Құмарлықтың құрдымы

0
554

Қай уақытта да жеңіл ақша жақсылыққа бастамаған. Бұлай деп пайымдауымызға себеп жоқ емес. Кейінгі кездері букмекерлік кеңселерді жағалап, түрлі тотализаторларды торуылдап, оңай олжаға кенелуді көздегендердің қарасы артты. Қоғамда құмар ойынға құныққандар мен бәс тігуге дәніккендердің саны еселеп өсуде. Соңғы екі жарым жылда Қазақстанда әрбір бесінші адам азарттың арбауына түскен. Нақтырақ айтқанда, 440 мың отандасымыз казино мен букмекерлік кеңселердің тұрақты «клиентіне» айналған. Қалтасының қамын күйттеп, тез баюды көксегендер бір сәтте тірнектеп жиған дүние-мүлкінен айырылып қана қоймай, қарызға белшесінен батуда. Лудомания дертіне шалдыққандардың арасында отбасыларының ойраны шығып, өмірін қиып жатқандар да көптеп кездеседі.

Азарттың азабы

Ресми деректерге сүйенер болсақ, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болған. Оның әрбір бесіншісі өз өмірін құмар ойынның кесірінен қиған. Ажырасудың 40 пайызынан астамына лудомания тікелей себепкер болған. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың басым бөлігі де осы кеселге шалдыққандар. Сондай-ақ, қылмыс жасайтындардың арасында лудомандардың саны айтарлықтай артқан. Бәске тігетін ақшаны табу үшін ұрлық-қарлық пен зорлық-зомбылыққа барудан тайынбайтындардың саны жүздеп саналады. Былтыр ойынқұмарлар түрлі деңгейдегі 300-ден астам қылмыстар жасаса, оның ішінде адам өлтіру, ұрлық жасау, алаяқтық, тонау сияқты фактілер көптеп кездеседі.

Бүгінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар мен мектеп оқушылары арасында да бұл кесел кеңінен етек алған. Салдарынан жастар мен жасөспірімдер арасында суицид жасаушылар көбейген. Есесіне, 2023 жылы Қазақстандағы букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы 1 трлн теңгеге жеткен. Бейресми ақпараттар бойынша құмар ойындар жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, қыруар пайдаға кенелген.

Лудомания – жас талғамайтын психикалық індет. Мамандар жедел қарқынмен жайылып бара жатқан кеселге осылай деп баға береді. Қазіргі күнде азартты ойындарға құмарлық әлемде кеңінен қанат жайған. Мұндағы қаржы айналымы триллиондармен саналады. Жаһан жұртшылығының 13 пайызға жуығы тұрақты түрде бәс тігетіндердің санатында. Келтірген залалы мен зардабы тұрғысынан лудомания маскүнемдік пен нашақорлықтан кейінгі тажалдың біріне айналды. Сондықтан да, мемлекет тарапынан бұл мәселеге жіті назар аударылып, онымен күресу қарқын алды.

Кеселмен күрес күшейді

Мемлекет басшысы құмар ойынның құрығына ілінген азаматтардың жекелеген санаттары үшін шектеулерді арттыруды тапсырды. Президент Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында қатерге қарсы тұрудың тетіктерін таразылап, онымен күресті күшейту қажеттігін айтты.

«Лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы тиіс. Оған заң жүзінде шектеу қою қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пәрменімен Үкімет лудоманиямен күрес бойынша бірқатар жаңа шаралар қабылдап, тиісті нормаларды әзірледі. Атап айтқанда, оған сәйкес букмекерлік кеңселер, лотереялар мен онлайн казинолар жарнамаларына тыйым салынып, құмар ойындарына қатысуға рұқсат беретін жас деңгейін 25 жасқа дейін көтерілмек. Сонымен қатар, борышкерлердің, алимент төлемегендердің және банктік несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі бар тұлғалардың бірыңғай реестрінде тұрғандардың ойындарға қатысуына тыйым салу да қарастырылып отыр.

Бұдан бөлек, өткен аптада Мәжілісте «Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті. Лудоманиямен күрес туралы заң жобасы аясында 2 кодекс пен 7 заңға 50-ден астам түзету енгізілді.

Депутат Елнұр Бейсенбаев бұл заңды түрлі деңгейлерде қарастырудың ұзаққа созылып кеткенінің өзіндік себебі бар екенін айтады.

«Әдетте, басқа заңдар бойынша қорытындыны 1-2 ай күтетін болсақ, ал бұл заңға келгенде тым созылып кетті. Екі шақырылымдағы депутаттық тәжірибемде осыншама ұзақ уақыт бойы Үкімет қорытындысын алуды бірінші рет көрдім. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер бар деген сөз. Яғни, үлкен қаражат айналып жатыр», – деп пайымдайды халық қалаулысы.

