16 қазан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Эстонияның Қазақстандағы Елшісі Яап Орамен кездесу өтті. Кездесуге Басқарма Төрағасы – ректор Гүлмира Қанай мен Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Закир Даниярұлы қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – Эстония университеттерімен қарым-қатынас орнату және қазақ тілін оқыту әдістемесінің дамуына Эстония тәжірибесі негізінде көмектесу.
Іс-шара барысында Эстонияның Қазақстандағы Елшісі Яап Ора Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тыныс-тіршілігімен танысып, университет басшылығымен бірге алға қойған жоспарларды талқылады.
«Мен осы университетке келгеніме өте қуаныштымын. Бізді жылы қарсы алды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Эстония университеттерімен ынтымақтастық орнатуға деген ниеті және нақты жоспарлары бар. Бүгінгі кездесуде осы мәселені талқыладық. Біз әрдайым қолдан келгенше көмектесуге дайынбыз», – деді Эстонияның Қазақстандағы Елшісі Яап Ора.