Алматы қаласында 2030 жылға дейін 45 шақырым болатын ЛРТ желісі салынады. Бұл туралы қалалық мәслихаттың отырысында белгілі болды.
«Алматыда жоғары жылдамдықты қоғамдық көлік желілерінің санын көбейту арқылы қаланың барлық аудандарының байланысын айтарлықтай арттырып, жолаушылар үшін жылдам әрі ыңғайлы қатынасты қамтамасыз етуге болады», – деді қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.
2030 жылға дейін қалада:
- Төле би көшесінің бойымен 45 шақырым ЛРТ желісі;
- «Қалқаман» станциясынан «Барлық» станциясына дейінгі ұзындығы 5,2 шақырым метро желілері;
- Қаланың Барлық, Алматы-2, Шығыс қақпа, Солтүстік бөліктерін байланыстыратын 4 көлік торабы салынады.
2040 жылға дейін:
- 76 шақырым ЛРТ желілері;
- 57 шақырым БРТ;
- «Алматы-1» және «Алматы-2» метросының 7,8 шақырымы салынады.
Еске салайық, 2022 жылдың 13 қазанында қала әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуінде қалада ЛРТ құрылысының жобасы жасалып жатқанын айтқан еді.