Жәнібектегі жарыс

0
2114

Жуырда Батыс Қазақстан облысына қарасты Жәнібек ауданының орталығында каратэ-до шотокан бойынша балалар мен жасөспірімдер және ересектер арасында Жәнібек аудандық Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігі өтті. Аталмыш біріншілікте Тасқала, Жәнібек аудандары мен Орал қаласының спортшылары өзара бақ сынасты.

Жарыс Жәнібек ауданы әкімдігі мен Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің тікелей қолдауымен өтті. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі міндетін атқарушы Жақсылық Абдолов жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі. Ашық біріншілікке арнайы Оралдан келген Бас төреші Марат Қожахметовке де сөз беріліп, ол да жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, аудан әкімдігі атынан Бас төрешіге Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етілді.

Біріншіліктің ашылу салтанатында Тасқала ауданы мен Жәнібек ауданы командаларынан құралған спортшылар арнайы каратэ тәсілдерін көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді.

Жарысқа келген спортшылар халықаралық SKIF ережесімен ката және кумитэ бағдарламалары бойынша сынға түсті. Нәтижесінде 6-7 жас аралығында қыздар арасында бақ сынаған Азиза Қошанова катадан (арнайы жаттығудан) чемпион атанса, осы жас аралықтағы кумитэде (жекпе-жекте) 25 келіден артық салмақта жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, 6-7 жастағы қыздар арасындағы 25 келіге дейінгі салмақта Айзере Иманғали чемпиондық тұғырға көтерілсе, ката бойынша 2-орын алды. 10-11 жастағы қыздардан Сезім Сираж катадан 1-орынды иеленсе, кумитэден абсолюттік салмақта 2-орынға табан тіреді. Осы жас ерекшелікте Сырым Аршат катадан жүлделі 2-орын алса, кумитэден жеңімпаз атанды. 12-13 жастағы қыздар арасынан бақ сынаған тасқалалық Мәдина Қаратаева катадан және абсолюттік салмақта кумитэден чемпион атанды. 16-17 жас ерекшеліктегі қыздар арасынан ката бойынша Гүлбар Қалихан 1-орынға ие болса, кумитэде 2-орынға жайғасты. Осы жас ерекшелікте Жасмин Сағадетова ката бағдарламасында 2-орынды, ал кумитэден 1-орынды иеленді.

Ұлдар арасынан 8-9 жас ерекшелігінен ката бойынша Тасқала ауданынан келген Алтынбек Нұрболат чемпион атанса, кумитэде 30 келіден жоғары салмақта 3-орынға ие болды. Осы жас ерекшеліктегі 30 келіге дейінгі салмақта кумитэ бойынша Арнұр Қарсақов 1-орынды иеленсе, катадан 3-орынға табан тіреді. 8-9 жастағылар арасында 30 келіден жоғары салмақта кумитэде Әлижан Талғат жеңімпаз болса, ката бойынша 3-орынды иеленді. Әлижан бұл жарыстың алдында Орал қаласында наурыз айының соңында WKF ережесімен өткен облыс чемпионатынан өз жас ерекшелігінен жеңімпаз болып оралған еді. 

10-11 жастағылар арасында ката бойынша Бекарыс Талғат 1-орынды иеленсе, кумитэде 3-орынға қол жеткізді. Абсолюттік салмақта кумитэ бойынша 10-11 жас ерекшелігінде Орал қаласынан келген Мирас Балтабеков чемпион атанды. Саян Рашит 12-13 жастағылар арасынан катадан жеңімпаз болып танылса, кумитэден 3-орынды иеленді. Бұл жас ерекшеліктегі кумитэде оралдық Орақ Фархат чемпиондық тұғырдан көрінді. Сонымен қатар, Фархат 12-13-тегілер арасынан ката бойынша жүлделі 3-орынды місе тұтты. 14-15 жастағы жасөспірімдерден оралдық Дияс Сағымбаев катадан және кумитэден абсолюттік салмақта жеңімпаз атанды. Ал, ересектер арасында 18 жас және одан жоғары жас ерекшелікте сынға түскен Ерболат Меңлібаев (Орал қаласы) катадан және абсолюттік салмақта кумитэ бойынша бас жүлде иеленді. Айта кетерлігі, Ерболат 18 жасқа сәуір айында ғана толып, алғаш рет ересектер арасында бақ сынады. Және де чемпион атанды.

Жәнібек аудандық Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігінде жеңімпаз және жүлдегер атанғандар диплом, медальмен марапатталды. Балалар мен жасөспірімдер арасынан кумитэ бағдарламасында жеңімпаз болып танылғандар арнайы ақшалай сыйлыққа да ие болды. Сондай-ақ, ересектер арасында жүлделі болған спортшыларға да қомақты ақшалай сыйлық табысталды.

Қорытындысында командалық есеп бойынша Жәнібек ауданының командасы көш бастады. II-орынды Орал қаласы, ІІІ-орынды Тасқала ауданы командалары қанжығаға байлады.

Асан МОЛДАҒАЛИ,
каратэ-додан Жәнібек аудандық
БЖСМ-нің жаттықтырушысы

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ,
ЖӘНІБЕК АУДАНЫ

Суреттерді түсірген: Ақтілек ӘЛІБЕКҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here