Соғыс болатын күнді хабарлаған қазақ қызы

0
6906

Оның Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қызмет атқарған орны – Бас штаб жанындағы Бас әскери барлау басқармасы. Мамандығы – алыстан берілетін радиограммалар мен радиошифрларды қабылдап, шешуші. Әскери басшылықтың аса құпия директиваларын жау тылына шифрланған кодтармен жеткізуші. Өмір тарихы аса құпия. Суреті де сақталмаған. Құпия гриф белгісі соғылған архив құжаттары әлі бар құпиясын ашқан жоқ. 2017 жылы ашылады деген құпия жәшіктердің шіріген тысы ысырылмаған күйінде тұр.

Кез келген мемлекеттің қалыптасу тарихында сыртқы барлау қызметінің алар орны ерекше. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында барлық арнайы операцияларды ВЧК-ОГПУ органдары жүргізіп келді. Екінші дүниежүзілік соғыс алдында НКВД тарапынан «В» және «С» деген екі топ құрылып, олар сыртқы барлау қызметімен қатар ішкі бақылау-тексеру қызметін қатар жүргізді. Соғыс жылдары барлау қызметінің 20 қызметкері Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Жеңістен кейін кеңес әскерлерінің күшімен босатылған елдерден қажетті ақпарат жинау үшін НКГБ ұйымы тарапынан «Ф» бөлімі, атом бомбасын жасауға бағытталған объектілерге барлау жұмысын жүргізу үшін «К» бөлімі, 1946 жылы «партия мен кеңес мемлекеті басшыларына» қастандық жасаушылармен күрес «ДР» (диверсия және террор) басқармасы құрылады.

Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Кеңестік сыртқы барлау қызметі фашистік Германияның барлық аса маңызды мемлекеттік құрылымдарына өзінің ең сенімді агенттерін ұстады. Олар империяның Сыртқы істер, экономика және әуе қатынасы министрлігінде, тіпті ең қасіретті деген  гестапода да болды. Олардың арасында Кремль билігін маңызды мәліметтермен қамтамасыз етіп отырған антифашистік «Красная капелла» ұйымының алатын орны ерекше еді. Олардың қатары бір ғана Германияда 200-ден асатын. Тәжірибелі тыңшылардан тұратын ұйымдарды «Корсиканец» деген лақап атпен заң ғылымының докторы, империяның  экономика министрлігінің аға кеңесшісі Арвид Харнак, «Старшина» деген  жасырын атпен империялық Әуе қатынастары министрлігінің барлау  бөлімінің аға лейтенанты Харро Шульце-Бойзен, «Старик» деген жалған  атпен жазушы-антифашист, режиссер, философия докторы Адам Кукхоф  басқарды. 1942  жылы Германиялық антифашистік ұйымның сыры ашылған соң, олардың белсенділерінің бәрі дарға асылды. Олардың аты-жөндері НКВД-ның құпия қатынастарында ешқашан аталмады. «Красная капелла»  ұйымының аты антифашистік қарсыласу майданында да белгісіз болып келді. Ол Кеңес әскері Бас штабының Бас барлау басқармасы басшылығының  нұсқауымен ғана әрекет етті. Ұйым атауы Генрих Мюллер жетекшілік ететін гестаполық «Роте капелле» ұйымынан бастау алды.     

Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс басталардың алдында Кеңестік Бас  әскери барлау басқармасы әлемнің 45 елінде 242 барлау резидентурасын ұстаған. Оларға 600 адам хабар беріп отырған. Кеңестік барлау агентурасына шетелдік көптеген азаматтар да тартылған. Олар Батыс Еуропаның ірі орталықтарынан кеңестік барлау басқармасына аса маңызды деген құпия ақпараттарды жеткізіп отырған. Олардың арасында «Кент» деген лақап атпен Уругвай азаматы Винсент Сиерраның Кеңес барлаушыларының мэтрі Гурьевичтің  (Виктор  Сукулов) және атақты кеңес тыңшысы неміс азаматы  Рихард Зоргенің ақпараты аса маңызды болған. Неміс және жапон әскерлерінің қай күні тұтқиылдан шабуыл жасайтынын да ең бірінші болып айтқан осы барлаушылар еді.

