттарды 15 жыл бойы шетелге беру үшін жинаған жоқпын. Егер осы бағытты Қазақстанның брендіне айналдырсақ, біз изометриямен айналысатын әлемдегі алғашқы ел боламыз.
Мынадай бір мысал келтірейін. Жоғарыда айтқанымдай, 1958 жылы КСРО МҚК қызметі үшін изометриялық гимнастика бағдарламасы ұйымдастырылды, оны агенттер қолдана бастады. Сол агенттердің бірімен қазір араласып тұрамын, ол маған изометрия туралы қызықты мәліметтер айтты. МҚК агенті үлкен бұлшықеттерімен емес, қарапайым адамнан 3-4 есе күштілігімен ерекшеленуі керек еді. Олар изометриялық гимнастика арқылы бұлшықет күшін тиімді өсіруге болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеген. Қазір денесі «үрленгендердің» көбісінің бұлшықет күші жоқ. Бәрінде жоқ деп көпке топырақ шаша алмаймын, бірақ олардың саны көп.
Салмағы 819 келі болатын бөшкені жұлқып тартқан Луи Сирді еске түсірейікші. Қазір әлемнің ең күшті деген атлеті 500 кг ауырлықты көтере алады. Ал, Луи Сир одан 300 келіге артық салмақты қиналмастан көтерді. Бүгінде мықты деген атлеттер ең жақсы дәрі-дәрмек қолданса да, мұндай нәтижеге қол жеткізе алмайды. Ал, бұрын тек изометриялық гимнастиканы қолданған.
«КЕШЕГІ ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ БҮГІНГІ ІЗБАСАРЛАРЫ БАР ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕГІМ КЕЛЕДІ»
– Елбасымен кездесуіңіздің қалай өткенін айтып беріңізші.
– Мен 2018 жылғы 21 наурызда қалалық мәдени-көпшілік іс-шарада өнер көрсеттім. Елбасы маған келіп Эскалибур қылышымды бағалап, «Мұндай қылыштар бұрын біздің батырларымызда болған» деді. Қылышпен өнер көрсетуімді сұрады. Өнерім Нұрсұлтан Әбішұлына ұнады. «Жарайсың! Сен нағыз батырсың. Қазақстанның атын әлемге таныта бер», – деп, қолымды алып, мерекемен құттықтады. Бұл маған берілген бата сияқты болды. Изометрияны Қазақстанда дамыту қажеттігіне тағы да көзім жетті. Қазақтар ғасырлар бойы батыр болды, сайын далада қара күшке табынды. Бұл біздің бренд, ол Қазақстаннан әлемге таралуы керек. Бұл ешбір жағдайда АҚШ-тан әлемге таралмауы қажет. Бұл мен үшін өте маңызды.
– Сіз елімізді аралап жиі саяхаттайсыз, жақында ауылдар туралы фильмдер циклын түсірдіңіз. Осы орайда балалар мен жасөспірімдер спорттық дәстүрлерге қаншалықты қызығатынын сұрағым келіп отыр…
– Ауыл халқы балуандардың ойынын өте жақсы бағалайды. Әсіресе, балалар мәз-мейрам болады. Мен барған жерімде ашық жаттығуларлы көп өткіземін. Аймақтарда менің келуімді асыға күтіп жүреді. Өсіп келе жатқан ұрпақтың балуандар дәстүріне көзқарасы өте жақсы, бұл олардың тарихты, дәстүрді білуге деген ынтасын оятып, спортпен айналысуға жетелейді. Мен оларға арнап кәдесыйлар жасаймын. Кейбір отандастарымыздың менің өнерімді қайталауға тырысып жүргенін байқаған да боларсыз. Бұл өте жақсы көрсеткіш – қазақтың спорт дәстүрі қайта жаңғырып келеді.
– Дегенмен, бір сұхбатыңызда Сіздің өнеріңізге сын айтып, мін тағатындар бар екенін айтыпсыз…
– Салмағы жүз келілік адамды бір емес, бірнеше рет көтергеніңді көрсе, бұл өнерге сын айтып, мін тақпас еді. Жалпы, менен кейбіреулер бұл іспен не үшін, қандай мақсатта айналысатынымды сұрайды. «Рух» деген сөз бен түсінік бар. Маған бұл рухты Жер Ана береді. Өзім қазақ болмасам да, Қазақ елінде дүниеге келдім. Елімді жанымнан артық жақсы көремін. Кешегі алып күш иесі Қажымұқанның бүгінгі ізбасарлары бар екенін дәлелдегім келеді. Егер тарихқа үңілсек, жоғарыда айтқанымдай, қара күш иелері бұрын әрбір ауылда болған. Қазір бізде жалған идеалдар пайда болды, біз Батыспен теңесуге тырысамыз, сонымен қатар, өз мәдениетімізден теріс айналамыз. Бізге жастарды қолдағаннан гөрі, мысалға, билеп жүрген миллионерді (италиялық Жан Луканы айтады, – ред.) шақырған оңайырақ…
– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!
Сұхбаттасқан: Жансая ШЫҢҒЫСХАН