Шәкірт тәрбиелеудің шебері

0
2506

Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі,  биология ғылымының докторы, профессор Наштай Мұхитдиновтың қазақ ғылымына сіңірген еңбегі орасан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының ұлағатты ұстазы әлі күнге білгенін шәкірттерге үйретуден жалыққан емес.

Наштай Мұхитдинұлы 1941 жылы 30 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Қараспан ауылында дүниеге келген. 1948-55 жылдары Шымкент облысы Арыс ауданы Жамбыл атындағы совхоздың жетіжылдық мектебінде білім алған. Одан әрі оқуын Шәуілдір ауданы «Көксарай» совхозының орта мектебінде жалғастыруға тура келді. Шымкент қаласындағы бухгалтерлер курсын 1960 жылы тәмамдап, Арыс ауданы Жамбыл атындағы совхозда бухгалтер болып жұмыс істейді.

1961 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетіне оқуға қабылданады. 1963 жылдан бастап сол факультетте лаборант болып жұмыс істеді. Осы жылдары академик И.Байтулиннің жетекшілігімен ризология бойынша өзінің бірінші ғылыми жұмысын жауапкершілікпен атқарып шықты. Н.Мұхитдиновтың ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға академик ұстазы зор ықпалын тигізді. Осылайша ғалым 1966 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың биология факультетін «Ботаника» мамандығы бойынша бітіріп шықты.

1970 жылы «Ақтөбе облысының сортаң және сортаң топырақтарындағы өсімдіктердің тамыр жүйесі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, ассистент, аға оқытушы атанды. 1977 жылдан бастап доцент болып қызмет етті. 1980-83 жылдары Н.Мұхитдинов биология факультеті деканының орынбасары, 1983-88 жылдары оқу ордасындағы ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі проректордың орынбасары болды.

1996 жылы «Өсімдіктердің тамыр жүйесінің экологиялық-морфологиялық ерекшеліктері» тақырыбында докторлық диссертация қорғаса, 1995-2000 жылдары биология факультетінің деканы ретінде еңбек етті. Факультетті басқарып тұрған кезінде «Геоботаника» және «Медико-биологиялық іс» мамандықтары ашылуына атсалысқан. 1989-2005 жылдарға дейін Ботаника кафедрасын басқарды. Сол уақытта Наштай Мұхитдинұлының бастамасы бойынша кафедраның өндірістік және дипломалды практикаларын өткізуге арналған стационар сатып алынды. Қазақстан Республикасы ҰҒА Ботаника және фитоинтродукция институтының базасында кафедраның филиалы ашылды. 1995 жылы оған ҚазМУ профессоры, ал 1997 жылы МАК профессоры атағы берілді.

Наштай Мұхитдинов университетте жұмыс істеген уақытында өзін жоғары білікті педагог және ғылыми қызметкер ретінде көрсете білді. «Өсімдіктер анатомиясы және морфологиясы», «Қазақстан биоресурстары», «Биогеоценология» жалпы курстарын және «Өсімдіктер ценопопуляциясы», «Фитоценология», «Ризология», «Дәрілік өсімдіктер» арнайы курстарын оқиды. Студенттердің дипломдық жобалары мен курстық жұмыстарына жетекшілік етіп, оқу сабақтарының барлық түрлерін жоғары әдістемелік деңгейде өткізеді.

Ол Қазақстанның тіршілік ету ортасының кең экологиялық спектрінде – сортаңдарда, сондай-ақ Іле Алатауының альпілік, субальпілік бұталы, түрлі шөпті аймақтарында алғаш рет өсімдіктердің 160 негізгі доминантты түрлерінің морфоқұрылымын талдады.

Н.Мұхитдинов академик И.Байтулинмен бірге алғаш рет өсімдіктердің ерекше экологиялық түрін – факультативті және міндетті галоидофиттерді анықтады. Әртүрлі топырақ-климаттық жағдайлардағы тамыр жүйелерін және әдеби деректерді кеңінен зерттеу негізінде ризологиядағы тұжырымдамалық аппарат жасалды.

Докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін Наштай Мұхитдинов Ақтау қаласында педагогикалық және ғылыми қызметін жалғастырады. Соңғы 10 жылдан астам уақытта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын бірнеше ғылыми бастамаға жетекшілік етті. Н.Мұхитдинов «Ботаника» мамандығы бойынша Докторлық диссертациялық кеңестің мүшесі, университеттің Ғылыми кеңесінің мүшесі болды.

ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «ҚР халыққа білім беру үздігі», «Үздік оқытушы» атағымен марапатталған.

Ғалымның жетекшілігімен екі биология ғылымының докторы, жиырмадан астам биология ғылымының кандидаты, «Геоботаника» мамандығы бойынша екі PhD докторанты ғылыми атақтарын қорғап шықты.

Халық даналығы айтқандай, «Ілім үйреніп, одан соң оны басқаларға үйретпеу – мол дүние жиып, оны керегіне жаратпай, көміп қойғанмен бірдей».

Профессор Наштай Мұхитдинов шәкірт тәрбиелеуден еш жалықпай, бүгінгі таңда «Геоботаника» мамандығы бойынша 10-нан астам PhD докторанттарға жетекшілік жасауда.

Факультет ұжымы Наштай Мұхитдинұлын 80 жылдық мерейтойымен құттықтайды! Зор денсаулық, ұзақ әрі бақытты ғұмыр тілеп, ғылыми жаңалықтарыңыз арта берсін деген ыстық ықыласымызды жеткізсек дейміз. Мерейіңіз әрқашан үстем болсын!

М. ҚҰРМАНБАЕВА,
Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының меңгерушісі,
б.ғ.д., профессор

Ә. МАМЫРОВА,
 б.ғ.к., қауымдастырылған профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here