638 қастандық: Кастроның өлімі кімге керек болды?

0
5475

Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін КСРО мен АҚШ арасындағы «достыққа» сызат түсіп, бұрынғы одақтастар бәсекелестерге айналды. Кремль әлемде социалистік лагерьлердің қатарын көбейткісі келсе, Ақ үй социализмнің таралуына тосқауыл қойып, америкалық капитализмді күшейткісі келді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін орасан зор әскери қуатқа, капиталға ие болған АҚШ үкіметі демократия мен капитализмді желеу етіп, американдық экспансияны жүзеге асыруды мықтап қолға алды.

1959 жылы Куба билігіне социалистердің келуі АҚШ-қа оңайға соқпады. Фидель Кастро Вашингтонға 1 млрд доллардан астам қаржы шығынын келтіріп, оларды 2 млн гектар жерінен, 39 мұнай және қант өңдейтін зауытынан айырды. Кубаның социалистік елге айналуы, шығын келтіруі Вашингтонның өңешіне қадалған тікендей болды. Сөйтіп, кішкентай ғана ел алып көршісін досқа күлкі, дұшпанға таба қылды. Бұл өз кезегінде кешенді түрде социалистік Кубаны жазалау операциясын бастауға ықпалын тигізді.

«Qazaq» газеті № 06 (1 005) санында Фидель Кастроның саяси қызметіне тоқталса (қараңыз: «Диктатор екенін мойындаған әлемдегі жалғыз диктатор»), бүгін революционерге жасалған қастандықтарға тоқталады.

КАРИБ ДАҒДАРЫСЫ: СЕБЕП ПЕН САЛДАР

Фидель Кастроның саяси бастамаларынан көңілі әбден қалған АҚШ алғашында кек алудың классикалық әдісін қолдана қоймады. Яғни, әлем елдерінің алдында өзін бейтарап ретінде көрсеткісі келді. Халықаралық келісімдерді «қатаң» ұстанатын АҚШ Кубадан кегін алу үшін біреудің қолымен от көсеуге «мәжбүр» болды. Сөйтіп, бір кездері Фидель Кастро мен оның жақтастары биліктен құлатып, елден түре қуып шыққан Фульхенсио Батистаның жақтастарын қолшоқпар етті.

Куба билігін құлату үшін Ақ үй «қожайындары» АҚШ аумағындағы кубалық эмигрант-контрреволюционерлерді әскери жасаққа айналдырды. Оларды азық-түлікпен, қару-жарақпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде де сараңдық танытпады.

Содан 1961 жылы сәуірде АҚШ-тың сойылын соққан кубалық контрреволюционерлер Кубаның Плайя-Хирон ауданына шабуыл жасады. Алайда, Фидель Кастро билігін жақтаған халықтың ауызбіршілігінің арқасында үш күнге созылған қанды шайқаста контрреволюционер толықтай талқандалды. Сөйтіп, кубалық революционерлер өз билігін қорғап қалды.

АҚШ-тың мұндай саяси қулығынан КСРО хабардар болып отырды. Гаванадағы коммунистерді биліктен тайдыруға құштар болған Ақ үйдің әрекетіне үнсіз қарап отыра алмады. Сондай-ақ, дәл осы жылы АҚШ тағы да КСРО-ның шамына  тиген еді. АҚШ «Юпитер» атты орта қашықтықта атылатын зымыранын Түркияға орнатты. Яғни, қос держава арасында соғыс өрті тұтанған жағдайда Түркиядағы америкалық зымыран КСРО-ның батыс бөлігіне күйрете соққы бере алатын жағдайға жетті. Содан өзіне тиімді Фидель Кастро режимін сақтап қалу әрі кеткен есесін қайтару үшін Кремль басшылары Кубаға өз зымырандарын орнатуды дұрыс көрді. АҚШ-тың Кубаға әскер кіргізуінен қауіптеніп отырған Фидель Кастроның бұған келіспеске амалы қалмады. Үлкен державаның құрығынан дәл сондай мықты державаның ғана қолымен құтылуға болатынын сұңғыла саясаткер жақсы түсінді.

