Арайлы таң, алтын күн

0
2518

Тәуелсіздік! Бір ғана сөз. Құлаққа күміс қоңыраудай сыңғырлай естіліп, жүрекке шапағат нұрын төгетін жалғыз атау. Алайда, осы бір сөздің астарында, арғы тұсында бүтін бір халықтың мыңдаған жылғы ұланғайыр бейнесі, телегей теңіздей баяу лықсыған ата тарихы жатқаны кімге болмасын айтпаса да түсінікті.

Көз алдыңа сонау көне Ғұн, Сақ дәуірі елес береді. Шыңғыс хан шапқыншылығы, одан бергі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманы атойлап өткендей болады. Одан бергі патшалық Ресей езгісі, ақ пен қызылдың шабысы, 32-жылғы ғаламат ашаршылық, 37-жылғы ХХ ғасырдың ұлы қанішері, халықтың қаралы көсемі Сталиннің қолдан жасаған зұлмат репрессиясы, 41-жылғы дүниеге өлім сепкен Орыс-Герман соғысы, басқасын былай қойғанның өзінде күні кешегі Семей ядролық сынағы сорлы қазақты отқа да, суға да аямай салып, зар қақсатқаны, сөйтіп Алаш жұртын мына фәни жалғанда «мың өлтіріп, мың тірілткені» айдан айқын нәрселер.

Алайда, осыншама тарих толқыны қазақ деп аталатын ұлы халықтың сағын сындырып, жігерін жасыта алмады. Батыр да батыл ел жуасудың орнына қайта қайратына қайрат қосып, жанын жалдап, тісін қайрап, қыннан суырған алдаспандай жарқылдай түсті. Соның арқасында қазақ елі өзін басына төнген бар апаттан аман сақтап қалды, елдігін жалғастырды, ерлерін ұлықтады. Ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын ұланғайыр жер шын мәнінде ел игілігіне айналып, өсер ұрпақ, келер дәуренге мұра болып қалды.

Енді міне, сол шеті де шегі де көрінбейтін сайын сахарада еліміз Тәуелсіздіктің отыз жылдық тойын тойлап отыр. «Азат күнді бізге Құдай сыйлық етіп бермеді» деп әлдебір ақын айтқандай, бұл Тәуелсіздікті Тәңірінің бізге күтпеген сый етіп бермегені рас. Бұл еліміздің сан ғасырлық күресінің жеңісі, тарихтың тар жол, тайғақ кешулерінен сүрінбей өткен табандылығының өшпес белгісі. Сол үшін де бұл Тәуелсіздіктің Алаш жылнамасында алатын орны алабөтен. Тәуелсіздік деп аталатын жалқы сөздің әр әрібінің түбінде тарихтың мәңгілік шырағының, мұзда жанған алаудың өшпес оттары жатқаны анық. Сол үшін де бұл Тәуелсіздік баянды, сол үшін де бұл Тәуелсіздіктің ертеңі арайлы, болашағы айқын.

Тәуелсіздік! Бұл кіл алтын әріптермен өрнектеп, күллі Алаш жұртының ойы мен санасына мәңгілікке жазылған сөз. Және ертеңгі күнге нық басқан, нұрлы жердің үстінде нұрлы жолмен мәңгілік елге кетіп бара жатқан азат елдің адастырмас сара жолының баянды тірлігіне сөнбес сәуле төккен алтын шырағы. Тәуелсіздік елімізге толағай табыстарды сыйға тартты. Еліміз күллі әлем көз тіккен ЭКСПО-2017 көрмесін аса абыроймен өткізді, «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағыты саналы түрде жүзеге асып келеді. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу, 100 нақты қадам идеясы күн тәртібіне қойылды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы еліміздің ойы мен санасына жаңа сілкініс, шұғыл бетбұрыс жасады…

Өз алауын желтоқсанның сақылдаған сары аязы мен көк мұзында жаққан Тәуелсіздіктің торқалы тойы құтты болсын!

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here