Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Қазмұнайгаз инжиниринг» институтының бас директоры Бақытжан Хасанов пен кеңесшісі Жақсыбек Құлекеевті қабылдады.
Кездесу барысында заманға сай маман даярлау мен ғылым саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды.
Қадірменді қонақтар «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының ірі ғылыми инжинирингтік бөлімшесі болып табылатын институт қызметі жайлы әңгімелей келе, «ABAI» заманауи ақпараттық жүйесінің жобасымен таныстырды.
Институттың бас директоры, алдымен, қазіргі трендтегі «ABAI» жобасын жүзеге асыру бағытында ҚазҰУ-мен бірлесіп қажетті мамандар даярлауды ұсынды. Атап өтсек, Ақпараттық технологиялар, Есептеу техникасы, Басқаруды автоматтандыру, Математика, Механика, Қолданбалы математика, Информатика мамандықтары бойынша қызметкерлер тапшы. Бақытжан Кеңесұлы студент-магистранттар тобын құрып, білімгерлерді нақты бағыттар бойынша тереңнен және жан-жақты оқытудың қажеттігін алға тартты. Ынтымақтастықта білім бағдарламаларын дайындауға және оқыту үрдісіне кәсіби тәлімгерлерді шақыруға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев бәсекеге қабілетті маман даярлау, ғылым мен өндірісті ұштастыру, отандық ғылымның прогрессивті шешімдерін өндірістік секторға енгізу Президент алға қойған маңызды міндеттер қатарында екенін баса айтты. Ректор іргелі оқу орнының зерттеу университетіне айналу жолына түскенінен хабардар етіп, ғылым саласындағы өзара әрекеттестіктің зор мүмкіндігін атап өтті.
Экономист-сарапшы Жақсыбек Құлекеевт өз сөзінде институтта мыңнан астам адам еңбек ететініне тоқталды. Олардың орташа жалақы мөлшері 550 мың көлемінде екенін айта келе, университет студенттерін тәжірибеден өтуге және жұмыс істеуге шақырды. Сонымен қатар ол ҚазҰУ бөлімшелерімен жемісті ынтымақтастық тәжірибесіне назар аударды. «Химиктермен, әсіресе академик Зұлхайыр Мансұров жетекшілігіндегі Жану проблемалары институтымен біз өте жақсы практикалық нәтижелерге қол жеткіздік. Мұнай төгілімдерін жою бойынша біздің нәтижелеріміз тек Қазақстан ғана емес, әлемнің ірі мұнай-газ компанияларына ұсынылды» деді ғалым.
Институт өкілдері ҚазҰУ технопаркін аралап, жерді қашықтықтан зондтау, Al-farabi-1 мен Al-farabi-2 наноспутниктері және мұнай өнімдеріне қатысты ғалымдардың озық инновациялық жобаларына үлкен қызығушылық танытты.
Сондай-ақ кездесуде теориялық зерттеулермен қатар, нақты қолданбалы нәтижелерге жету жолдары қарастырылып, өзара ғылыми ынтымақтастықтың кең ауқымы атап өтілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі