Түрі, тілі, ділі бір болғанымен, бүгінде корей ұлты екіге бөлінген мемлекет. Корей түбегінің оңтүстігінде – Корея Республикасы, ал солтүстігінде – Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) орналасқан. Екінші елдің бейресми атауы – Солтүстік Корея. Солтүстігінде Қытай және Ресеймен шектеседі. Астанасы – Пхеньян. Социалистік ел. Билік Еңбек партиясының қолында, яғни біздің тілмен айтқанда, Солтүстік Кореяның президенті – 37 жастағы Ким Чен Ын (партия төрағасы).
Міне, Солтүстік Кореяның негізін қалаған Ким Ир Сеннің (1912-1994) немересі, елдің екінші басшысы Ким Чен Ирдің (1942-2011) ұлы Ким Чен Ын көп ата жауларының бірі АҚШ-пен ашық айқасып, әлем державаларының қысымына қарамастан елдің ядролық қаруын жасап алды. Дегенмен, отызында орда бұзған жабық елдің басшысы былтырғы жылы адам танымастай өзгеріп шыға келді. Мысалы, Солтүстік Корея спортшыларын, жанкүйерлерін былтыр Пхенчхан қаласында (Оңтүстік Корея) өткен XXIII қысқы Олимпиада ойындарына қатыстырды. Ким Чен Ынның «тосын сыйы» мұнымен бітпеді. Солтүстік Корея басшысы АҚШ және Оңтүстік Кореямен бейбіт келісім жасасып, дипломатиялық қарым-қатынас орнатқысы келетінін хабарлады.
Бір қызығы, бұл екі күндік кездесуді әлемдік қауымдастық үш күннен кейін бір-ақ білді. Өйткені, аталған кездесу туралы Пекин де, Пхеньян да жақ ашқан жоқ. Дегенмен, Қытайға Солтүстік Кореядан маңызды біреудің келе жатқандығы бұрын айтылып жүрген-ді. Сол кезде екі елдің шекарасында орналасқан Даньдун қаласының темір жол бекеті ойламаған жерден жабылып, қытайлық құқық қорғаушылардың қоршауына алынды. Тіпті, түрлі бағыттағы пойыздардың жүрісі уақытша тоқтатылды. Сөйтсе, басқа емес, Қытайға Ким Чен Ынның өзі келіпті.
Даньдун темір жол бекетіне Солтүстік Кореядан келіп тоқтаған пойыздың ішінен қытайлықтар Ким Чен Ирдің қазасынан кейін (2011) «оқ өтпейтін пойыздың тұрақты жолаушысы» атанған кіші Кимнің қарындасы Ким Ё Чжонның түсетінін күтті. Алайда, атақты пойыздың ішінен Ким Чен Ынның өзі (әйелімен, көмекшілерімен бірге) шықты.
28 наурыз күні ғана КХДР мен ҚХР-дың бұқаралық ақпарат құралдары ресми мәлімдеме таратты. Ресми ақпаратқа сенсек, 25-27 наурыз күндері Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын, оның әйелі Ли Соль Чжу және көмекшілері алғаш рет Қытайда бейресми сапармен болды. Пекинде Ким мен Си келіссөздер жүргізген, жұбайларымен бірге түстенген, артынан банкетке қатысқан. Корей түбегіндегі жағдай және қос елдің арасындағы ынтымақтастық сөз болған. Ресми ақпарат солай дейді, ал бұдан басқа ешқандай ақпарат жоқ.
2018 жылдың 27 сәуірінде қос елдің шекарасында КХДР басшысы Ким Чен Ын мен Оңтүстік Корея басшысы Мун Чжэ Ин кездесіп, қол алысты. Ал, сол жылдың 12 маусымында Сингапурде Ким Чен Ын АҚШ президенті Дональд Трамппен келіссөздер жүргізді.
