Бүгін, 5 наурызда мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның туғанына 158 жыл. Қазақтың жоғын жоқтаған Әлихан Бөкейхан бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысында туған. Әлихан Бөкейхан мен оның сенімді серіктерінің бастамасымен «Қазақ» газеті жарыққа шықты, «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскері жасақталды. Әлихан Бөкейхан – миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. ХХ ғасырдың басынан бастап Алашорда үкіметі тарағанға дейін ол ұлт мүддесі жолындағы күрестің бел ортасында жүрді.
Киізтуырлықты қазақ баласы үшін мәңгілік Ұлт көсемі, Ұлт мақтанышы, Ұлт көшбасшысы, тіпті Елбасы да осы – Әлихан Бөкейхан. Енді мәңгілікке дейін осылай болып қала береді. Уақыт өткен сайын өскелең буын Нұрсұлтан Назарбаевты емес, Әлихан Бөкейханды идеал, кумир тұтатын болады. Әлиханның тұлғасын көлеңкелеп, бетін жапқан сайын оның аты да, даңқы да ұзай береді…
Әлихан Бөкейхан – қазақ үшін, қазақ мүддесі үшін ең соңғы демі қалғанша күрескен нағыз көсем. Ол – хан ұрпағы, ақсүйек болса да, дүние-мүлік, байлық жинап, құлқынның құлы болмады. Алдамшы боқ дүниеге емес, ұлттық құндылыққа қызыққан, қара нан мен қара суды талғажау еткен, әр күніне «шүкіршілік!» айтқан ҚАНАҒАТШЫЛ азамат болатын.
Ол – Алаш Орда Ұлттық үкіметін құрғанда билікке өзінің туған інісін де, тіпті ақылды, озық ойлы ұлы мен қызын да араластырмаған тұлға!
Ол – ешқашан халықтың қазынасына қол сұғып, елінің жер асты, жер үсті байлығын тонамаған, келешек ұрпаққа тиесілі мирасты жымқырмаған ары да, қолы да таза КӨСЕМ болатын.
Совет үкіметі орнаған жылдары Отанын тастап, шет елге эмиграцияға кетуіне болатын еді, оған мүмкіндігі де болған. Бірақ әкеміз алдында қандай азап пен тауқымет күтіп тұрғанын біле тұра, қатерге басын тігіп, саналы ұлт жолын таңдап, 17 жыл (1920-1937) большевизммен бетпе-бет келіп, ұлт мүддесі үшін күресіп өтті. Ел басына қиындық туған сәтте кейбіреулер сияқты артынып-тартынып, шет елге тайып тұрмады! Міне, елі мен жұртын егіле, езіле сүйген айдарлы ұл, қайырлы перзент осындай болса керек-ті.
Ол – билік құрып, ұлт-азаттық қозғалысын басқарған жылдары өзіне зәулім үй, кең сарай салдырмады. «Тірі» жүрген кезінде ЕСКЕРТКІШ те соқтырмады. Университет, мектеп атын да алмады. Халқына «мен мынаны істедім» деп бұлданбады. Сұлтанмахмұт ақын айтқандай, «Жарқылдаған түймеге алданбаған» жан болатын парасатты.
Ақиқаты сол – ол – Нұрсұлтан Назарбаев емес, ол – «Хан баласында ҚАЗАҚТЫҢ ҺАҚЫСЫ БАР, тірі болсам ҚАЗАҚҚА ҚЫЗМЕТ ҚЫЛМАЙ ҚОЙМАЙМЫН!» деп өзіне серт берген, бабалар аманатын жан-тәнімен сезінген АЛАШ ШАҺБАЗЫ, ұлт сардары – ғази ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН!
Елдос ТОҚТАРБАЙ, алаштанушы