2024 жылдың 22 қазанында «Хәкім Абай» Ұлттық тәрбие орталығы мен Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар мектебінің ұйымдастыруымен «Тарихи тұлға Санжар Асфендияровтың қоғамдық-саяси қызметі» тақырыбында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ханкелді Әбжановпен тарихи-танымдық кездесу кеші өтті.
Тағылымы мол, мазмұны терең кездесудің мақсаты – өскелең жас ұрпаққа тарихшы-ғалым, дәрігер, профессор Санжар Асфендияровтың өмірі мен қызметі туралы таныстыру, белгілі ғұламаның Қазақстандағы академиялық ғылымның дамуына қосқан сүбелі үлесі мен ғылыми еңбектерін білім алушыларға кеңінен насихаттау және инттелектуалды әлеуетін арттыруға әсер ету болды.
Іс-шара барысында университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау Санжар Асфендияровтың 1928 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің негізін қалаған және оқу орнының оқу-материалдық базасын қалыптастыруға, оны оқулықпен, оқытушылармен қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосқан, алғашқы студенттерді қабылдаған алғашқы ректор екенін атап өтті.
Ал, кездесу қонағы академик Ханкелді Әбжанов Санжар Асфендияровтың өмірі мен қызметі жайында сыр шертіп, жалған жаламен 1938 жылы ату жазасына кесілген профессордың қоғамдық-саяси өмірі төңірегінде де әңгіме өрбітті. Сондай-ақ Санжар Асфендияровтың білім беру жүйесі мен денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі туралы тың ақпараттармен бөлісіп, тарих саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына тоқталды.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Асфендияров 1958 жылы толығымен ақталды. Белгілі дәрігердің туғанына 135 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға 200-ге жуық студент қатысып, тарихи тұлғаның еңбектерімен етене танысты.