Татарстан мемлекеттік кеңесінің вице-спикері Юрий Камалтынов пен мемлекеттік құрылыс және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі парламенттік комитет төрағасы Альберт Хабибуллин «Татарстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заңның преамбуласынан «республиканың егемендігі» туралы сөзді алып тастап, орнына «республиканың мемлекеттігі» деп жазуды ұсынған. Енді түзетулер қабылданғаннан кейін Татарстанның мемлекеттік рәміздері «Татарстан Республикасының мемлекеттігін, Татарстан халқының дәстүрі мен ерекшеліктерін» білдіретін болады.
Заң жобасына жазылған түсініктемеде бұл «Татарстан Республикасы конституциясының 2023 жылы 26 қаңтардағы редакциясы ережелерімен сәйкестендіру үшін» жасалғаны баяндалған. Осылайша, Мемлекеттік кеңес депутаттарының түзетулері республиканы дербестігінің соңғы атрибуттарынан айырды. Негізгі заңның жаңа редакциясы бойынша, Татарстанда президент те, егемендік те болмайды.