«Garden Day-Aport» тақырыбында Бақ күнін атап өтті

0
1887

21 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Алмалық ауылындағы Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Талғар» өңірлік филиалының базасында «Garden Day-Aport» тақырыбында Бақ күнін өткізді.

Шараға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Тасжүреков, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н. Шәрбиев, Алматы облысының әкімінің орынбасары Н. Құдайбергенов, сондай-ақ ЖОО, ҒЗИ басшылары, агробизнес өкілдері және халықаралық сарапшылар, осы саланың білікті мамандары, жалпы 200 артық қатысушылар, соның ішінде Болгария, Польша және Түркиядан келген ғалымдар қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстанда бау-бақша шаруашылығын дамытуға арналған шарада аты аңызға айналған «Апорт» алма сортын жандандыру және сақтау мәселесі көтеріліп, бау-бақша және ауыл шаруашылығындағы озық технологиялар таныстырылды.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті А.Қ. Күрішбаев Қазақстанның бақ шаруашылығы саласын дамытуға үлкен әлеуеті бар екендігіне баса назар аударды. Айтуынша, ұлттық бренд – апортты қайта жаңғырту мәселесінде елімізде генетикалық зерттеулер мен қазіргі биотехнологиялар қолданылады.

«Қазақ жеміс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Талғар» филиалында 5 гектар жерге Апорттың Алматы және Қанды-қызыл сорттарының аналық көшеттері отырғызылды. Бұл көшеттер Апорттың 115 түрінің ішінен дәмі мен ауруға төзімділігі бойынша ең үздіктерін іріктеу арқылы алынған. Көшеттерді отырғызу кезінде институт ғалымдарының әзірлеген технологиясы қолданылды. Сонымен қатар, генетикалық талдау арқылы Апортпен үйлесімді жабайы Сиверс алмасының түрлері іріктеліп, олардан 0,4 гектар жерге тұқымбақ (питомник) отырғызылды. Бұл тұқымбақ болашақта сау Апорт көшеттерін өсіруге септігін тигізеді», – деді А.Күрішбаев.

Айта кететін жәйт, өткен жылы Қазақстан 251,5 мың тонна алма өндірген, оның 98,5 мың тоннасын импорттады. Өнеркәсіптік бақтарда 194,1 мың тоннасы өндірілді. Биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде 40,9 млн. долларға 94 мың тонна алма импортталған. Алайда Қазақстанның алмаға сұранысы 300-320 мың тонна, ал өнеркәсіптік мақсатта алмамен өзін-өзі қамтамасыз ету 60% ғана болып отыр.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Тасжүреков Ербол Қуанышұлы бақша шаруашылығын дамыту елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикасы үшін маңызды екенін айта келе, үкімет тарапынан бағбандарға жан-жақты қолдау, соның ішінде инвестициялық субсидиялар ұсынылатындығына тоқталды.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов Апорт өсірудің қиын әрі көп шығынды екенін ескертіп, аймақта апорт бақтарының ауданы күрт азайғанын хабарлады. Сондықтан мемлекет пен шаруалар бірлесіп жұмыс істесе, апорт өсіруді қайта жандандыруға болатындығын айтты.

Іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушыларға Қазақстан Республикасында бау-бақша шаруашылығын дамытудың жоспарлары мен перспективалары, соның ішінде Апорт сортын жаңғырту және сақтау мәселелері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, қатысушыларға өнімнің экологиялық қауіпсіздігі мен топырақ құнарлылығын арттыруға баса назар аудара отырып, жеміс-жидек дақылдарын өсіру технологиялары бойынша ғылыми-тәжірибелік ұсыныстар берілді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here