Қоғамда үлкен резонанс туғызған заң жобасында бірқатар мәселелер қамтылған. Мәселен, борышкерлер тізілімінде бар жеке тұлғалардың ойынға қатысуына тыйым салу, онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жазалар белгілеу, құмар ойындарға кәмелет жасқа толмаған және құмар ойындарға қатысуы шектелген адамдарды тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Сондай-ақ букмекерлік кеңселер мен лотереяларға арналған жарнаманы орналастыру мен таратуға қойылатын талаптар күшейтіліп, лотерея терминалдарын елге әкелуге және тұрғын үйлерге, дүкендерге, медициналық және білім беру ұйымдарына орнатуға тыйым салынбақ.

Заңға сәйкес құмар ойындарға қатысу жасы 25 жасқа дейін ұлғайту көзделген. Алдағы уақытта ойын бизнесін ұйымдастырушыларға енді өздерінің ақпараттық және қаржылық жүйелерін мемлекеттік кірістер органдарының аппараттық жүйелерімен біріктіруге міндеттелуі мүмкін. Бұл букмекерлік кеңселер мен казинолардағы барлық қаржылық операциялар  мемлекетке көрініп отырады деген сөз.

Бұдан бөлек, лудоманиямен күресте құмар ойынға тәуелді адамдарды оңалту, арнайы емдеу мекемелерін лицензиялау және қаржыландыру тетіктерін қарастыру, азарттың арбауына түскендерге несие беруге тыйым салу, қоғамда ойынқұмарлық қаупін түсіндіруге арналған ақпараттық һәм ағарту жұмыстарын күшейтуге де маңыз берілмек. Былайша айтқанда, мәселенің салдары емес, себебі терең зерделенетін болады.

Лудоманияға тосқауыл: әлемдік тәжірибе

Бейресми деректер бойынша, жаһан жұртшылығының 3 пайызға жуығы ойынқұмарлыққа шалдыққан. Германияның Любек университетінің ғалымдары 15 мың лудоманның арасында зерттеу жүргізіп, азарттық ойындарға құныққандардың бет-бейнесін айқындап, зерттеуге сәйкес, кеселге ұшырағандардың 90 пайызы ер азаматтар екендігі белгілі болған. Оның 85 пайызы 30 жасқа толмаған мектеп пен жоғары оқу орындарының білім алушылары болса, құмарпаздардың 80 пайызы темекіге тәуелді, 5 пайызы ішімдікке салынған. Сондай-ақ, олардың 20 пайызының тұрақты жұмысы жоқ және жартысынан астамы депрессияға ұшырағандар.

Әлемнің бірқатар мемлекетінде лудоманиямен күрес қарқынды түрде жүргізіледі. Бұл тараптағы кейбір елдердің заңы – қатал, тәртібі – берік. Мәселен, Израильде ойын терминалының немесе букмекерлік кеңсесінің жанында тұрғаныңыздың өзі сізді тұтқындауға себеп болуы мүмкін. Алайда, бұл елде онлайн режимде ойнауға шектеу қойылмаған.

Ал АҚШ-та азартты ойындарға заңмен тыйым салынған. Десе де, алып мемлекеттің Луизиана, Индиана, Невада, Орегон, Оңтүстік Дакота, Вашингтон, Висконсин және Иллинойс штаттарынан өзге өңірлерде онлайн-казино қызметіне рұқсат берілген. Шектеу салынғанына қарамастан әлемдегі интернет-казино клиенттерінің басым бөлігін Құрама Штаттар азаматтары құрайды.

Жапонияда казино қызметіне қатаң тосқауыл қойған. Десе де, күншығыс елінің тұрғындары арасында лотерея, маджонг және түрлі спорттық жарыстарға бәс тігу кеңінен етек алған. Жапон билігі туристерді тарту мақсатында азарттық ойындарды заңдастыруды көздеп отыр.

Норвегияда кез келген ойын клубтары мен казинолар қызметіне толыққанды шектеу қойылған. Алайда, бұл мемлекетте де Еуропалық өзге елдердегідей онлайн-казиноларға ешқандай тыйым салынбаған.

Тобықтай түйін

Қазақстандағы бір ойынқұмардың орташа қарызы 10 млн теңгені құрайды. Бұл – бізге белгілісі. Ал беймәлімі қаншама?!. Мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келтіріп, азаматтарды абырой-беделінен жұрдай ететін лудоманиямен күрес ешқашан тоқтамақ емес. Ең бастысы – адал еңбекпен тапқан дүниенің ғана берекесі болатынын жадымыздан шығармағанымыз абзал. Арзанның әрқашан сорпасы татымаған. Әлімсақтан солай.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here