«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Музей түні» өтті

0
1502

Өткен аптада «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Музей түні» іс-шарасы өтті. Шараның ашылуында сөйлеген сөзінде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Райылқызы Мұхтарова: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, рухани дамуға, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуге және жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берді. Президент құрылтайдағы сөзінде тарихи мұраларымызды сақтап, насихаттауға қатысты өзекті мәселелер көтеріп, нақты тапсырмалар жүктеді. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымы тарихи-мәдени мұраларды сақтау, зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүйелі жалғастыра беретін болады. «Музей түні» – осы бағыттағы тағылымды шараның бірі», – деп атап өтті.

Гүлмира Райылқызы «Есік» музей-қорығы биыл бұл атаулы іс-шараны тоғызыншы рет өткізіп отырғанын тілге тиек етті.

«Осы аралықта біз өз аудиториямызды қалыптастырдық. Біздегі «Музей түні» Қазақстан музейлері дәстүрге айналдырған мамыр айында емес, маусымда ұйымдастырылуда. Бұл арқылы біз музейде өткізілетін осындай форматтағы шаралар белгілі бір мерзімге «байланып» қалмайтынын, бұл музейдің жылына бір рет бір мезетте тарихқа, мәдениет пен музейге қызығатын үлкен аудиторияны жинауға және шақыруға мүмкіндігі бар екендігін көрсеткіміз келді», – деп іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

«Музей түні» алдымен жастар мен мектеп оқушыларына арналған квест ойынымен басталды. Бұл – жастардың тарихтың жұмбақ тұсын табуға жол ашатын тартымды әрі танымдық ойын. Музей аумағында қазақтың ұлттық ойындары – садақ ату мен арқан тартудан жарыстар өтті. Сонымен қатар, Сақ өнерінің мың бояуы, гипстен жасалған түрлі мүсіншелерді бояуға және петроглифтердің көшірмесін жасауға арналған шығармашылық ойындар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, «Бозадыр адамы: антропологиялық реконструкция» көрмесінің, Алматы облысы Музейлер бірлестігі «Көшпенділер өркениеті: қазақ ат әбзелдері» көрмесінің ашылуы болса, «Ұста Дәркембай» қолөнер музейі «Атадан қалған мұра», ҚР Мәдениет қайраткері, суретші, мүсінші және этнодизайнер Құрманғазы Қадыровтың жеке туындыларынан тұратын «Көне сарын» атты көрмелері көрермендер назарына ұсынылып, арнайы шеберлік сабақтар өтті. Ал, Байдаралы отбасы ерте көшпенділердің «Бес қару» жауынгерлік өнерін көпшілікке ұсынды.

Бұл түні қорық-музейге келушілер арнайы тақырыпқа сай деректі фильмдер мен бүлдіршіндерімізге арналған мультфильмдерді және Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер мәдениет үйінің өнерпаздарының концертін, Еңбекшіқазақ аудандық «Әжелер» ансамблінің өнерін, әкелі-балалы бүркітшілер Алдаберген және Медет Шәліповтердің көрмесін тамашалады.

Алматы облысының балалар мен жасөспірімдер спорттық туризм және экскурсия орталығының білім алушыларының шеберлік сабақтары мен жаттығулары да көпшілік қауымның назарына ұсынылды.

«Музей түні» шарасы аясында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының дамуына елеулі үлес қосқан мәдениет саласы мен музей мамандарына арнайы Алғыс хат пен «Алын адам» кәдесыйы табысталды.

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here