Бір анығы, Пхеньян әлем державаларының қысымына қарамастан ядролық қаруын жасап алды. Бірақ, жабық елге айналды. Ешкіммен сауда-саттық жасамайды. Ал, бұл нарық уақытында кез келген елдің экономикасын тұңғиыққа батырады. Ким Чен Ын «Біздің елде бәрі жақсы» деп әлемге жар салғанымен, Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирге табынатын, Құдайға сенбейтін, яғни атеистік қоғамда өмір сүріп жатқан солтүстіккореялықтардың басым бөлігі өлместің күнін кешіп жүргені ешкімге жасырын емес.
Елуінші жылдары Ким Ир Сеннің кезінде де негізгі азық-түлік пен тұтыну тауарлары арнайы карточкалармен таратылған. Тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағының көмегі тоқтағаннан кейін Солтүстік Корея экономикалық дағдарысқа ұшырады. Бұл социалистік елде ашаршылық 1995 жылы басталып, тек 2000 жылдары аяқталды. Әр түрлі мәліметтерге сәйкес, ашаршылық кезінде бір миллионға жуық адам қайтыс болыпты. Ал, қос елдің дамуына келсек, КСРО ықпалында болған Солтүстік Корея артта қалды. Билігі әскери авторитаризм болғандықтан, олардың өмірлері жанталаса қаруланумен, ықтимал соғысқа дайындалумен өтіп жатты.
Демек, Пхеньян Сеул мен Вашингтонның тілін табуға, осылайша салынған экономикалық санкциялардың санын азайтуға тырысады. Пхеньяннің бұнысына Сеул көнсе де, сенсе де, Вашингтон ата жауынан ядролық қарудан бас тартуын талап етеді. Ал, бұған Пхеньяннің көнетініне сену тағы қиын.
Күні кешеге дейін 41 жыл бойы немістер екіге бөлінді, сол заман тілімен айтсақ, 1949-1990 жылдардағы капиталистік Федералдық Германия және социалистік Демократиялық Германия. Біріншісі – НАТО құрамында, екіншісі – Варшава келісім жағында болды. Соғыс өрті тұтана қалса, екі жақтың да оттығының ұшында тұрған екі неміс бір-бірін өлтіретін еді. Кезінде Вьетнам жұрты да екіге бөлінді: солтүстік – социалистік, оңтүстік – капиталистік. Дегенмен, бүгінде сол Германия да, Вьетнам да біртұтас елге айналды. Ал, жарты ғасырдан бері бір-біріне ата жау болып келе жатқан корей халқының бүгінде «екі жарты – бір бүтін» елге айналуы мүмкін еместей көрінеді. Ал, бір Корея қалай екіге бөлініп еді?
Корея 1910-1945 жылдары Жапонияның боданында болды. Ал, 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германияның жеңіліс тапқаны белгілі. Яғни, сол жылдың тамызында Германияның одақтасы болған Жапониядан Кореяны азат етуге екі ұлы держава – КСРО мен АҚШ білек сыбана кіріседі. Кореяға біріншісі елдің солтүстігінен, екіншісі оңтүстігінен «көмек қолын» созып, жапон басқыншыларын қуып шығады. Осылайша, Корея екіге бөлініп, солтүстік – КСРО-ның, оңтүстік – АҚШ-тың бақылауына өтеді. Солтүстік Кореяны басқаруға коммунист Ким Ир Сен, Оңтүстік Кореяны басқаруға капиталистік көзқарастағы Ли Сын Ман тағайындалады. КСРО мен АҚШ-тың келісімі бойынша, уақытша басқару мерзімі аяқталғаннан кейін екі тарапты (солтүстік пен оңтүстікті) қайта біріктіру көзделеді. Бірақ, Корея екі алып державаның саяси ойыншығына айналып, корей ұлтының тағдыры тәлкекке түседі. 1948 жылы 15 тамызда Сеулде ресми түрде Корея Республикасы, ал 9 қыркүйекте Пхеньянда Корей Халық Демократиялық Республикасы құрылады. Осылайша, КСРО мен АҚШ-тың кесірінен екіге бөлінген корейлер бір-бірімен соғысты бастайды.