Екі жақты келісімнен кейін, көп ұзамай, 1962 жылы тамыз айында АҚШ авиациясының барлау қызметінің төрағасы президентке Кубада зымыранға ұқсас кешендердің бар екендігін мәлімдеді. Барлау жұмыстарының қорытындысында Кубада 40 мың кеңестік сарбаз бен 42 кеңестік зымыранның бары анықталды. Бұған қатысты Мәскеу қандай да бір ресми мәлімдеме беруге асықпады.

Сол жылдың 22 қазанында АҚШ-тың әскери-теңіз күштері, әуе қорғанысының сарбаздары Кубаны толықтай қоршауға алды. Жауап ретінде кеңестік әскерилер 27 қазанда Куба көгінде ойнақ салып жүрген АҚШ ұшағын атып түсірді. Ызаға булыққан америкалық әскерилер президентке шабуылға бұйрық беруін сұрады. Сөйтіп, Үшінші дүниежүзілік соғыстың өрті тұтана бастады.

Қос держава да бір-біріне сес көрсеткенімен, өзара соғысуға батылдары бармады. Себебі, бұл соғыстың нәтижесі де өзге соғыстардан ерекше болар еді. Ядролық соғыстың жеңімпазы болмайтындығын қос тарап та жақсы түсінді. Сөйтіп, 1962 жылы 28 қазанда Мәскеу ресми түрде Куба жерінен әскері мен зымырандарын шығаратынын мәлімдеді. Өз кезегінде Вашингтон да алдағы уақытта Кубаға әскер кіргізбейтініне кепілдік бере отырып, бұрын басып алған Гуантанамо теңіз-әскери базасын Гаванаға қайтарып берді. Осылайша, әлемді дүрліктірген оқиғаға нүкте қойылғандай болды.

КСРО мен АҚШ бір-біріне әскери әлеуетін дәлелдесе, Фидель Кастро Ақ үй басшыларына өзінің білікті стратег екендігін айқын аңғартты.

Ендігі майдан басқа сипатта өрбіді. КСРО мен АҚШ арасындағы текетірес «қырғи-қабақ соғысқа» ұласты. Бұл соғыс КСРО ыдырағанша созылып, әлемдік қауымдастық тарихында өз ізін қалдырды. Бұл да басқа мақалаға арқау болатын тақырып.

Алғашқы екі ұмтылысынан дегеніне жете алмай қалған АҚШ ендігі жерде Кубамен басқаша «сөйлесе» бастады. Әскери блокаданың нәтиже бермейтіндігіне көзі жеткен соң, кубалықтарды экономикалық блокадаға ұшырату көзделді.

1964 жылы Ақ үйдің қыспағымен Латын Америкасының барлық елдері Кубамен қарым-қатынастарын үзуге мәжбүр болды. АҚШ-тың айтағына Мексика ғана құлақ аспады. Бірақ, Фидель Кастро Мәскеумен жүргізген келіссөздердің нәтижесінде КСРО және «Өзара экономикалық көмек» ұйымына мүше елдермен қатынас орнатты. Кейіннен Панама, Аргентина, Перу сынды  мемлекеттер де Кубаға қырын қарауын қойды. АҚШ-тың экономикалық блокадасы Куба еліне қысым келтіргенімен, Гавана  тығырықтан шығар жолды таба білді.

КАСТРОҒА ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚТАР

Кастро режиміне қарсы басталған шаралардың негізгі мақсаты – революционердің  көзін  құрту болатын. Оны өлтіруге деген талпыныстар 34-ші президент Эйзенхауэрдің тұсында басталып, Кеннеди мен Джонсонның басшылығымен жалғасты. Ал, 40-шы президент Рейганның ықпалымен күшейді.

