Биыл KazNARU-ға екі есе көп түлектер тапсырды

0
3301

Әр мемлекеттің өркениеті – оның білімі мен ғылымының дамуына байланысты. Бұл ретте білікті кадрларды дайындаудың нарықтағы бәсекелестігі үлкен рөл атқарады. Әрбір жоғары оқу орны үшін бұл үлкен сынақ. Осы сынақтан абыроймен өткен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 1 518 талапкері 2024-2025 оқу жылында мемлекеттік білім грантының иегерлері атанды. Бұл шынында да, KazNARU Басқарма төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев бастаған үлкен ұжымдық еңбектің нәтижесі екені даусыз. Ол университетке басшылыққа келген 2022 жылы бар болғаны 650 талапкер грант иегері атанса, 2023 жылы көп жылдардан бергі құлдырау тоқтап, бұл көрсеткіш 844-ке жетті.

Биыл, міне, KazNARU ұжымы алғаш рет «Кәсіптік бағдар беру» аясында жастарға болашақ мамандығын таңдауға бағыт беру, университет факультеттерінің ерекшелігін жеткізу барысында жүйелі жүргізілген жұмыстардың жемісін көріп отыр. Қатарымызға келіп қосылған 1 518 талапкер өздерімен бірге барша ұжымды, ата-аналарын да қуантып отыр.

БИЫЛ ЖАСТАРҒА ШЕКТІ БАЛЛ 50 БОЛДЫ

Ерекше атап өтерлігі – KazNARU базасында білім алатын студент жастардың басым бөлігі ауылдың түлектері. Ауыл шаруашылығы үшін мамандар даярлаудың басты көзі – ауыл. Осыны ескерген Ақылбек Күрішбаев жоғары басшылық органдардың, министрліктер мен Мемлекет басшысына дейін шығып, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру бағдарламалары үшін шекті балл көрсеткішін – биыл 50-ге дейін төмендетуге қол жеткізді.

«Біз бұл жаңалықты көптен күттік. Күтіп қана қоймай, отандық жоғары оқу орындары арасындағы теңсіздікті жою мақсатында үлкен жұмыстар жүргіздік. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы, суды басқару және ветеринария саласындағы мемлекеттік гранттардың 60 пайызына дейін игерілмей қалғанын ел Президентіне, Үкіметке, министрліктерінің назарына ұсындық, олардан қолдау таптық», – дейді Ақылбек Қажығұлұлы.

Нәтижесінде биылғы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» ББТ бойынша бөлінген мемлекеттік гранттары 100 пайыз игерілді. Осы қуанышты бөліскен, ауыл мектебін бітіріп, өздері армандаған оқуына түскен ұл-қыздардың ата-аналарының ризашылығы да шексіз екенін көріп отырмыз.

ОҚУҒА БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

Білім алушылардың алаңсыз оқып, жақсы маман болып шығуы үшін ЖОО-дағы материалдық-техникалық базаның мықтылығы маңызды рөл атқарады. KazNARU Алматы қаласындағы өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет. Жайлы да жарық тұрғын бөлмелер, ас үйлер мен дәліздер, тазалық орындары заман талабына сай жабдықталған. Студенттерге қажетті жиһаздар, тоңазытқыштар, кір жуғыш машиналары, газ плиткалары қойылған. Алдағы оқу жылында «Қазақ-Строй» ЖШС-мен ынтымақтастық шарт негізінде 9 қабатты, 450 орындық жаңа студенттік жатақхана, студенттер үшін Медициналық орталық тұрғызылмақ.

Университеттегі аудиториялардың барлығына интерактивті тақталар қойылып, интернет жүйесіне қосылған. Жастардың қосымша ізденіп, бос уақытында мәдени, спорттық шаралармен айналысуына толық жағдай жасалынған, Орталық кітапхана, стадион, спорт залдары заманауи техникалық құралдармен толық жабдықталған. Сонымен бірге, студенттер Әскери кафедрада оқи жүріп, запастағы офицер мен сержант атануына мүмкіндіктері бар.

Басты мақсат – оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай, нағыз ғылыми зерттеу оқу орнына айналу. Алғашқы нәтижелер де көңіл қуантады – университетіміз 2023 жылы әлемдік «QS Asia» рейтингісі бойынша Орталық Азия үздік жоғары оқу орындары арасында 6 орынға, «QS Sustainability» рейтингісінде Қазақстан бойынша 5-ші орынға көтерілді. Университет ұжымы алдағы уақытта бұдан да биік межені бағындыруды көздеп отыр.

Әлемдік озық оқу орындарының қатарынан көрінуді мақсат тұтқан KazNARU құрамына 4 ірі ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибелік шаруашылықтың қосылуы – халықаралық заманауи «білім беру – ғылым – өндірістік тәжірибе» зерттеу университетіне көшудің алғышарттарының бірі. Бұл әлемдік үрдіс, дамыған елдердің озық тәжірибесі!