КСРО және Қытайдың қолдауымен Солтүстік Корея әскері қуатты күшке ие болды. Содан Ким Ир Сен Иосиф Сталинге (Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы) Ли Сын Ман басқаратын Оңтүстік Корея билігін басып алуға көмектесуін өтінеді. Көп ойланбастан Сталин Ким Ир Сеннің өтінішін жерге тастамайды. КСРО мен Қытайдың қолдауымен Ким Ир Сен ата жауы болған Ли Сын Ман билігіне шабуыл жасап, Оңтүстік Кореяның 90 пайыз жерін басып алады. Алайда, Ким Ир Сен жергілікті халықтың қолдауына ие бола алмайды.
1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін Солтүстік Корея Кеңес Одағының қолдауынсыз қалады. Яғни, Ким Ир Сен Оңтүстік Кореядан бас тартуға мәжбүр болады.
1950 жылы 25 маусымда басталған Корей соғысы 1953 жылғы 27 шілдеге дейін жалғасты. Корей соғысының зардабы орасан зор болды. Түрлі деректер бұл соғыста жалпы саны 5-6 миллион адамның қаза тапқанын көрсетеді.
Иә, Кореяның кезінде қайта бірікпеуіне КСРО мен АҚШ-тың өз мүдделерін корей ұлтының тағдырынан биік қоюлары себеп болды. Өйткені, қос держава Кореяны өз жақтастарының басқаруын қалады. Ал, бұл жағдайда корей ұлтының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы» мүмкін емес еді.
Содан бері жарты ғасыр уақыт өтсе де, коммунист корейлер мен демократ корейлердің басы бірігер емес, бір-бірін ата жаудай көреді. Өйткені, осы жылдар аралығында Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея басшылығы бір-біріне қарама-қайшы идеологияны жүргізіп келді. Оңтүстік Корея антикоммунистік, ал КХДР антикапиталистік саясатты қатаң ұстанды. Соны халықтың санасына әбден сіңірді. Соның салдарынан бір ұлттың екі көзқарастағы ұрпағы пайда болды.
Қазіргі жағдайда екіге бөлінген корей халқының тұтастығы туралы айтудың өзі артық болса керек. Ал, әлем державаларының қысымына қарамастан ядролық қаруын жасап алған Пхеньян райынан қайтар емес. Бұрнағы жылдары КХДР Гуам аралын (Тынық мұхитындағы АҚШ-тың жері) баллистикалық зымыранмен атқылайтынын, АҚШ-тың айбатынан еш сескенбейтінін мәлімдегенін ұмыта қойған жоқпыз. Ақ үй басшысы Дональд Трамп та Солтүстік Кореяға зымыранмен жауап беретінін хабарлаған-ды. Алда-жалда Ким Чен Ын Гуамды нысанаға алса, АҚШ-тың да қол қусырып қарап отырмайтыны белгілі. Оқиға мұндай жағдайда өрбісе, Корея түбегінде қайта соғыс өрті лап етуі ықтимал. Бұл соғыс Солтүстік Кореяға да, оның айналасындағы Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Жапония, Батыс елдеріне де абырой әкелмейді. Мұны ресми Пхеньян да, әлем державаларының басшылары да жақсы түсінеді. Сондықтан былтырғы Жаңа жылдық құттықтау сөзінде ядролық қарудың түймешегі ылғи да қолында жүретінін, өз елін бейбіт және ядролық держава санайтынын ашық айтқан Ким Чен Ын АҚШ, Оңтүстік Кореямен де келіссөз жүргізуге дайын екенін жеткізді. Пхеньянның бұл қадамы әлем елдерімен байланысты реттеудің бір жолы ма, әлде қулыққа негізделген қитұрқы саясат па, оған уақыт төреші.
Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті