Былтыр күзде Ұлыбританияның 78-ші премьер-министрі Лиз Трасс отставкаға кетіп, мойнына алған міндеттерді орындай алмайтынын мойындады. Ол премьер қызметінде 44 күн ғана отырды. Осылайша, 47 жастағы британ саясаткері Ұлыбритания тарихында премьер-министр қызметінде ең аз отырған саясаткер ретінде қалды. Күні кеше Ұлыбритания үкіметі бұрынғы премьердің Біріккен патшалыққа 12 мың фунт стерлинг (6,7 млн теңге) төлеуге міндетті екенін хабарлады.
127 жылдан бері күнделікті жарық көретін «Daily Mail» британ газеті мәселенің мәнісіне тоқталды. Лиз Трасс 68 млн халқы бар елдің тізгінін ұстамай тұрып сыртқы істер министрлігін басқарды. Сол кезде ол Ұлыбритания үкіметіне тиесілі Чевенинг-Хаус сарайын ресми және бейресми қонақтарды күту үшін қолданды. Үкімет сарайда бұрынғы министрдің жеке қонақтарына көрсетілген қызмет және сарайдан жоғалған тәпішке, монша халаттары ақысын төлеуді сұрап отыр.
Сарайды жұмыс бойынша ғана қолданғанын айтқан Лиз Трасс үкіметке тек отбасымен бірге тұру үшін төлемнің бір бөлігін төлейтінін, 120 фунт стерлингке (67,8 мың теңге) сарайға монша халаттарын сатып алатынын айтты.
Міне, демократия нышаны! «Судың да сұрауы бар» дегендей, демократия үстемдік құрған елде осылай болады. Бірақ, бюджет қаржысы мен мүлкін өзінікіндей көретін біздің атқамінерлер мұны түсіне қоймас.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