Жаудың ішінде жансыз ұстау ежелден бар тәжірибе. Олар 13 ірі және 15 кіші резиденттік топқа бөлініп, әрқайсысы жеке-дара барлау жұмыстарымен айналысқан. Осы арнайы аса құпия топ құрамында қазақ қызының болғанын  екінің бірі біле бермейді. Шындығында, ол Берия басқаратын ерекше басқармаға ғана бағынатын аса құпияланған топта қызмет етті.

Бүгінде Қиыр Шығыстағы жапон милитаристерімен болған соғыс туралы тарихшылар болмаса, қарапайым халық ештеңе білмейді. Осы соғысқа қатысып, ерлікпен қаза тапқан қазақтар көп болғанын да біле бермейміз. Хасан көлі маңында Қызыл армия мен империалистік Жапония арасында екі аптаға созылған қарулы қақтығыс болды. 1938 жылдың 29 шілдесі мен 11 тамыз аралығында болған бұл оқиға КСРО тарихында «Хасан көлі маңындағы соғыс» деп таңбаланды. 1938 жылы маусым айында  Жапонияның Кеңес Одағына шабуыл жасайтыны белгілі болды. Оны аса құпия түрде Жапон еліндегі кеңестік резидент Рихард Зоргеден қабылдаған   топ ішінде Ақжібек Мұқашева да бар болатын. Жапондар шекара маңының Посьет учаскесіне 3 жаяу әскер дивизиясын, атты әскер полкін, механикаландырылған бригадасын, ауыр және зениттік артиллериясын, 3 пулемет батальонын, бірнеше бронды пойызын және 70 ұшағын әкеліп тіреп қойғаны белгілі болып қалады. Оны кеңестік барлаушылар орталыққа құпия шифровкамен хабарлайды. Алдағы тосыннан болатын соғысқа дайындалу қажеттігі жөніндегі ең алғашқы құпия шифровканы қабылдаған да қазақ қызы Ақжібек Мұқашева болатын. Оның Екінші дүниежүзілік соғыс басталардан бұрын қабылдаған «Кент – Орталыққа. Бір жарым миллион қалайы қасық дайындауға тапсырыс алынды. Алмания мен Польша аумағында әскери тұтқындарға арналған лагерьлер салуға ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл қасықтар соларға қажет. КСРО-ға әскери шабуыл жасалуы мүмкін» деген жантүршігерлік шифровкасы кейін үлкен дауға айналды. Бұл – 1941 жылдың көктемі еді.

Кеңес резидентінің шифрмен берілген хабарының түйінін шешкен Ақжібек бұған сенерін де, сенбесін де білмеді. Шифровальщик қателеспеуі тиіс. Оның үстіне 1939 жылы 22 тамызда КСРО мен Алмания арасында шабуыл жасамау жөнінде пактіге қол қойылған болатын. Мұндай хабарды жоғары әскери басшылыққа жеткізу өте қауіпті әрі қорқынышты еді. Қорғаныс халық комиссарына бұл мәліметті апарудың соңы шифрды шешуші бөлімнің басына қандай қауіп төндірерін кім білген. Сондықтан шифровальщиктердің әрбір сөзі аса мұқият зерттелуге жататын. Араға бір ай салып келесі бір Старшина атты резиденттің «Тұтқиылдан шабуыл жасалуы мүмкін. Неміс әуе күштері ең алғашқы соққысын Мурманскіге, Вильноға, Белостокқа, Кишиневке және Мәскеу әуе зауыттарына, Балтық теңізі порттары мен Беломорканал су жүйесіне, шекараға таяу орналасқан темір жол құрылымдарына, ірі көпірлерге беретін болады» деп қосымша құпия хабарлауы соғыстың болмай қоймайтынын дәлелдей түскен еді. Резиденттердің тосыннан жасаған ақпарына Сталин бұл ағылшындардың ойдан жасаған бүлдіргісі деп сенімсіздік білдірген. Осыдан соң жарты жыл ішінде кеңестік шифровальщиктер бөлімінің үштен бірі өз қызметтерінен аластатылған. Олар барлаушылардан мұндай мазмұндағы өте қауіпті хабарларды қабылдаудан да үркіп қалған.

