Антониу Гутерриш үшінші рет Қазақстанға неге келеді?

0
1211
Фото: Ақорда

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Орталық Азия елдеріне сапары аясында 3 тамызда Қазақстанға сапарының егжей-тегжейі белгілі болды. Алматыға сапары барысында Бас хатшы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, сондай-ақ Үкімет өкілдері мен БҰҰ қызметкерлерінің қатысуымен өтетін бірқатар іс-шараға қатысады. Бұл туралы БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі хабарлады.

Президенттің шақыруымен БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанға келеді

Сапардың басты оқиғасы БҰҰ мен Қазақстан Үкіметі арасындағы БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталығын (ОДО) құру туралы келісімге қол қою болмақ. Құжатқа қол қоятын тараптар – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі Бас хатшысының орынбасары Ли Цзюньхуа болмақ.

Аталған орталық 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласындағы күн тәртібін өңірлік деңгейде ілгерілету үшін маңызды алаңға айналады.

– Бұл БҰҰ Бас хатшысының Қазақстанға үшінші сапары, ол БҰҰ мен Қазақстан Республикасы арасындағы серпінді ынтымақтастықты, сондай-ақ елдің аймақтағы көпжақтылық пен тұрақты дамуды ілгерілетудегі көшбасшы ретінде өсіп келе жатқан рөлін танытып отыр. Бас хатшы өз сөзінде халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың, жаһандық сын-қатерлерге, соның ішінде климаттың өзгеруіне, цифрлық трансформацияға қарсы тұру және бейбітшілікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтеді деп күтіліп отыр,  – деп атап өтті БҰҰ өкілдігі.

Есбол ТӨРЕҚҰЛ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, халықтар арасындағы достық қатынастарды дамытуға, халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізуге және мемлекеттердің іс-әрекеттерін үйлестіру орталығы болуға бағытталған үкіметаралық ұйым. Бас кеңсесі – АҚШ-та (Нью-Йорк) орналасқан. Декларациясы Сан-Францискода 1945 жылы 24 қазанда қабылданды. Сол күн БҰҰ күні деп жарияланды. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның құрамына 193 мемлекет кіреді.

БҰҰ Қазақстанды инклюзивті экономикалық өсу мен тұрақты экологиялық шешімдерден бастап адам құқықтары, гендерлік теңдік, денсаулық сақтау және білім беру сияқты кең ауқымды салаларда қолдайды. 2024 жылы серіктестермен бірлесіп Қазақстанға көрсетілген қолдау көлемі 37 млн АҚШ доллары болды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here