Куба басшысын өлтіруге деген ұмтылысты Дүниежүзілік сауда орталығына шабуыл ұйымдастырған Усама бен Ладенді іздеу операциясымен салыстыруға болады. Мәселен, кейбір дереккөздер Фидель Кастроны өлтіруге 638 рет қастандық ұйымдастырылғанын, оның бәрі сәтсіз аяқталғанын хабарлайды. Ал, Кастроның сөзінше, оған 736 рет қастандық жасалған. Бұл жайында Кастро көзі тірісінде: «Егер өлімнен аман қалудан Олимпиада ойындары болса, мен сөзсіз чемпион болар едім», – деп әзілдеген еді.

Махаббат және улау. 1960 жылдың қаңтары.

Командантені өлтірудің алғашқы жоспарларының бірі – оның бұрынғы көңілдесі Марита Лоренцпен байланысты болды. АҚШ-та жүрген аруды Орталық барлау басқармасының (CIA) қызметкерлері Гаванаға оралып, Кастроның тамағына у қосуға көндірді.

Бастапқыда барлығы жоспар бойынша жүріп жатты. Екеуі түнеуге келеді. Алайда, крем құтысына жасырылған у ери бастайды. Содан оны  Фидель біліп қоймауы үшін Марита уды алуға тырысады. Қобалжыған ару уды құтысымен бірге унитазға ағызып жіберу үшін әжетханаға кіреді. Бірақ, ізінше Фидель кіріп келеді. Маританың айтуынша, Кастро оның ниетін бірден сезіп, өзін өлтіру үшін оған тапаншасын ұсынған. Ал, Марита оны ата алмайтынын айтқан. Сөйтіп, әшкере болған Марита CIA берген алты мың доллар авансты Кастроға беріп, Кубадан табанын жалтыратты. Көп ұзамай ару венесуэлалық диктатор Маркос Перес Хименеспен кездесіп, одан сәби сүйді.

Уланған сигара. 1960 жылдың қыркүйегі.

Куба қауіпсіздік кеңесінің басшысы Фабио Эскаланте 1960 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Фидель Кастроға жіберілген сыйлықтардың ішінде уланған сигараның табылғандығын сөз еткен болатын. Әйтсе де, сыйлық иесінің кім екендігі анықталмаған еді. 1975 жылы CIA-ның құпия құжаттары әшкере болғанда Фидельге жолданған сигараның Орталық барлау қызметіне қарайтын медициналық бөлімшесінің сәлемдемесі екендігі анықталды.

Кастроның сүйікті Cohiba сигарасы ботулинамен өңделген. Тек бір рет тартқаннан-ақ өлім құштыратын күшке ие. CIA-ның басқа да жобаларында сигараның ішіне шағын бомбалар да орнатылған. Бұл сигараны тартқанда Фидельдің аузы-мұрны қисайып қалар еді. Бірақ, бұл әйгілі диктаторды сигараға деген құштарлығынан айыра алмады. Фидель денсаулығына байланысты ғана темекімен 1985 жылы қош айтысты.

Сүңгуір костюмі. 1962 жылдың қаңтары.

1962 жылы Рождество күні американдық адвокат Джеймс Донован Фидель Кастро үкіметімен жүргізген келіссөз барысында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Джеймс шығанақтағы шабуылдан кейін тұтқында қалған 1113 тұтқынның босатылуына себепкер болды. Әрине, тұтқындардың құны ретінде АҚШ билігі Кубаға 53 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Бір оқпен екі қоян атып алудан дәмелі заңгер кубалық басшыны өлтіруді көздеді.

