Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде Наурыз мейрамы атап өтілді

0
2079

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК қарасты Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде «Алаш арыстарының Наурыз мейрамы туралы ой-толғамдары» аясында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын мерекелеу мақсатында дөңгелек үстел өтті. Аталған іс-шараға А.Айтбаева, Б.Қожекеева, М.Шындалиева, Г.Орда, С.Смағұлова, Г.Балтабаева, Г.Асқарова сынды ғалымдар және жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысты. Жиынға қатысушылар Наурыз мейрамының шығу тарихы, әр кезеңдерде тойлануы, Алаш қайраткерлерінің наурызға қатысты ой-толғамдары туралы пікірлерін ортаға салды.

Жиын модераторы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, ф.ғ.к. Райхан Имаханбет Наурыз мейрамының шығу тарихына, Қазақстанда тойлану ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

Іс-шара қонағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры, ф.ғ.д. Гүлжахан Жұмабердіқызы жиын барысында Наурыз мерекесі аясында орындалатын ырым-жоралғыларға, халықтың көңіл-күйі мен ынта-ықыласына тоқтала отырып, Наурыз мерекесінің тойлануы туралы «Қазақ» газетіне жарияланған материалдарға тоқталып, талдап-таратты. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Гаухар Балтабаева ұлт тәрбиесіндегі жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуде Наурыз мейрамының ерекшеліктерін атады.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Бегзада Қожекеева Наурыз мейрамы кезінде ұсынылатын ұлттық тағамдар мен Наурыз көженің жасалу жолдарын, мерекеде киілетін ұлттық киім нақышының мәнісін түсіндірді.

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері, т.ғ.д. С.Смағұлова М.Дулатұлы, М.Жұмабай және т.б. Алаш қайраткерлерінің Наурыз мейрамына қатысты мерзімді баспасөз беттеріне жарияланған мақалаларына талдау жасап, кеңестік жүйе тұсында діни мейрам ретінде тыйым салуының себеп-салдарын саралап берді.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен келген 1-курс студенттері Наурыз мерекесіне арналған өлеңдерін оқып, мейрамға қатысты ой-толғаныстарын жеткізді. 

Жиын барысында ғалымдарға қатысушы жастардың тарапынан сұрақтар қойылып, пікір алмасты. 

Жиын соңында қызылордалық қонақ Айман Ералықызы музей-үйінің кітапхана қорына қазақтың көрнекті ғалымы Әуелбек Қоңыратбаевтың он томдық таңдамалы жинағын сыйға тартты. Ал, музей-үйі жетекшісі Райхан Сахыбекқызы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнайы шығарған «Ғасыр саңлағы» атты әдеби туындысын келген қонақтарға сыйлады.

Іс-шара қасиетті Ораза айының Наурыз мерекесімен сәйкес келуіне орай қазақтың ата салты дәстүрімен ауызашар дастарханымен қорытындыланды.

Жансая ҚҰРМАНӘЛІ,
А. Байтұрсынұлы музей-үйінің қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here