Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Атырау қаласындағы Хиуаз Доспанова атындағы мектепте ерекше форматта «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Алдымен сұрапыл соғыс жылдары жауға қырғидай тиген «түнгі мыстандардың» бірі – Хиуаз Доспанованың ерлігі туралы арнайы дайындалған фильм көрсетілді. Содан соң жиналғандар осында құрылған «Аманат» оркестрінің өнеріне тәнті болды. Әсіресе, Бекет Сәкенұлының шебер орындауындағы патриоттық әндерге көпшілік тік тұрып қол соқты.
«1994 жылы Н.Крупская атындағы №18 мектептің қазақтың «қанатты қызының» атымен аталуының өзі Тәуелсіздіктің төл сыйы деп түсінген жөн. Биылғы оқу жылында 13 жас маман қызметке қабылданып, ұстаздықтың ұлы сапарын бастап жатыр. Олардың бәрі де Тәуелсіздік толқынында туған ұрпақ болып саналатындықтан, зор сенім артамыз», – дейді мектеп директоры Дулат Далиев.
Жас мұғалімдер арасында ғылыми еңбектері жарық көрген магистранттар да бар.
Сондай-ақ, Атырау қаласының Құрметті азаматы, қалалық мәслихат депутаты Ерболат Дәулетқазиевтің әулеті түгелдей осы білім ұясында еңбек еткен. Осыны ескерген мектеп әкімшілігі оның әкесіне арнап бұрыш ашқанды жөн көріпті. Бұған Ерболат Ғұсманұлының өзі куә болып, «Тәуелсіздік тартуы» деп баға берді. Ал, ардагер ұстаздар атынан сөз алған Бақтығыз Елешова жастарға Тәуелсіздіктің ұлағатын ұғындыратын осындай шаралар көбірек өткізілсе деген ұсынысын білдірді.
Соңында облыстық білім беру басқармасының бас маманы К.Бөкенова, Атырау қалалық білім бөлімінен Н.Масақаева және «Шапағат» орталығы басшысының орынбасары М.Құбышев тағылымды әңгімелерімен бөлісті.
Руслан ХАМЗА, Қазақстанның Журналистер одағының мүшесі
АТЫРАУ ҚАЛАСЫ