Coca-Cola: Дәрі қалай сусынға айналды?

0
8069

Кәсіп бастау бар да, оны әлемге танымал ету, брендке айналдыру тағы бар. Бұл алға қарай қадам жасаудан басталады. Кәсіпкерге шегі жоқ жолда бақ қонып, тасы өрге домаласа, еңбегінің жемісін көреді. Осылайша, өз құндылығын жоғалтпайтын өнім шығарғанда ғана арман ақиқатқа айналады. «Qazaq» газеті бүгін жүз жылдан бері нарықта өзінің орнын жоғалтпай келе жатқан «Coca-Cola»-ның тарихына тоқталады.

«Coca-Cola»-ның атасы – Джон Стит Пембертонға Атлантада орнатылған ескерткіш

Алғаш рет әйгілі «Coca-Cola» сусыны осыдан 133 жыл бұрын, яғни 1886 жылы  АҚШ-тың  Атланта қаласында дайындалған екен. Сусынды американдық фармацевт Джон Стит Пембертон ойлап шығарған. Ал, сусынға бұл атауды Пембертонның есепшісі Фрэнк Робинсон беріп, «Coca-Cola» деп каллиграфия (көркем жазу) түрінде жазған. Сол жазу 133 жылдан бері атақты компанияның логотипі саналады.

«Coca-Cola»-ның негізгі құрамы коки дейтін жапырақтың үш бөлігінен және кола тропикалық жаңғағының бір бөлігінен тұрады.

Кейбір деректерге сенсек, «кока» сөзі – кокаин өсімдігі атауынан  шыққан.  Одан «кокаин» атты жергілікті тағам өнімдері, есірткі және бүгінгі тақырыбымызға арқау болған сусын алынады. 1903 жылға дейін сусынның құрамында кокаин болса керек. Мұны аңыз санайтындар арамыздан табылса да, ХІХ ғасырдың соңында кокаинге тыйым салынбағандықтан, газдалған сусын жасау үшін кокаиннің жапырақтары пайдаланылды. Одан алынған сусын бастапқыда кез келген жүйке жүйесі аурулары мен бедеулікті емдейтін дәрі ретінде сатылымға шығарылды. Солай заңдастырылды.

Алғашқыда сусын-дәрі Атлантаның атақты «Джекоба» дәріханасында сатылды. Ол кезде «Coca-Cola»-ны күнделікті тұтынушылар саны тоғыздан аспайтын-ды. Бірінші жылы компанияның жылдық тауар айналымы бар болғаны 50 АҚШ долларын құрайды. Ал, «Coca-Cola»-ны жасап шығару үшін фармацевт/кәсіпкер 70 АҚШ доллары көлемінде қаржысын жұмсайды. Яғни, ХІХ ғасырдың  соңында «Coca-Cola» пайда әкелмейтін әрі шығыны көп шаруа болды. Дегенмен, Пембертон шығынға қарамай бұл сусынды брендке айналдыруды мақсат етеді. Осылайша, фармацевт/кәсіпкер 1888 жылы «Coca-Cola»-ны сусын ретінде сату құқығын иеленеді. «Coca-Cola»-ның атасы өз ісінің үлкен болашағына сенген. Оны сол сенімі алдамапты. Бүгінде бұл сусын әлемнің барлық елінде сатылымда бар, тек Куба  мен Солтүстік Кореяның нарығында ғана жоқ. Ал, бүгінгі «The Coca-Cola Company»-дың тауар айналымы 35,4 млрд долларды құраса, таза пайда 1,2 млрд долларға жеткен.

Иә, әлемде бұл газдалған сусынды сатпайтын екі мемлекет бар: Куба мен Солтүстік Корея. 2012 жылға дейін бұл тізімде Мьянма да болған. Тәтті сусынды ең алғаш пайдаланған шет елдің бірі – Куба. Дегенмен, АҚШ-пен саяси көзқарасына байланысты бұл ел 1960-шы жылдары «Coca-Cola»-ны сатылымға шығарудан бас тартты. Ал, Солтүстік Кореяның дүкендерінде бұл сусын ешқашан болмаған.

Сарапшылардың пікірінше, әлемде күніне 1,8 млрд «Coca-Cola» сусыны сатылады. Демек, әлемнің әрбір жетінші тұрғыны бір күнде бұл сусынның бір бөтелкесін ішеді. Өкінішке қарай, Пембертон өзі шығарған «Coca-Cola» сусынының мұндай адам сенгісіз жетістіктерін көре алмай, сусын ретінде сату құқығын алған 1888 жылы 57 жасында өмірден өтті.

МАДИЯР ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ» ГАЗЕТІНІҢ ШОЛУШЫСЫ

РЕДАКЦИЯДАН: «Qazaq» газеті келесі №42 санында жүз жылдан бері нарықта өзінің орнын жоғалтпай келе жатқан әлемге әйгілі американдық «Coca-Cola» компаниясының жетістігіне, екі жүз елге таралатын сусынның сырына тоқталады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here