Археологиялық заттар табылған Қимақ хандығының тарихы талқыланды

0
2019

Естай атындағы мәдениет сарайында «Ертіс өңірінің тарихи мұрасы: Қимақ қағанаты мен Қазақ хандығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияға қоғам және саяси қайраткерлер, Қазақстан Республикасының, жақын және алыс шет елдердің ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамы, аспиранттар, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Жиын басында сөз сөйлеген Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук конференция қорытындысы бойынша Қимақ қағанатына қатысты археологиялық зерттеулер жүргізудің бағдарламасы құрылатынын атап өтті.

– Біздің Павлодарда осындай үлкен дәрежеде халықаралық конференция өтіп жатқаны қуантады. Өңіріміз археологиялық мұраларға бай. Бізде 500-ден астам археологиялық ескерткіштер бар. Қорғандар, тастар, Алтын орда дәуірі ескерткіштерінің қалдықтары және басқа да мұралар жетерлік. Біздің археологтар көптеген жылдан бері қимақ қорғандарын зерттеп келеді. Биыл байдала қорғандарында «қимақ жауынгері» табылды. Конференция табысты өтеді деп сенемін. Алдағы уақытта Ертіс музейінің ішінде Қимақ қағанатына арналған музей ашылады, – деді Олег Крук.

Археолог, Павлодар педагогикалық университетінің «Margulan Centre» орталығының директоры Тимур Смағұлов Павлодардағы Қимақ мұраларының зерттелуі туралы айтып берді.

– Қимақ қағанатының мұраларын зерттеу бойынша археологиялық жұмыстар биыл сәуір айында басталды. Алдымен барлау, әуеден суретке түсіру жұмыстары жасалды. Кейін мамыр-маусым айларында қазба жүргізетін экспедиция ұймдастырдық. Қазба жұмыстары Павлодар қаласына жақын Байдала жерлеу орындарында жүргізілді. Қазба барысында қарулары бар жауынгер мен әшекейлері бар әйел адам табылды. Байдалада қимақтардың адамдар жерлеген орны табылды. Қоныстары сол аумақта, Ертістің жағасында болуы тиіс. Қонысын зерттеу – ендігі мақсатымыз, – деді Тимур Смағұлов.

Сондай-ақ, Байдаладағы қазба жұмыстары барысында қызықты заттар көп табылған.

– Алтын, күмістен жасалған заттар, жебе ұштары, тіпті жібек маталар да анықталды. Қимақ елінде жібек шығарған қалалар болған деген де ақпараттар бар, – деді Тимур Смағұлов.

«Остров Крым» ғылыми қайта жаңарту лабораториясының жетекшісі Крым Алтынбеков Павлодар жерінде табылған «Қимақ күймесінің» сол замандағы пішіні жасалатынын атап өтті.

– Біз Алматыда археологиялық заттармен жұмыс жасаймыз. Алғаш осы қазба орыннан бетон сияқты топырақ бөлшегін бізге әкелгенде рентгеннен өткізіп, зерттелуі тиіс орын екенін білдік. Сол топырақтың құрамында оюлы жұқа метал заттар болды. Павлодар өңірі археологиялық заттарға бай. Соңғы табылған заттардың бірі – көліктік коммуникацияға жататын күйме. Біз реставраттар табылған күйменің сол замандағы пішіні жасап шығарамыз. Күйменің түпнұсқасы жеке сақталады, – деді Крым Алтынбеков.

Конференцияға қатысқан ҚР БжҒМ қарамағындағы Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл Қимақ қағанаты Түрік қағанатын қайта жандандырушы екенін айтты.

– Түрік қағанатынан қалған үлкен мемлекеттікті өз уақытында Қимақ қағанаты қалпына келтірді. Сондықтан олардың басшысы «қаған» атанды. Бас мемлекеттерде билеуші «жабғу» атанды. Өтйкені қимақтардың мәртебесі биік болды. Кейін шыққан Шыңғыс ханның өзі Түрік қағанатын қалпына келтіруші. Сол халықтың басын қосты. Шыңғысхан өзіне дейін болған алтын таққа отыруды аңсаған, – деді Еркін Әбіл.

Айта кетейік, сонымен қатар конференция барысында түркологияның өзекті мәселелері, Жошы ұлысы, Қазақ хандығы мен Қимақ мемлекетінің археологиялық мұрасын зерттеудің нәтижелері мен перспективалары, көшпелілердің материалдық және рухани мәдениеті талқыланды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here