Кубалық басшының хоббиі сигара тартудан бөлек суға түсуді жақсы көргені баршамызға белгілі. CIA бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланғысы келді. Жоспар бойынша дипломатиялық келіссөз аяқталған соң, өтетін мерекелік шарада Фидельге Ақ үй тарапынан сыйлық берілуі қажет. Кастроға тартылатын сүңгуір костюмі ауруды тудыратын бактериялар мен  туберкулез  қоздырғыштары  бар вирустармен уландырылды. CIA-ның сорына қарай сүңгуір костюмі резиденцияға тым кеш жеткізілді. Фидельдің алдында күдік тудырып алмас үшін Джеймс Донован кубалық басшыға әдеттегі сүңгуір костюмін сыйға тартып үлгерді. Джеймстің тартуына риза болған Фидель балаша қуанды.

Таллий тұзы.

CIA-ның медициналық мекемесінің тағы бір қитұрқы жоспары бар еді. Бұл қастандық Фидельді өлімге душар етуден бөлек, егер ол ғайыптан тайып тірі қалған жағдайда, оны күлкілі жағдайға душар ететін.

Таллий тұздығы тұтынушысының жүрегін айнытып, буын ауруына шалдықтырып қана қоймай, шаштан бастап денедегі барлық түктерді түсіретін қабілетке ие болды. Осылайша, CIA агенттері Куба басшысын әйгілі сақалынан айыруды мұрат етті. Олар Фидельдің келесі шет елге жасайтын сапарларының бірінде, аяқ киімін қонақүй бөлмесінің есігінен шығарып салғанда, оның аяқ киіміне таллий тұздығын салу ойластырылды. Алайда, қауіпті сезіне білген Куба басшысы сол сапардан бас тартты.

Жалпы, CIA-ның Фидель Кастроға жасаған қастандықтарының барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Оны атып та, жарып та, улап та, алдап та, арбап та өлтірмек болды. Тіпті, амалы құрыған CIA басшылары Фидель Кастроны өлтіру үшін қиялдарына ерік беріп жатты. Кастроны жару үшін ішіне бомба орнатылған тышқан роботтың үлгісі жасалынғаны да бар. Әйтсе де, «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледі» дегендей, Куба басшысын өлтіру адамның қолынан келмеді. Сақалды диктаторды өлтіру үшін АҚШ президенттері Эйзенхауэр тұсында 38 рет, Кеннеди тұсында 42 рет, Джонсон тұсында 72 рет, Никсон тұсында 184 рет, Картер тұсында 68 рет, Рейган тұсында 197 рет, үлкен Буш тұсында 16 рет, Клинтон тұсында 21 рет қастандық жасалынды. Бұған CIA-дан тыс Куба оппозиционерлерінің әрекетін қосыңыз.

Әрине, Орталық барлау қызметі де, Ақ үй де Фидель Кастроға АҚШ тарапынан жасалған қастандықтарды жоққа шығарады.  Ал, британдық режиссер Доллан Кэннел 2006 жылы «Кастроны өлтірудің 638 тәсілі» атты фильмді жарыққа шығарды. Оның алдында Куба басшысының оққағары Хуан Рейнальдо Санчес өзінің «Фидель Кастроның құпия өмірі»  атты кітабын  оқырман  назарына ұсынды.

Айта кетейік, Фидель Кастро Кубаны билеген 49 жыл (1959-2008) ішінде АҚШ-та 11 президент ауысқан.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Фидель Кастро – өз халқының ұлт болып ұйысуына, ел болып еңсе көтеруіне еңбегі сіңген диктатор. Куба билігінің тізгінін елу жыл бойы ұстаған Кастроны Ақ үй басшылары тағынан да тайдыра алмады, жанын да ала алмады. Саяси ұстанымын өзгертуге шамалары да жетпеді.

Денсаулығына байланысты Фидель Кастро 2006 жылы биліктен кетіп, тақты інісі Рауль Кастроға сеніп тапсырды. 2016 жылы 25 қарашада 90 жасында өз ажалымен қайтыс болды. Десе де, ол туралы кубалықтардың арасында «Фидель – өлмейтін жауынгер» деген сенім қалыптасты.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here