Университет – тек білім алатын орын ғана емес, тұлға болып қалыптасатын, үлкен өмірге алғашқы қадам жасалатын ерекше кезең. Мен үшін бұл жол University of International Business (UIB) қабырғасында басталды. Бүгінде осы оқу орнын сәтті аяқтап, қолыма диплом алар сәтке таяп тұрмын. Бұл – менің өмірімдегі ең маңызды, толғанысты әрі қуанышты шақтардың бірі.
UIB университеті маған тек кәсіби білім ғана емес, үлкен өмір мектебін берді. Мұндағы әрбір сабақ, әрбір жоба, тәжірибе мен білім жолындағы ізденіс мені жаңа белестерге жетеледі. Бұл жерден мен тек өз мамандығымды меңгеріп қана қоймай, уақытты тиімді басқаруды, жауапкершілікті, топпен жұмыс істеуді және өмірлік маңызы бар дағдыларды үйрендім.
Студенттік жылдар – ұйқысыз түндер, сабаққа асығу, достармен өткізген естен кетпес сәттер, сәтсіздіктен кейінгі табыс, барлығы да ерекше естелікке айналды. Бұл жылдар мені шыңдады, өмірге деген көзқарасымды қалыптастырды. Алда үлкен өмір жолы күтіп тұр. Енді осы UIB қабырғасынан алған білім мен тәжірибені ел дамуына, өз кәсібіме арнап, пайдалы адам болуға ұмтыламын. Бұл – менің жаңа өмірге бастаған алғашқы, сенімді қадамым.
UIB – менің жүрегімде әрқашан ерекше орын алатын алтын ұям болып қала береді.
Жандос ЕРКІН