ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Ғалиасқар Сарыбаев, Алишер Сатвалдиев және Амангелді Толамисов Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде болды. Сенаторлар саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған ескерткіш қабырғаға гүл шоғын қойып, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сенатор Нұртөре Жүсіп кешенге келушілермен әңгіме барысында 31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі, миллиондаған адамдардың өмірін қиған жаппай саяси қуғын-сүргін мен жан түршігерлік ашаршылықты еске алу күні екенін атап өтті. Мыңдаған құрбандарды еске алу үшін елімізде көптеген шаралар өтуде, мұражайларда көрмелер ашылды, мемориалдарға гүл қойылды, жаңа деректер жарияланды.
«Елімізде өткен ғасырдың 30-шы жылдарында болған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтан зардап шеккен миллиондаған қазақстандықтардың есте сақтау мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміз тарихының осы кезеңін зерделеу және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Президенттің тапсырмасы бойынша Сенатта бірнеше жыл бұрын ақпарат жинау және ашаршылық кезеңінің деректі хроникасының жинағын шығару жұмыстары басталған болатын. Қоғам мен өскелең ұрпақтың бейбіт өмір сүрудің құндылығын түсіну және мұндай оқиғалардың қайталануына ешқашан жол бермеуі үшін осының бәрі аса маңызды», – деді Нұртөре Жүсіп.