Тарихтың ақтаңдақ беттері

0
731

Егемендік алдымен өткенге үңіліп, тарихымызды таразылап алуға жол ашты. Ұзақ жылдар бойы шаң басып жатқан мұрағаттарды ақтаруға мүмкіндік туды. Тарихи шындықты қалпына келтіруде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы сөзімізге Президенттің тапсырмасымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия дәлел бола алады. Осылайша, Ахмет Байтұрсынұлының «Асықпаңдар, артымызда қазы бар!» деген сөзі ақиқатқа айналды.

ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЗЕРТТЕУ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙДІ

2020 жылы кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділдікті толық қалпына келтіру мақсатында құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия осы күнге дейін бұл бағытта біраз шаруаның басын қайырды.

Мемлекеттік комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы ел тарихын зерделеудің, зұлмат оқиғалар хроникасын толық қалпына келтірудің және тоталитаризм жағдайында зардап шеккен қазақстандықтар туралы зерттеудің жаңа кезеңін бастады. Бүгінде Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарында 316 адам еңбек етеді. Соның ішінде 261 тарихшы жабық мұрағаттарда зерттеу жүргізуге мүмкіндік алды. Қазір олар қанды қасап жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың санын толықтырып, ақталмаған тұлғаларды ақтап жатыр.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, бұл іске Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресурстары да бағытталған. Осыған дейін Бас прокуратура 2,4 млн-нан астам материалды, ҰҚК 1,5 мыңнан астам архив ісін, ІІМ 5,3 мыңнан астам құжатты тексерген. Нәтижесінде, прокуратура органдары жаңа деректерді анықтаған және прокурорлық қадағалау тәртібімен 250 мыңнан астам азамат ақталған.

ПРЕЗИДЕНТ ТАРИХИ ҚҰЖАТТАРҒА ТОЛЫ КІТАПТАРМЕН ТАНЫСТЫ

Күні кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы туралы есебін тыңдады.

Мемлекеттік комиссияның қызметі ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағытталған. Белгілі ғалымдар мен сарапшылардан құрылған комиссия мүшелері еліміздің архивтерінде, жабық қорларда ауқымды зерттеулер жүргізді.

Құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, ведомстволық архивтерді құпиясыздандыруға және қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысына әртүрлі қуғын-сүргін санаттары бойынша құжаттар мен материалдар негізінде құрастырылған 31 том кітап таныстырылды.

Биыл да мемлекеттік комиссия қуғын-сүргін құрбандарының тарихын зерттеу, архив құжаттарын цифрландыру және электронды қорларды қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әрине, бұл жүргізіліп жатқан жұмыстың бір бөлігі ғана. Ал, мемлекеттік комиссия жұмысының аралық нәтижелері қоғамға біртіндеп жеткізіледі. Бұл жұмыс Президент пен үкіметтің бақылауында болады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here