Елорданың 12 жоғары оқу орнында бір уақытта Сағадат Нұрмағамбетов туралы дәріс өтті

0
846

Оны Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушылары, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Ұлттық ұланның жоғары оқу орнында оқитын әскери қызметшілер оқыды. Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың жүз жылдығына арналған дәріс сабағы «Сағадат» әнімен басталды.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 3 қаңтардағы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында және 2024 жылғы 15 наурыздағы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұлттық құрылтайының отырысында халқымыздың көрнекті ұлдарының тыныс-тіршілігін зерделеу және есте сақтау жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. 

– Соғыс батырларының мерейтойларына байланысты Мемлекет басшысының айтқан шараларын іске асыру үшін біздің университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен магистранттары «С.Қ. Нұрмағамбетовтың өмір жолы – жауынгерлік дәстүр сабақтастығының тарихы» деген тақырыпта дәріс дайындады. Іс-шараға 2500-дің үстінде адам жиналды. Осындай дәрісті биыл қазан айында Ұлы Отан соғысына қатысушы Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығына орай өткізуді де жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков.

Осындай дәріс бір уақытта Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Қазақ ұлттық өнер университетінде, Қазақ ұлттық хореография академиясында, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде, «Астана» медицина университетінде, Esil University, «Тұран-Астана» университетінде, Еуразия гуманитарлық институтында, Astana IT University,  «Астана» халықаралық университетінде, Қазақ технология және бизнес университетінде, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясында және С. Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжінде  өтті.

«Бұл адамның тағдыры жарқын естеліктерге толы, ел тарихы, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген, миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған және талай тағдырларды өзгерткен сұрапыл кезең бейнеленген», – делінген дәріс материалында. 

Ұйымдастырушылар шара жастардың бойында өмірлік бағдарларды, патриотизмді, азаматтықты, Қазақстанның тарихы мен оның баға жетпес мұрасын қастерлеу сезімін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here