ЕКІ ДИПЛОМ АЛЫП ШЫҒАДЫ

Бұл жоғары оқу орнының студенттері Вагенинген университеті (Голландия), АгроПарижТех университеті (Франция) және Небраска университеті (АҚШ), Варшава жаратылыстану ғылымдары университеті, Қытай аграрлық университеті (Пекин), Хэнань ауылшаруашылық университеті, Малайзияның Паханг университеті, Литва денсаулық ғылымдары университеті, Эмираттағы Американдық Университет, Германияның Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университеті сияқты әлемнің жетекші озық жоғары оқу орындарында қатар оқып, халықаралық стандарттық үлгідегі екі диплом алып шығады. Бұл жүйе оқу бітіруші түлектердің табысты жұмыс орындарына орналасуына мүмкіндік береді.

2024 жылғы 17 мамырда Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Вице-премьері Лю Гочжун бастаған үкіметтік делегацияның Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде болып, Ақылбек Күрішбаевпен кездесіп, университеттің ғылыми-инновациялық қызметімен танысуы – оқу ордасының әлемдік деңгейде таныла бастауын білдіреді. Қытайдың ауылшаруашылығын дамытудағы тәжірибелік жетістіктерін пайдалана отырып, экологиялық таза өнім алуға арналған «Қазақ-Қытай Ақылды ауылшаруашылық орталығы» құрылды.

Екіншіден, алдағы уақытта ҚХР жоғары білім беру саласындағы жетекші оқу орны – Қытай Аграрлық университетінің KazNARU базасында филалын ашу бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Сондай-ақ, Қазақстандағы суды үнемдеу, су ресурстарын цифрлық басқару басқару бойынша ауқымды (Мега грант) жобасын бірлесе жасау, цифрландыруды дамыту мәселелерінің қолға алынуы университеттің бәсекеге қабылеттілігін арттыруға ықпал етері анық.

KazNARU ЖАСТАРЫ – УНИВЕРСИТЕТ МАҚТАНЫШЫ

«Агробиология» факультетінің 4 курс студенттері Гленкарс, Ротвелл қалаларында (Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия біріккен Корольдігі) өндірістік практикадан, ал магистранттар зерттеу практикасынан өтіп келді. «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің 15 бірінші курс студенттері Өзбекстан астанасындағы «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінде оқып қайтты. Алдағы күндері екі елдің Президенттерінің қатысумен ТИАШМИ филиалы KazNARU базасында ашылады деп күтілуде.

Республикалық комиссияның шешімімен биылғы жылы KazNARU кафедраларындағы 16 жас маманымыз «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанып, әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жолдама алды.

Университетімізде өнер қуған, спортпен айналысатын жастарға да кеңінен қолдау көрсетіледі. Кезінде республикаға аты әйгілі болған «Алтын дән» вокальді-аспаптық ансамблі қайта жаңғырып, жаңа құраммен халықаралық концерттік байқауларға белсенді қатысып жүр. Университеттің бишілер тобы «Хореография» бағыты бойынша Алматы қаласындағы 22 жоғары оқу орны арасында жүлделі орынға ие болды.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ең бастысы – әр салада жұлдызы жанған осы жастардың барлығы да ауылдан шыққан өрендер, біздің студенттеріміз.

Білім алушы жастар үшін запастағы офицерлер мен кіші командирлер (сержанттар) дайындайтын Әскери кафедра жұмыс істейтінін еске сала кетейік. Курсанттар «Қарулы Күштердің жауынгерлік іс-қимылдарын инженерлік қамтамасыз етуді ұйымдастыру»; «Азық-түлік қамтамасыз етуді ұйымдастыру»; «Тамақ өнімдерінің технологиясы және тауартану» сияқты 9 сала бойынша әскери мамандықты меңгеріп шығады.

KazNARU ҰЖЫМЫ МЕН СТУДЕНТТЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ

2023 жылы KazNARU профессор-оқытушылар құрамының жалақысы кезең-кезеңмен 100 пайызға көтеріліп, еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының деңгейіне көтерілді. Ал, 2023 жылғы 1 қарашадан бастап университеттің барлық қызметкерлеріне кәсіподақ ұйымымен бірлесе отырып, Алматы қаласы ішіндегі қоғамдық көліктерде жүру үшін «Оңай» карталарына ай сайынғы жол-шығындары аударылып отыр.

Қазіргі уақытта KazNARU өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесіне көшті. Университет базасында ағаш, пластик материалдардан оқу орнына қажетті бұйымдар жасайтын Шеберхана цехы, жаңа іс машиналарымен жабдықталған Тігін цехы іске қосылды. Нәтижесінде барлық жатақханалардағы төсек-орын жабдықтары, матрацтар мен жамылғылар, терезе перделері толықтай жаңартылды

Университет аумағына орналасқан «Студент» әлеуметтік дүкенінде өзге азық-түлік (оның ішінде, ЖОО-ның тәжірибелік шаруашылығында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдері) өзге сауда орындарынан 15-20 пайызға төмен бағамен сатылатынын да атай кеткен орынды.

Ата-аналар жазғы каникулда «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағы құрамында жұмыс істеп, жатақханада тұрып жатқан білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсеткеніне ризашылық білдіруде. Жастардың еңбектен бос уақытында қосымша ізденіп, мәдени, спорттық шаралармен айналысуына толық жағдай жасалынған.

Біздің университтетің есігі болашақ білім қуған жастарға қашанда ашық!

KazNARU Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here