Фашистік  Германияның  КСРО-ға  шабуылы  аяқ  астынан болды ма?  Ол  туралы  Микоян, Молотов, Каганович және КСРО Совнаркомының іс  басқарушысы Чадаевтың берген түсініктемелері тіпті басқаны көрсетеді. 1941 жылғы көктемде Германия Шығыс шекарасына өзінің бүкіл соғыс техникаларын шоғырландыруы кеңестік барлау агентурасының күдігін  тудырады. 25 мамырға дейін неміс билігі кеңес шекарасына күн сайын 100 эшелон әскери техникаларын шоғырландырады. Осы уақыт аралығында неміс әскери ұшақтары 324 мәрте барлау, суретке түсіру мақсатында кеңес әуе кеңістігін бұзғаны белгілі болады. Бұл туралы сол кезде Микоян  Сталинмен ашық сөйлеседі. Алайда, Сталин «немістермен соғыс 1942 жылдың  соңында басталады, бірақ Гитлер ол үшін алдымен Ұлыбританияны тізе бүктіруі керек» деген алдамшы түсінікте болады. Оған дейін Берлиннен, Бухарестен, Лондоннан, Стокгольмнан, Токиодан түскен кеңес барлаушыларының құпия шифрограммасына да сенімсіздік білдіреді. Токиодан Рихард Зоргенің 1941 жылы 15 маусым күні «Тағы да  қайталаймын, 170 дивизиядан тұратын 9 армия 1941 жылы 22 маусымда кең  ауқымды шабуыл жасайды» деген құпия мәліметі назарға алынбайды. Осының алдында ғана 1941 жылы 5 мамырда Германия елшісі граф фон  Шуленбергтің соғыс қаупі туралы айтқанына да сенімсіздік білдіріледі. Шабуыл болатын күннен бір күн бұрын Франциядан түскен кеңес әскери атташесінің құпия шифрограммасына Сталин: «Бұл ақпарат жалған, оны  арандатып отырған Ұлыбритания. Авторларының кім екенін тауып, қатаң түрде жазалаңыздар», деп оған тәртіп соғып береді. 22 маусым күні ОК Бюро мүшелері Сталиннің Кремльдегі бөлмесіне жиналғанда көсем әңгімені неден бастарын білмей, ұзақ уақыт кабинетінде ерсілі-қарсылы кезген бойы: «Сұмырай Риббентроп мені алдап соқты» дегеннен өзге ештеңе айта алмайды. Саяси Бюро мүшелерінің өзіне радиодан халыққа мәлімдеме жасау туралы ұсынысына қарсылық білдіріп, оны Молотовқа жүктейді. Сталин  осылайша сын сағатта өзіне жауапкершілік алмайды.

Сол кездері құпия шифрограммаларды қабылдаған жандардың арасында біздің қандасымыз Ақжібек Мұқашева да бар еді.

Ақжібек Мұқашева – Қазақстанның бірінші астанасы Орынбор қаласында 1919 жылы дүниеге келген. Жастайынан нақты ғылымға ықыласы бар Ақжібек орта мектепті бітірген соң, Мәскеу университетінің Механика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1940 жылы бітіріп шығады. Спецификалық мәні бар мамандарды арнайы мекемелер қол-аяғын жерге тигізбей қызметке тартып жатады. Олардың көпшілігін ерікті және еріксіз түрде Қорғаныс халық комиссариатына шақырады. Сол тәртіппен Ақжібек те әскер қатарына алынады. Алғашында ол Мәскеу маңайында алты айлық курста оқиды. 1941 жылы оған старшина әскери атағы беріліп, үш айдан соң, КСРО Қорғаныс комиссариаты Бас штабының Барлау Бас басқармасына шифровальщик қызметіне қабылданады. Оған қызмет аясында Брюссель қаласында тұратын «Кент» деген белгісіз адамнан түсетін шифрланған мәліметті шешу функциясы тапсырылады. Ол кезде белгісіз адамның көлеңкесінде Уругвай азаматы Винсент Сиерраның жасырын тұрғанын ешкім де білмейтін. Оның үстіне 20 жастағы жас бойжеткенге ол есімнің құпия тағдырын білу де қажет емес-тін. Әйтсе де, Ақжібек «Кенттен» түсіп тұрған барлық шифрограммаларды сөзбе-сөз  шешіп, оны тиісті орындарға жеткізіп тұрады.

