ҚазҰУ-дың ғылыми журналы Scopus базасына енді

0
2145

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің International Journal of Mathematics and Physics ғылыми журналы әлемдегі ғылыми басылымдардың ең үлкен мәліметтер базасы саналатын Scopus дерекқорына енгізілді.

Scopus дерекқорына басылымдарды іріктеу жөніндегі сараптамалық кеңестің талабына сәйкес, журналды мәліметтер қорына енгізудің маңызды және шешуші өлшемі халықаралық аудитория үшін өзекті ғылыми мақалаларды жариялау болып табылады. Оқу орнының International Journal of Mathematics and Physics журналы академиялық үлесі, Scopus-тегі журнал мақалаларының дәйексөздері, редакторлар мен авторлардың географиялық ұсынылуы, басылым этикасы және тағы басқа бағалау критерийлері бойынша сараптамалық іріктеуден сәтті өтті.

Ғылыми басылым 2012 жылдан бері қазақстандық және шетелдік жетекші ғалымдардың редакциялық алқа басшылығымен шығарылып келеді. Журнал материалдарында математика және физика саласындағы соңғы жетістіктер жарияланады. Басылым Scopus-тан бөлек, Web of Science, EBSCO, Research Bib, Scilit, Cite Factor сияқты басқа да беделді дерекқорларда индекстеледі. Беделді халықаралық конференциялардың материалдарында және жоғары рейтингті ғылыми журналдарда оның мақалаларынан сілтеме келтірілген.

ҚазҰУ журналының жетістігі университеттің және жалпы қазақстандық ғылымның әлемдік ғылыми кеңістікке одан әрі интеграциялануының жарқын көрсеткіші болып табылады.

Айта кетсек, Scopus – ғылыми басылымдардағы мақалалардың дәйексөз деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін әлемдегі ең ірі рефераттық мәліметтер базасы. Деректер базасында жаратылыстану, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар, техника, медицина және өнер салалары бойынша 5000 халықаралық баспадан шығатын 24 мыңға жуық басылым бар. Scopus дерекқорын ғылыми-зерттеу жұмыстарын бағалау үшін жетекші университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдары және әлемдік университеттер рейтингтерін құру үшін рейтингтік агенттіктер пайдаланып, мойындайды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here