Жағдайыңыз келсе, құрбандық шалыңыз…

0
1181

Кез келген ұлт өзінің жерін, тілін, дінін ерекше қадір тұтады. Осы үш ұғым айналасына берік шоғырланып, елдің тұтастығын сақтай алған мемлекеттің өткені – өрісті, бүгіні – баянды, ертеңі – келісті болмақ. Бұл – арғы-бергі дәуірлер сабағы айтатын дәлелсіз ақиқат. Қазақ та осы үш кие-қадірін барынша бағалайтын бірден бір халық. Әсіресе, Ата дінімізді абыройлы айдындарға алып шығу жолында қазақ халқы талай теперішті бастан кешірді. Діннің беделі, абыройлы болуы қай кезде де ел ынтымағы мен бірлігінің белгісі емес пе?!

Аллаға шүкір, бүгінде дінімізді берік ұстанатын ұрпақ қаулап өсіп келеді. Мешіт орындарында жастар исламдық тұрғыдан сауаттарын ашып қана қоймайды, сонымен қатар діни мерекелердің мән-жайын, сыр-сипатын, қадір-қасиетін түсініп те жүр.

Діни мереке демекші, 16 маусым – Қасиетті Құрбан айттың бірінші күні.  Дәстүр бойынша құрбан айт мейрамы үш күн тойланады. Осы үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу парыз етілген. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.

Ал Құрбан айттан бір күн бұрынғы күн арапа күні делінеді. Бұл күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», – деген.

Айтқандай, әр жыл сайын осы мейрам қалай басталады, солай мал бағасы шарықтап кететіні көпшілікке белгілі. Құрбан айт мерекесіне байланысты өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осы жайтқа ерекше тоқтала келе: «Біз қашанда өзгелерге қайырымдылық жасап, айналамызға шуағымызды төгіп, үлкендердің алғысы мен батасын алып, өсіп-өнген елміз. Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», – деген. Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айтты атап өтудің негізгі мақсаты – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін берекелі сәттерде халқымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік», – деп кәсіпкерлерге халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, баға бекітуді ұсынды.

Кез келген өңірде құрбандыққа мал шалынатын орындарда санитарлық талаптардың сақталуы үшін малдарды сату мен союға, таратуға арналған арнайы орын бекітілгенін, сол арнайы орындарда мал шалуға рұқсат етілгенін атап өтті.

Құрбан Айтымыз және ізгі ниетпен шалатын құрбандығымыз қабыл болғай!

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here