Біз КСРО-ның сол тұстағы арнайы мекемелерінің ішінде «Қызыл капеллаға» қатысты кеңес барлаушылары туралы жазылған бірнеше кітаптармен танысып шықтық. Солардың арасында осы кезеңдерде ВЧК-НКВД мекемелерінің барлау және қарсы барлау ұйымдарының негізгі басшысы болған генерал-лейтенант П.Судоплатовтың бестселлерлік мемуарында «Қызыл капелла» туралы ашық және жан-жақты айтылыпты. Бұл ұйымның құпия жұмыс істегені соншалық, соғыс жылдарында ол туралы бірен-саран адам ғана білген көрінеді. Ресейлік арнайы қауіпсіздік мекемелерінің мұрағатында да ол туралы мәлімет мардымсыз болып шықты. Мұрағатта сақталған көптеген құжаттар сол кездің өзінде куәгерлердің өзімен бірге құртылыпты. Сондықтан Ақжібек Мұқашева туралы соңғы ақпараттар оның қамауға алынған 1942 жылмен шектеледі.

Ақжібек Темірғалиқызы – 1942 жылы желтоқсан айында соғыстың қызған кезінде қамауға алынады. Ол РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша (контрреволюциялық қызмет) 25 жылға сотталып, жазасын Оралда өтепті. Оған қойылған негізгі айып – резиденттер Кент және Оттомен тығыз жұмыс істегені. Оны 1945 жылы соңғы рет қауіпсіздік қызметінің ардагері, полковник Иван Винокуров Оралдағы бір түрмеде көріпті. Осы жерден оның бар тағдыры тұйықталады.  

1941 жылғы әскери басшылықтың нұсқауы бойынша әрбір шифровальщикке нақты бір нысан бекітіліп берілетін болған. Қарсы барлаудың тілінде оларды «пианист», «музыкант» деп атаған. Радистер мен шифровальщиктерге шекара сыртындағы әріптестері туралы білу қажет деп саналмаған. Алайда, Ақжібектің олардың Отан үшін маңызды ақпаратты ала білуі мен оны жедел түрде беру жолындағы жанқиярлық ерлік істеріне жанашырлық танытпауына адамгершілік ары жібермейді. Кейін ол тергеу кезінде барлаушылардың жанкешті ерліктерін мақтаныш етуден танбайды. Сұрақ алу кезінде Ақжібек соғыс басталған кезден Кент пен Оттодан 200-дей шифровка алып, оны өзі ғана оқығанын айтады. Алайда, орталық оның бірнешеуінің ғана шешімінің дұрыс болғанына көздерін жеткізеді. Әрине, олардың арасында «Өте құпия», «Жедел шешімді қажет етеді», «Жеке өзіне» деген құпия белгілері бар ақпараттар да болады. Ақжібектің барлаушылардың жіберіп жатқан ақпараттарының шындыққа құрылғанын білсе де, оны дәлелдеуге құқы болмайды.

Өз кәсібіне адал қыз гестапоның неміс аумағында орналасқан кеңестік сегіз радиостансасының алтауы ұсталғаннан кейін, Мәскеуде бірнеше радистер мен шифровальщиктер қатарында ол да қамауға алынады. Оның осыдан кейінгі өмірі беймәлім деуіміз сондықтан. Мен бұл жөнінде ақпараттар іздеп, Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулына  ресми түрде редакция атынан хат та жаздым. Бірақ, біздің хатымызға консулдық жауап бермеді. Демек, ол туралы барлық ақпараттар әлі жабық немесе ол өртелген.

Бізге белгілісі мынау: 1940 жылдары белгілі адамдармен қатар, белгісіздері де бір күнде жоқ болып жатты. Олардың көпшілігі НКВД түрмелерінде, лагерьлерде өлтіріліп, кісі аяғы баспайтын жерлерде төмпешіктерге айналды. Сол сияқты НКВД машинасының илеуіне түскен барлаушылардың да одан аман шықпасы белгілі еді. Олар орасан зор құпияны білетін. Ондай адамдардың белгілі бір уақыттан кейін көзін жойып отыру жазылмаған заңдылық болатын.

Немістердің соғыс ашуға жасырын дайындалып жатқандығы жөніндегі кеңес резидентінің шифрограммасын Барлау басқармасының бастығы Фитин Бас қолбасшы Сталин мен Совнарком төрағасы Молотовқа мәлімдейді. Ертеңіне Сталин Мемлекеттік Қауіпсіздік комиссары Меркулов пен Барлау басқармасының бастығы Фитинді Кремльге шақырып, неміс фашистерінің соғыс ашатындығы жөніндегі мәлімдеменің қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрап, өз пікірін білдіреді. Сұрақ алу форматында өткен әңгімесінің соңында Сталин: «Мүлтіксіз сенуге болатын бір-ақ неміс бар, ол Вильгельм Пик. Барлығын мұқият қайта тексеріңіздер, одан кейін маған қайтадан мәлімдеңіздер», – дейді.

Қауіпсіздік комиссары неміс антифашистерінен құрылған Арвид Харнак (оперативтік лақап аты – Корсиканец) пен Харро Шульце-Бойзен (оперативтік лақап аты – Старшина) басқаратын жасырын ұйымнан түскен ақпараттарды тағы бір тексерістен өткізеді. Мұндай ақпараттар 100-ден асып-жығылады. Бұлардың бәрін тексеру үшін Берлиндегі «Қызыл капелла» барлаушыларына жібереді. Арада көп уақыт өтпей-ақ, 1941 жылы 22 маусымда немістер кеңес шекарасын бұзып өтіп, тұтқиылдан шабуыл жасайды. Сол кездегі «Корсиканецтің» берген құпия хабарларының календарьлары Ресейдің Сыртқы барлау қызметінің мұрағатында сақтауда тұрған көрінеді.

«Қызыл капелла» ұйымында қызмет істеген барлық антифашистік топ мүшелерімен күресу неміс фашистеріне үлкен күш түсіреді. Оны гитлерлік рейхтің саяси барлау жүйесінің басшысы Шелленберг те өз мемуарында айтып өтіпті. Соғыс аяқталғанға дейін нацистер «Қызыл капелламен» күресте түпкілікті жеңіске жете алмаған.

1969 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен неміс фашизмімен күресте Кеңестер Одағына жасаған көмегі үшін бір топ неміс азаматтары (барлығы 32 адам) жоғары наградалармен марапатталды. Олардың барлығы «Старшина» және «Корсиканец» ұйымының мүшелері еді.

«Ештен кеш жақсы» деген. Жеңісті жақындатқандардың ерлік ісін көре білдік.

Сталин өлгеннен кейін, Берия ісіне байланысты қауіпсіздік қызметінің жоғарғы шенді офицерлерінің бәрі жауапқа тартылады. Олардың ішінде Батыс Еуропадағы барлау ұйымдарына басшылық еткен генерал Судоплатов та болады. Батыр атағына ұсынылған генерал кейін осы жүйеде қызмет істегені үшін 15 жылға сотталады, араға біраз ұзақ уақыт салып ақталады. Ал, қазақ қызы Ақжібек Мұқашева туралы күні бүгінге дейін бірде-бір хабар жоқ. Жансыз бейнесі де қалмаған. Кеңестік барлау жүйесі мэтрлерінің суреттерінің өзі өткен ғасырдың 80-жылдары ғана жарық көре бастады. Біз сол жылдарға баға берген кеңестік көзқараспен жазылған бірнеше әскери  мемуарларды сүзіп шықтық. Алайда, Ақжібек Мұқашева туралы еш дерек кездестіре алмадық. Оған жасырын берілген Алена есімінен басқа құпия аты болуы да мүмкін. Қалай десек те, тарихи шешімді сәтте ізі қалған барлаушының із-түссіз қалуы мүмкін емес. Нағашылы-жиенді, қарға тамырлы қазақтың еліміздің Батыс өлкесінде бір жамағайыны табылар деген ойымыз бар. Әзірше қолда бар дерегіміз осы ғана.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ      

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here